Манипуляция | Алматы студенттерге арналған ең үздік 100 қаланың бірі

12 қарашада Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев оңтүстік астананың студенттер үшін үздік 100 қаланың қатарына енгенін жазды. Бұған қоса, медиа әкім сөзіне сілтеп, “Алматы студенттер үшін үздік 100 қаланың қатарына енді” деген тақырыппен жаңалық жариялады. Factcheck.kz бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін анықтады.

Studee британдық консалтинг компаниясының дерегінше, Алматы студенттерге арналған әлемдегі ең үздік 100 қаланың бірі. Өмір сүру, тұрғын үйді жалға алу құны, интернет жылдамдығы, халықаралық рейтингке енетін жоғары оқу орындар саны сынды критерийлер бойынша Алматы 76-шы орында.

Бақытжан Сағынтаев.

Үкім: Манипуляция

Неге манипуляция? Расымен Studee.com студенттерге арналған үздік қалалар туралы рейтиң дайындаған. 100 қаланың арасында Алматы туралы да жазылған — 76 орын. Алайда бұл рейтиңті дайындаған кезде Studee компаниясы әлемдегі әрбір қаланың нақты тізімі емес екенін және оны тек өзіңіздің зерттеуіңіз үшін нұсқаулық ретінде пайдалану керектігін ескерткен. Енді Studee методикасын зерттеп көрсек, көп сұрақ туындайды. Себебі адам өміріне аз әсер ететін сала бойынша деректер келтірілген. Сонымен қатар, әдіснамада қисынсыз жайттар да бар.

Studee.com методологиясында қандай проблемалар бар?

Мәселен, Studee.com компаниясы үйді жалға алу бағасы жайлы деректі Numbeo сайтынан алған. Алайда Numbeo рейтиңі қазіргі уақытта релевантты емес. Себебі мұндағы ақпараттар сайттағы сауалнама нәтижесі бойынша, яғни, пайдаланушы деректеріне негізделген. Демек кез-келген қолданушы сауалнаманы толтырып, деректерге әсер ете алады. Әр елдегі қолданушы саны әртүрлі екенін ескерсек, деректердің сенімділігіне күмән туындайды.

Рейтиң авторлары индексті есептеу үшін басқа бағаларға назар аударған. Бұл методикаға да сұрақтар бар.

Басқа қандай критериялар бар?

  • MacBook бағасы (неліктен MacBook алынғалы белгісіз. Себебі табысы орташа немесе төмен мемлекеттерде қолданушылар басқа өндірушілердің ноутбугын пайдаланады.)
  • Өмір сүру құны. (деректері әлсіз Numbeo мәліметіне негізделген)
  • Азық-түлік жеткізетін Deliveroo, Ubereats және Doordash компаниясының болуы немесе болмауы (кейбір қалаларда бұлар жоқ екені ескерілмеген).
  • Қаладағы ресторан саны (бұл параметр студенттік өмірге қалай әсер ететіні жазылмаған және зерттеу әдісінде TripAdvisor дерегіне негізделгені жазылған)
  • Қаладағы бір бөлмелі пәтердің жалға алу құны (жоғарыда айтқандай ескірген деректерге негізделген).

Article19 дерегіне сүйеніп жасалған сөз бостандығы рейтиңі және GF әзірлеген қауіпсіздік рейтиңі сұрақ тудырмайтын жалғыз параметрлер.

Studee компаниясы 100 қаланың қысқаша тізімін жасау үшін QS World University Rankings рейтиңін негізге алып, зерттеу жасағанын да жазған. Тізімде барлық категория бойынша деректер қолжетімді қалалар ғана бар. Бір қызығы рейтиңде Алматыда QS тізіміне енген 8 университет бар екені жазылған. Ал QS сайтында тек 5 университет көрсетілген.

Біз QS World University Rankings сайтында 2022 жылға арналған рейтиңді қарадық. Мұнда Алматы студенттер үшін үздік қалалардың арасында 105-орында. QS методологиясы бойынша, тізімге ену үшін қалада 250 мыңнан астам тұрғын және QS рейтиңіне енген кемінде 2 университет болуы шарт. Бұған қоса 164 қала тізімге кіруге үміткер екені жазылған. Рейтиң 115 қала арасынан жасалған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz