Фактчек | Балалар үйіндегі бала саны азайды ма?

Өткен аптаның аяғында қазақстандық бірқатар медиада балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бала санының азайғаны туралы бірнеше материал шықты. Бұған себеп — “балалар үйіндегі 22 мың баланың 80%-ін асырап алған” деген ақпарат. Ал 3 жыл ішінде елдегі жетім балаларға арналған ұйым саны 14-ке кеміді-мыс.

Оқырмандардың сұрауы бойынша Factcheck.kz ақпаратты тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалар саны азайып келеді, 22 мың баланың 80%-ін асырап алған.

Медиадағы ақпар

Үкім: Манипуляция

Журналистер балалар үйіндегі балалар туралы дерекпен Қазақстандағы ата-анасының қамқорынсыз қалған және жетім балалар туралы деректерді шатастырып алған. Қазақстанда 2021 жылы барлығы 22 692 бала ата-анасының қамқорынсыз қалған және жетім ретінде тіркелсе, олардың 16 402-і немесе 72,2%-нің қамқоршысы бар.

Ал “балалар үйіндегі” бала санына келсек – 710 бала. Бірақ бұл мүлде бөлек дерек.

Сондай-ақ, медиадағы “80%” бір жылдың емес, бірнеше жыл бойы жүріп жатқан процесс. 2011-2021 жылдардағы көрсеткіш төменде:

Мәлімдеме: 3 жыл ішінде елдегі жетім балаларға арналған ұйым саны 14-ке азайған.

Медиадағы ақпар

Үкім: Шындыққа жақын

Bala.stat.gov сайтының дерегіне сай, кейінгі 3 жылда (2019-2021) ата-анасының қамқорынсыз қалған және жетім балаларға арналған жалпы ұйым саны 107-ден 89-ға дейін қысқарған, яғни 14 емес, 18 ұйым жабылды.

Контекст

  • Жетім бала (балалар) – ата-анасының екеуі де немесе жалғыз анасы не әкесі қайтыс болған бала (балалар);
  • Ата-аналарының (ата-анасының) қамқорынсыз қалған бала (балалар) – ата-ана құқықтарының шектелуiне немесе олардан айырылуына, хабарсыз кеткен деп танылуына, қайтыс болған деп жариялануына, әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектелген деп танылуына, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуiне, бала тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтаруына, оның ішінде баланы тәрбиелеу немесе медициналық ұйымнан алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-ана қамқоршылығы болмаған және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өз құқықтары мен мүдделерінің қажетті қорғалуын қамтамасыз етуге мұқтаж болған өзге де жағдайларда жалғыз ата-анасының немесе екеуінің де қамқорлығынан айырылған бала (балалар);
  • Балаларға арналған ұйымдар – балалардың тұруы мен оларды ұстау үшін жағдай жасайтын балалар үйі, әлеуметтік-педагогикалық мекемелер, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттар, көмекші мектеп-интернаттар, арнайы жалпы білім беретін мектеп-интернаттар, арнайы емдеу-тәрбиелеу мекемелері және басқа мекемелер.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz