Міндетті екпеге қарсы петициядағы жалған ақпарат пен манипуляция

28 сәуірде CitizenGO платформасында Қазақстан азаматтарының профилактикалық екпе алу құқығын өзгеріссіз қалдыруға қатысты петицияға қол жинау науқаны басталды. Себебі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің жаңа редакциясы бойынша енді әр азаматқа екпе салу міндеттеледі.

Петиция әлеуметтік желіде қоғамдық резонанс тудырды (127 мың қол жиналды). Оған себеп – петицияда құқықтық дәлелдерден басқа, жалпы вакцинацияның тиімділігіне қатысты бірқатар дәлелсіз әрі нақты емес тұжырымдар бар. Біздің, яғни фактчекпен айналысатын мамандардың, петиция авторлары қозғаған құқықтық уәжге алып-қосарымыз жоқ, оған заңгерлер өз бағасын берер. Себебі БҰҰ-ға кіретін әр мемлекеттің вакцинацияға қатысты өз заңы бар.

Біз осы орайда өзінше нақты фактіге негізделген бірқатар тұжырымдаманың рас/өтірігін тексеріп көрдік.

Нәтижесінде, петициядан кем дегенде 5 манипуляция және 6 жалған тұжырымдама табылды. Осыған қоса петиция конспирологиялық теорияларға, фейктерге және ғылыми емес деректерге сүйенген. Төменде соларды егжей-тегжейлі түсіндіріп, рет ретімен талдаймыз.

Міндетті екпеге қарсы петициядағы жалған ақпарат пен манипуляция

Мәлімдеме: Ешбір вакцинаны толық қауіпсіз деп айтуға болмайды

Үкім: Манипуляция

Адам ағзасына жасалған кез келген медицианалық іс-әрекеттің қандай да бір әсері болады, яғни қауіпсіздік 100% болады деп ешкім айта алмайды. Сондықтан фармацевтикалық препараттың қауіпсіздігін анықтаған кезде арнайы мамандар нақты бір абсолютті шаманы айтпайды. Олар препараттан пайда болатын әсер мен осы препаратқа арналған аурудың симптомдары арасындағы арақатынасты ескереді.

Бұл дегеніңіз, қазір нарықта бар препараттар (біздің жағдайда – вакциналар) ағзаға соншалықты ТЕРІС әрі ауру белгілеріне қарағанда ҚАТТЫ әсер етпейді. Демек, препарат – қауіпсіз.

Мұндай қорытынды клиникалық және клиникалық дейінгі зерттеулер негізінде жасалады. Мысалы клиникаға дейінгі кезеңде зерттеулер жануарларға жүргізіледі. Себебі олар «үлгі» ретінде жақсы келеді және адам ауруының негізгі параметрлерін көрсете алады.

Үш сатылы клиникалық сынақ кезеңінде вакцинаның теріс әсері мен жиілігін анықтау үшін мыңдаған еріктілерді тестілеп көреді. Осының нәтижесінде препарат кімге қалай әсер ететіні туралы ақпарат нұсқаулыққа бірден ескерту ретінде жазылады. Кез келген вакцина теріс әсер етуі мүмкін, алайда олардың көпшілігі айтарлықтай зақым әкелмейді және бірнеше күннен кейін өтіп кетеді.

Міндетті екпеге қарсы петициядағы жалған ақпарат пен манипуляция

Егер сынақ кезеңінде вакцина құрамына қауіпсіздікті арттыру мақсатында қандай да бір өзгеріс енгізілсе, зерттеу процессі толығымен немесе кей жерлері қайтадан қайталанады. Препарат нарыққа шыққаннан кейін оны өндіруші компания оның қауіпсіздігі туралы есеп жасап отыруы қажет. Компания өз есебінде сол ауруды емдеу үшін бұған дейін пайдаланылған дәрілерді салыстырып отыруға және сирек кездесетін теріс реакцияларды тіркеуге міндетті.

Мәлімдеме: Ресей Денсаулық сақтау министрлігі кез келген егілген вакцинадан кейін бала 1 айдың ішінде қайтыс болуы мүмкін екенін мойындап отыр

Үкім: Жалған

2019 жылы Ресей Денсаулық сақтау министрлігі вакцинадан кейін пайда болатын асқынуларды тексеру және алдын алу бойынша әдістемелік ұсыныстар жариялады. Онда тек кәсіби ортаға арналған регламент бар еді. Міне сол құжатпен танысып шыққан БАҚ өкілдері ондағы «Тергелуі тиіс аса ауыр ИКЖК (ВКА) тізімі мен олардың даму мерзімі» атты кестені тауып алады. Онда қайтыс болу оқиғалары мен екпелер арасындағы уақытша байланыс бар деген кішігірім ақпарат болған. Кейін бұл мәлімет ондаған материалға арқау болады. Сондай-ақ, бұл біз жоғарыда көрсеткен петицияның ішінендегі тезистердің арасында жүр.

Шын мәнінде, бұл кестеде вакцинадан кейін пайда болып, міндетті түрде тексерістен өтуі тиіс барлық асқынулар тізімі көрсетілген. Осыған қоса ол құжатта вакцинадан кейін пайда болатын асқынулар (осындай атауына қарамастан) вакцинамен немесе вакцинациялау процесімен байланысы болмауы да мүмкін екені атап көрсетілген.

Дәрігерлердің айтуынша, иммундау процессі кездейсоқ ауру немесе жалпы патологияның өршу уақытымен сәйкес келіп қалуы мүмкін. Бұл өз кезегінде медициналық тұрғыдан теріс жағдайдардың дамуына әкеледі.

БАҚ-қа жарияланып, қоғамда кең талқыға түскен материалдардан кейін Ресей Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты теріске шығарады. Олардың айтуынша, журналисттер медициналық құжатты дұрыс түсінбеген. Ал «Денсаулық сақтау министрлігі өлімге әкелетін екпелер тізімін жасады» деген хабарламалар, тіпті, қате. Министрлік «осы уақытқа дейін вакцинация салдарынан бірде-бір адам қайтыс болмағанын» айрықша атап өтті.

Мәлімдеме: Кениядағы әйелдерді жаппай стерилизациялау сіреспеге қарсы вакцинация аясында жүргізілді

Үкім: Жалған

ДДСҰ сіреспеге қарсы вакцинаның қауіпсіздігі туралы қауесетті алғаш рет 1995 жылы жоққа шығарса, 2014 жылы бұл туралы тағы мәлімдеді. Халықаралық ұйымның айтуынша, сіреспеге қарсы вакцинада ешқандай ХГ гормоны жоқ. Мұндай қорытындыны дүниежүзі бойынша бірнеше зертхана шығарды.

Бұл зомби-фейктің тарихы 1994 жылдан басталды. Ол кезде Үндістан ғалымдары «әйелдерді бедеу қылатын вакцинаны» зерттеген. Ондағы идея – тасымалдаушы ретінде сіреспе анатоксинін пайдаланып, ағзаға ХГ-гормонның суббірлігін жеткізу. Себебі бұл гормон жүктілік басталғаннан кейін пайда болады. Нәтижесінде иммундық жүйе жүктілік кезінде осы гормонды жоюға үйренеді (процессті кері қайтаруға болады). Айтпақшы, ДДСҰ-ның бұл зерттеуге ешқандай қатысы жоқ.

АҚШ-та орналасқан аборттарға қарсы Рим-католик бағытындағы Human Life International ұйымы осы зерттеулерді негізге ала отырып, билікті Мексикада болған сіреспеге қарсы вакцинация бағдарламасын тексеруге шақырды. Өйткені вакцина құрамында әйелдерді бедеу ететін ХГ болуы мүмкін еді. Мұндай жаңалықтан кейін әлемнің басқа елдері (соның ішінде, көптеген Африка мемлекеттері) бұл қиялды өз өміріне араластыра бастайды. Алайда бұл жай ғана фейк еді.

Мәлімдеме: VAERS-ке сәйкес, 2006 жылдан бастап 2019 жылға дейін АҚШ-та АПВ екпесінен кейін <…> 3000 адам мүгедек болып қалды, 480-і қайтыс болып, 300-ден астамында жатыр мойнының дисплазиясы және 400-ден астамында жатыр мойнының обыры пайда болды.

Үкім: Жалған

VAERS деген – АҚШ-тың вакцинациядан кейін пайда болатын теріс әсерлер туралы хабар алмасатын мемлекеттік жүйесі. Осы жүйенің мәліметіне сәйкес, 2006 жылдан бастап 2019 жылға дейін АҚШ-та АПВ екпесінен кейін 1153 мүгедек пайда болып, 232 адам қайтыс болған, сондай-ақ 171 жатыр мойны дисплазиясы мен 56 жатыр мойны обырының жағдайы туралы хабарланған.

Ресми сайттағы дисклеймерді сөзбе-сөз аударып берейік. Сонда барлығы түсінікті болады:

«VAERS есептері вакцинаның қауіпсіздігін бақылау үшін өте маңызды. Алайда олар вакцина салдарынан қандай да бір ауру пайда болды немесе ол біреуге теріс әсер етті дегенді анықтау үшін пайдаланылмайды. Есептерде толық емес, нақты емес, кездейсоқ немесе тексерілмеген ақпарат болуы мүмкін. VAERS-ке есептер, көбіне, еріктілерден келіп түседі, сондықтан мәлімет біржақты болуы да ықтимал. Сол себепті бұл деректерді ғылыми салада пайдалануға шектеу бар»

Мәлімдеме: Сіреспе мен дифтерия ауруына «ұжымдық иммунитет» ұғымы жүрмейді. Екпесі бар (дифтериядан – авт. (ред.) адамның өзі басқаларды жұқтырып жүре береді, себебі өзінен аурудың айқын белгілерін байқамайды.

Үкім: Манипуляция және жалған

Ұжымдық иммунитет инфекция қоздырғышының индивидтен индивидке тікелей таралу арналарын жабу (әлсірету) арқылы аурудың кейбір популяция арасында таралуын тоқтатады.

Сіреспе кезінде ұжымдық иммунитет қалыптаспайды, өйткені инфекция адамнан адамға берілмейді, ауру қоршаған ортадан келеді. Алайда сіреспенің дәл осы ерекшелігі оған қарсы қолданылатын вакцинацияның маңызын арттырады.

Айналаңыздағы барлық адам екпе алған күннің өзінде, бұл сіз аурудан толық қорғалдыңыз дегенді білдірмейді. Осыған қоса бір ауырып шықсаңыз да, сіз де, қасыңыздағы адамдар да ауруды қайта жұқтыруы әбден мүмкін. Вакцина – қазіргі кезде сіреспеден қорғаудың бірден-бір тиімді тәсілі.

Дифтериямен жағдай күрделірек, алайда осы уақытқа дейін ғалымдар келесіні анықтаған: дифтерияға қарсы вакцинация қолданылатын жерде ұжымдық иммунитеттің әсері пайда болады.

Вакцина құрамында дифтерияны тудыратын бактерияның залалсыздандырылған уы (анатоксин) болады. Вакцинациядан кейін ағза бактерияның өзін емес, тек табиғи бактериялық токсинді залалсыздандыра алатын антиденелерді синтездейді. Демек, екпе алған адамдар қасындағыларды дифтериямен жұқтыруды жалғастыра береді деп күтуге болады. Себебі олардың вакцинадан кейінгі иммунитеті бацилланың өзін емес, тек оның уын ғана (ауыр клиникалық ауру тудырады) тоқтатады.

Дегенмен дифтерияға қарсы вакцина жаппай қолданысқа енгізілгеннен кейін инфекцияның таралуы төмендей бастады. Ғалымдар бұл парадоксты былай деп түсіндіреді: дифтерия жұтқыншақта қалып қою үшін оған оның токсині қажет, алайда (бөлінетін токсиннің алғашқы бөлігін бірден тоқтататын) вакцинадан кейін пайда болатын иммунитетке байланысты бактерия белсенді көбейе және тарала алмайды. Осылайша, вакцина екпе алған адамды дифтерияны жұқтырудан емес, басқаларға таратпаудан және ауру симптомдарының дамуынан қорғайды.

Мәлімдеме: Екпе алмаған адамдар да қауіпсіз, олар В гепатитін мектеп оқушылары арасында таратпайды <…> В гепатитін жұқтырудың негізгі жолдары – жыныстық қарым-қатынас пен қан, сондай-ақ медициналық емшара кезінде стерильді емес медициналық құралдарды пайдалану.

Үкім: Манипуляция

Расымен, В гепатиті ағзада, негізінен, қан немесе жыныстық қатынас арқылы пайда болады. Алайда инфекция анадан (құрсақта немесе босану кезінде) балаға да берілуі мүмкін.

Осы орайда айта кететін жайт, ДДСҰ мәліметі бойынша, науқас анадан ауру жұқтырған нәрестелердің 90%-ында созылмалы гепатит дамиды. Ал ауруды ересектер жұқтырған кезде созылмалы түрі тек 2-6%-ында ғана болады. Дәл осы себеп үшін де В гепатитіне қарсы вакцинация екпенің ұлттық күнтізбесінде маңызды күн болып саналады. Өйткені басты мақсат – оқушыларды не ересек адамдарды қорғау емес, нәрестелердің денсаулығын аман сақтау.

«Биомолекула» ғылыми-көпшілік сайт авторларының айтуынша, егер В гепатиті созылмалы түрге көшсе, онда болашақта не боларын болжау қиын. Олардың сөзінше, адамда 5 жыл ішінде 8-20% ықтималдықпен бауыр циррозы дамуы мүмкін. Ол өз кезегінде әр бесінші жағдайда бауырдың мүлдем жұмыс істемей қылуына әкеледі. Осыған қоса жыл сайын цирроз салдарынан 1-5% жағдайда бауыр обыры дамуы мүмкін.

Мәлімдеме: Полиомиелит біздің елде 1996 жылдан бері мүлдем кездескен емес

Үкім: Манипуляция

«Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы полиомиелиттен азат ел. Алайда Қазақстан халқы көп қоныс аударатынын ескерсек, полиовирус елге еніп кетуі және екпе алмаған халықтың арасында тез тарап кетуі мүмкін», –  дейді Денсаулық сақтау министрлігі.

Дүниежүзінде бірінші типтегі жабайы полиовирус адамдар арасында кең тараған екі мемлекет қана қалды. Ол –  Ауғанстан мен Пәкістан. Екеуі де Қазақстанға жақын орналасқан. Сондай-ақ екі елмен тұрақты әуе қатынасы жолға қойылған.

«…жаппай вакцинацияны дүниежүзі ауқымында соңына дейін жеткізу өте маңызды, әйтпесе сырттан әкелінген жағдайлар пайда болады. Себебі ауру тарап кетуі үшін бір адам да жеткілікті болуы мүмкін», – дейді полиомиелит туралы айтқан «Биомолекулалар» авторлары.

Мәлімдеме: Бала кезде (қызылша, қызамық, паротит, көкжөтел – ескерту ред) ауырып шыққаннан кейін өмір бойы иммунитет қалыптасады

Үкім: Манипуляция

Жабайы қызылшамен бір ауырып алған адамда, расымен, бұл аурудан өмір бойына иммунитет пайда болады. Сонымен қатар аурудан кейін 2-3 жыл ішінде адамда иммуносупрессия сақталады.

FactCheck.kz бұған дейін қызылша иммундық жүйенің жасушаларын әлсірететіні туралы жазған болатын. Ол жасушалар ағзаға ертеректе кездескен басқа көптеген аурулармен қалай күресу керек екенін «есте сақтайды».

Қызамық да өмір бойына иммунитет қалыптастырады. Алайда кейбір басқа инфекциялар да клиникалық тұрғыда қызамыққа ұқсас болып келеді, сондықтан «мен қызамықпен ауырдым, енді менде иммунитет бар» деп айтуға болмайды. Бұл туралы мамандар ескертеді.

«Жалпы алғанда, табиғи жолмен пайда болған инфекция ауруға қарсы өмір бойы қорғаныс бола алады, алайда қайта ауырған жағдайлар да тіркелген», – деп жазады ДДСҰ паротитке қатысты.

Көкжөтелге қарсы вакцинация жасатсаңыз да, бір ауырып шықсаңыз да, ауруға немесе реинфекциядан қорғайтын өмір бойғы иммунитет пайда болмайды. Алайда екінші және одан кейінгі рет ауырған кезде ауру әлдеқайда жеңіл өтеді.

Мәлімдеме: БЦЖ туберкулезден қорғамайды

Үкім: Жалған

«Әрдайым БЦЖ індет жұқтырудан қорғамайды және микобактериялар ағзаға бәрібір түседі деп саналатын. Алайда соңғы мәліметтер бойынша, екпе арқылы кішкене болса да қорғануға болады, яғни ол жұқтыру қаупін 20% -ға төмендетеді», – деп жазады Meduza ДДСҰ-ның туберкулезге қарсы жаһандық күрес туралы баяндамасына сілтеме жасай отырып.

БЦЖ вакцинасы туберкулездің ең ауыр түрлеріне қарсы тұра алатынымен ерекше. Мысалы ол туберкулез менингитіне және милиарлық туберкулезге қарсы өте тиімді. Алайда екпе, негізінен, балаларға жақсы әсер етеді: нәрестелер арасындағы тиімділік – 82% болса, мектеп жасына қарай 64%-ға дейін төмендейді. 16 мен 36 жас аралығында вакцинаны тек жұқтыру қаупі жоғары адамдар ғана алады.

Мәлімдеме: Кез келген вакцинацияда <…> адъювант салдарынан улы әсері болады

Үкім: Жалған

Біріншіден, вакциналардың көбінде адъюванттар болмайды. Бұл заттар құрамына жоғары тазаланған антигендер (Б гепатиті, АВП) немесе анатоксиндер (дифтерия, сіреспе) бар вакциналардың ғана иммундық әсерін күшейтеді.

Екіншіден, вакциналарда көбіне адъювант ретінде алюминий гидроксиді немесе фосфаты қолданылады. Алюминий көптен бері қолданылып келеді және жақсы зерттелген. Оның қауіпсіз болуының басты себебі – азғантай табиғи қолжетімділігі (жүйелі қан айналымына жеткен тұрақты дәрінің егілген дозасының шамасы). Осы орайда ғалымдар мен дәрігерлер нақты сандар келтіреді. Вакцинаны 5 кг ғана салмағы бар балаға еккен күннің өзінде алюминий адъюванттың дозасы қауіпсіз диапазонға кіреді және тін жинақталуына әкелмейді.

Журналист-аналитик. Магистр социальных наук

Factcheck.kz