Фактчек | Қазақстан жалақы рейтиңінде 80-орында

Жақында әлеуметтік желідеҚазақстан халқының салықтан кейінгі таза табысы бойынша 106 елдің арасынан 80-орында тұрақтады” деген хабарлама тарады. Желідегі жазбада Ranking.kz сайтына сілтеме қойылған. Factcheck.kz оқырмандардың сұрауы бойынша ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Қазақстан салықтан кейінгі «таза» жалақы бойынша елдер рейтиңінде 106 елдің ішінде 80-орынға ие болды.

Желіде тараған хабарлама

Үкім: Манипуляция

Ranking.kz-те жарияланған материалдың түпнұсқасы Numbeo-да жарияланған. Ақпаратты тексеру үшін сол жердегі деректері қарастырамыз.

Біріншіден, Numbeo рейтиңінде барлық ел қамтылмаған, тек 140 мемлекет бойынша ғана деректер белгілі. Екіншіден, Numbeo жалақыға қатысты рейтиңді белгілі бір методологияға сүйеніп жасамаған. Кез келген қолданушы сайтқа кіріп, сауалнама толтырып, өз елі туралы ақпарат жаза алады. Сондықтан да үкім – манипуляция.

Сонымен қатар, кейінгі 12 айда Қазақстанға қатысты ақпаратты өзгертуге 253 адам 3052 рет ұсыныс білдірген. Бірақ қанша рет өзгертілгені айтылмаған. Алайда біздің елге қатысты деректер ең соңғы рет мамыр айында өзгертілген. Factcheck.kz редакциясы бұған дейін де Numbeo рейтиңін сенімді дереккөз еместігін бірнеше рет жазған.

Контекст

  • БҰҰ-ға қарасты Халықаралық еңбек ұйымының жалақы бойынша рейтиңінде Қазақстан 133 елдің ішінде 92-орынға тұрақтаған. Ақпарат соңғы рет 2021 жылы жаңартылған. Бұл рейтиң ең төменгі жалақы бойынша құрастырылады.
  • Қазақстанның Статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың бірінші тоқсанында елдегі орташа жалақы 285 433 теңге, халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы — 143 921 теңге.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz