Халық денсаулығы туралы кодекс және міндетті скринингтер

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің жаңа жобасына қатысты қоғамдық талап-тілекті талдауды жалғастырамыз. Біз бұған дейін жыныстық білім беру, биомедициналық зерттеулер және жеке медициналық деректерді сақтау мәселелеріне қатысты сұрақтарды таразыладық. Ендігі кезекте – «тиісті азаматтарға» арналған міндетті скринингтік тексерулер.

 Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қазіргі уақытта скринингтен (тегін және әзірге ерікті негізде) 18 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ бұрын күретамырлы гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома, онкопатология анықталған 30-70 жастағы ерлер мен әйелдер өтуі тиіс. Республика бойынша онкоскринингтердің үш түрі жүргізіледі: сүт бездерінің рагына (40-70 жас аралығындағы әйелдерге), колоректальды ракқа (50-70 жас аралығындағы ерлерге), жатыр мойынының рагына (30-70 жас аралығындағы әйелдерге).

Мәлімдеме: Міндетті скринингтік тексеруден өту еркін және ерікті медициналық қызметке жүгіну принциптеріне қарама-қайшы.

Үкім: Шындық

Медициналық көмек көрсету саласындағы халықаралық нормаларға сай, науқастың басты құқықтарының бірі – физикалық қол сұқпаушылық құқығы.

  • Бүкіләлемдік медициналық ассоциацияның науқастардың құқығы туралы декларациясында: «Науқас өз денсаулығына қатысты тәуелсіз шешім қабылдауға және өз өмірін өзі шешуге құқылы <…> Ақыл-есі толыққан кәмелеттік жасқа толған науқас кез келген диагностикалық процедураларға немесе терапияға келісуге және одан бас тартуға құқылы» делінген.
  • Еуропалық одақтың негізгі құқықтар туралы хартиясы әр адамның физикалық және психикалық қол сұқпаушылыққа құқылы екенін үндей отырып медицина шеңберінде «мүдделі тұлғаның ережелер мен нақты заңдарға сәйкес ерікті және ақпараттық келісімінің» қамтамасыз етілуі міндетті екенін арнайы ескертеді.
  • Республикадағы қолданылып жүрген «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс талқыланып отырған құқық мәселесіне қатысты халықаралық нормаларға қайшы емес: «Медициналық көмек науқастың ауызша немесе жазбаша келісімінен кейін ғана көрсетіледі». Бұл норма жаңа кодекс жобасында да сақталған.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау бойынша халықаралық құжаттар тұрақты профилактикалық тексерудің (скрининг) маңызыдылығына ерекше назар аударады.

Мәселен, Еуропалық әлеуметтік хартияда адам денсаулығын ең жоғары қолжетімді деңгейге жеткізу құқығын қамтамасыз ету мақсатындағы мемлекеттің міндеттері айтылады. Мемлекеттің міндеті – «өз денсаулығы үшін жеке жауапкершілікті көтермелеу және денсаулықты нығайтуға бағытталған консультациялық және ағартушылық негіздегі қызметтерді» ұсыну. Әлеуметтік құқық бойынша Еуропалық комитет хартияның осы пунктіне орай негізгі міндеттердің бірі ретінде тегін скринингті белгіледі.

Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің ресми сайтында скринингтік тесттерді симптомдар болмаған күнде де денсаулықтағы кінәратты анықтай алатынын, белгілі бір аурулар бойынша өлім санын азайтуға және денсаулыққа қауіпті қатерлерді төмендетуге мүмкіндік беретіні айтылған. Одан бөлек ерте диагностика емдеудің әсерін арттыруға және адамдардың өз денсаулығына қатысты әлдеқайда дұрыс шешім қабылдауына мүмкіндік береді.

Алайда ағылшындық медицина қызметкерлері скринингтік тексерулерден өту (оның барлық артықшылықтарына қарамастан) қандай жағдайда да тест тетіктері туралы ақпараттанған адамның жеке таңдауы болып саналатынын айтады.

Скрининг бәріне бірдей қажет пе?

Скрининг – диагностиканың 100 пайыздық әдісі емес, демек, оның нәтижелері жалған оң немесе жалған теріс болуы мүмкін. Бірінші жағдайда, бұл қажетсіз тексерулерге, ал екінші жағдайда болашақта қауіпті симптомдарды елемеуге әкеліп соқтырады. Одан бөлек, скрининг қорытындысы (қандай болса да) мазасыздық пен стресстің дамуына себеп болуы мүмкін, ал кей жағдайда адамдарды қиын шешім қабылдауға мәжбүрлеуі ықтимал. Бұл мәтінде кейбір онкологиялық скринингтер әртүрлі болып көрінеді.

Халық денсаулығы туралы кодекс және міндетті скринингтер
Онколог-дәрігер Катерина Бардовскаяның (Мәскеу) презентациясынан.

Мәселен, 2016 жылы америкалық ғалымдар сүт безі рагының заманауи диагностикасы – маммография арқылы өмірін аман сақтап қалған әрбір әйелге босқа ем алған төрт әйелден келетінін анықтаған: яғни, анықталған ісіктер қауіпті болмаған және онкологтардың араласуын қажет етпеген немесе ешқандай да жаңадан пайда болған ісік болмаған. Төмендегі бейнежазбада рентгенолог Кирилл Петров маммографиялық скринингтің ресейлік ақиқатын айта келе, бір ғана анықталған кеуде рагына жалған диагнозбен қажетсіз жедел ем және химиотерапия алған 15 әйел сәйкес келетінін атап өтеді.

Скринингті этикалық тұрғыдан қарастырғанда, әрбір жағдайда пайда мен зиян теңгерімін ескеріп отыру қажет. «Ешнәрсе мазаламайтын адамға жасалған кез келген ықпал аз болса да зиян», – деп санайды ресейлік онкоэпидемиолог Антон Барчук. Мәселен, соңғы жылдары көптеген елдердің сарапшылары егде жастағы адамдарда ракқа диагностикалық скрининг жасаудың мақсаттылығы туралы ойлана бастады.

70 жаста анықталған ісіктің қауіпті мөлшерге дейін өсу ықтималдығы ол адамның қандай да бір созылмалы дерттен қайтыс болу ықтималдығына қарағанда төмен. Сондықтан мұндай жағдайда қаржылық шығынды және медициналық араласу нәтижесінде туындайтын психологиялық жайсыздықты ескере отырып скрининг жүргізудің қажеті жоқ.  Ақырында, егде жастағы азаматтардың қалған өмірін қалай өткізетінін өзі шешуге құқылы.

Сонымен қатар, FactCheck.kz редакциясы жоғарыда айтылғандардың бәрі әлеуметтік мәні бар ауруларды ерте анықтау құралы саналатын скринингтің беделін түсіруді көздемейді. Біз келтірген деректер скринингтен өту туралы шешімді тест туралы нақты ақпарат алып, қай аурудың болмасын (скрининг тек сіздің жасыңызды ескереді) даму қатерінің жеке факторларын дәрігермен анықтап алып және өзінің психологиялық дайындығы мен сабырлығын есепке алып әр адам өзі қабылдауға құқылы екенін көрсетеді. Одан бөлек скрининг қорытындысын алғаннан кейін «екінші пікірді» елеусіз қалдырмауға және қажет болған жағдайда нақтылаушы диагностика мүмкіндігін пайдалануға кеңес береміз.

Журналист-аналитик. Магистр социальных наук

Factcheck.kz