Пікір | Путин авторитаризмінің тағдыры

Ресейлік тәуелсіз журналист Денис Ермаков қазіргі Ресей авторитаризмінің қандай екенін және оның неліктен жойылғалы тұрғанын айтады. 

«Авторитаризм» сөзін қолданудың саяси өмірдегі құбылыстарды тым жалпылама қабылдауға итермелеу қаупі бар. Саяси еркіндіктің болмауы секілді ең маңызды мәселені ескерсек, «авторитаризм» ұғымының жан-жақты сипат алатыны жиі айтылады. 

Десе же, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Куба, Қазақстан, Беларусь секілді елдерді бір саяси санатқа жатқызу және «бәрінде шамамен бір нәрсе болып жатыр» деудің өзі бір қарағанда орынсыз көрінеді. Мұның бәрі өзінің тарихи ерекшеліктері, әлемдегі орны, проблемалары мен болашағы бар әртүрлі саяси-экономикалық жүйе. 

Лев Толстойдың сөзін өзгертіп айтсақ, «демократияның бәрі бірдей бақытты, әр авторитаризм өзінше бақытсыз». 

Ресей авторитаризмінің бейнесі

Ресей авторитаризмінің ерекшелігі – елдің ішінде және шет елдерге өзінің қуатын, тұтастығы мен сенімділігін көрсетуге ұмтылуы. Бұған үлкен негіз де бар сияқты. 

Сыртқа көрсететіні – стратегиялық ядролық қару арқылы сенімді қорғаныс. Бұған ядролық қаруы бар, ешкім қол сұға алмай отырған Солтүстік Корея мысал бола алады. 

Ел ішіндегі әрекеті — саяси, азаматтық құрылымдарды, саяси маңызы бар баспасөз құралдарын жою, Батыстың үкіметтік емес ұйымдарын елден қуу арқылы биліктегі топты күшейту. 

Кейінгі кездері «мемлекет» төңірегіне топтасу, «Батыстың жолын» қабылдамау, «дәстүрлі құндылықтар», экономикалық «тәуелсіздік» секілді негізгі идеялары бар бұлыңғыр идеология қалыптастыру да сол бағытта келе жатыр. 

Дегенмен, мұның бәрі – қарама-қайшылыққа толы тұрақсыз саяси-экономикалық тәртіпті бүркемелеп тұрған нәрсе ғана. Басталғанына он ай болған Украинадағы соғыс бұл бүркемені ашқандай болғанымен, ол әлі де мығым секілденеді. 

Дегенмен, бұл сырт көзге ғана солай көрінеді. 

Болбыр авторитаризм

90-жылдардың басында пайда болған Ресей демократиялық жүйесінің эволюциясы халық өкілдері институттарын біртіндеп жою мен билікті бөлу жолымен жүрді. 

Іс жүзінде саяси биліктен тәуелсіз сот жойылды, парламенттік институттар кері кетті.

Ресей қоғамында әртүрлі мүдделерді үйлестірудің орнын «бұйрық құқығы» мен жоғары деңгейдегі волюнтаристік шешімдерді қабылдау басты. Әлемдегі экономикалық өсім мен өмір сапасының артуынан (2013 жылға дейін) туындаған экономикалық экспансия оның кері салдарын жасырғандай болды. 

Мысалы, табиғи себептермен «орталық» жойылса, не болатынын елестетуге болады. Сайлау, азаматтық институттар, баспасөз еркіндігі, дұрыс қоғамдық пікір, митиң мен демонстрация құқығы болмаса, шешімді әскери күші бар адамдар қабылдайды. 

Путиннің бір-бірімен араз «элитасы» бұрынғыдай болашақ ізбасардың, яғни, Путин иемденіп алған кландық мемкапитализм жүйесіндегі мүдделердің тепе-теңдігіне кепілдік бере алатын адамның кандидатурасына «келісе алмайды». Авторитар бірлік жойылып, «тақта» отырған нөкерлердің материалдық және билік мүдделерінің «боскеуде» табиғатын сыртқа шығарады. 

Нақтылай келе, Ресей авторитаризмі бұрын елде болмаған көріністі тудырды деуге болады: Пригожиннің жекеменшік армиясы мен Қадыровтың территориялық анклавы пайда болды.

Шешен және украин соғыстарының салдары

Ресей авторитаризмі ел ішінде және жақын көршісі Украинамен тартымды, икемді қарым-қатынас моделін құра алмады. Бұл екі шешен соғысына (1994-1996 жж., 1999-2009 жж.), екі украин соғысына (2014-2015 жж. және 2022 ж.) алып келді.

Мұның бірінде әскери соғысты қамтамасыз ету және сақтап қалудың мүмкін емес екенін түсінсе, екінші жағдайда оған мемлекеттік әскери және саяси институттар көмегімен қол жеткізе алмайтынын түйсінді. Ресейде бұл процесс «аты шулы» 90-жылдардан келген демократия институттары мен компаниялардың жойылуымен тығыз байланысты. Ал құрылған соң дамуға мүмкіндік алған Қадыров пен Пригожин армиясы биліктің болашақ бөлінісінің ықпалды ойыншыларына айнала бастады.

Пригожиннің әскери-саяси империясын кейінгі кездердегі ең үлкен құбылыс деуге болады. Бұл тек «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясы мен Пригожинге қатысы бар интернет-тролльдер жүйесі емес. Олардың күшеюі алдымен қоғамдық қозғалыс, кейінірек саяси партия құру арқылы саясатқа тікелей араласуға дейін баратын секілді. 

Пригожин «империясы» мен Қадыров «автономиясының» ерекшелігі олардың Ресейде отыз жыл бойы қалыптасқан тұрақсыз болса да дәстүрлі саяси тәртіпті мойындамайтынында жатыр. 

Ресей авторитаризмі неліктен жойылады?

20-жылдардың аяғында ресейлік саяси ойшыл Николай Устрялов Итальядағы фашизм туралы кітабында осы құрылымның ерекшелігі мен болашағын зерттеп, Муссолини үшін жағымсыз қорытындыға келген. 

Путин авторитаризмі туралы да солай деуге болады. Бұл режимге көп ресурс берген және оның басын айналдырған кездейсоқ әрі уақытша жағымды экономикалық жағдайлардың ықпалымен пайда болған эклектикалық құбылыс. Құдды құмнан жасалған сарай ма дерсің.

Негізінен, жаңа ғасырда Путин жиырмадан астам жыл бойы тиімді авторитар модель құра алмады. Ол энергетикадан бастап электроника саласына дейін баратын техникалық революцияға жол сала алған жоқ. Көбіне Ресейдің экономикалық моделін совет индустрализациясы жетістіктерінің сарқыншағы деуге болады.

Бұл жағынан алғанда, Украинамен соғыс және Батыс әлемімен текетірес «ақиқатқа жететін уақыт» саналады және 1853-1856 жылдарда болған Қырым соғысына, 1904-1905 жылдары болған орыс-жапон соғысына ұқсайды. Олар әртүрлі болғанымен, белгілі бір деңгейде Ресей құрылымының әлсіздіктерін көрсетіп, оның құлдырауына алып келді. 

Бұған ұқсас процестер Ресейде қазір де болып жатыр: ол үшінші рет бір қатені қайта жасап отыр. 

Авторитаризмнің ақыры

Орыстың діни философы Василий Розанов «Дәуіріміздің апокалипсисі» (1918 жыл) деген еңбегінде революциядан алған әсерін былай сипаттайды: 

Русь екі күнде ғайып болды. Көп болса үш күн шығар. Тіпті “жаңа уақыттың” жабылуын Русьтің жабылуы секілді тез болды дей алмаймыз. Оның соңына дейін, түгі қалмай құлағаны таң қалдырады.

Кейін Совет одағымен де солай болды. 1991 жылы Беловежск келісімінен кейін ол бірден «құлады». Бұл «Соғысқа төтеп берген қамал» деген идеологиялық ұғымға қарама-қайшы еді. СССР билікке де, халыққа да, ешкімге керек болмай қалды. Оны ешкім қорғап шыққан да жоқ. 

Путин мен оның ізбасарларының авторитаризмін де сол тағдыр күтіп тұр. Империялық Ресей мен СССР-ға қарағанда оның жетістіктер идеологиясы да жоқ. 

Мұны «ізбасар» таңдауда қателескен Ельцин әрекетінің нәтижесі деуге болады. «Тарихи реванш» алғысы келген Путин финалды жақындата түскендей болды. Батыс кейінгі бірнеше жылда ресейлік клептократиялық автократиясының ең асыл тілектерін орындай келе, ақырында, ең соңғысынан бас тартты, бұл тіпті Пушкиннің классикалық «Балықшы мен балығында» мүмкін емес еді.

Советтердің «Кавказ тұтқыны» комедиясында Бывалый, Балбес пен Трус сыра жәшігіне келетін көрініс бар: оларға сыра құйып береді. Трус қателесіп, қолындағысын көшеде кетіп бара жатқан мас атаға ұстатады. Ол тағдырдың мұндай сыйына алғыс айтып, көпірігін үрлеп, сиқырлы сусынды ішпек болады. Бірақ сол кезде Трус ыдысын тартып алады. Қолын бір сілтеген ата кетіп қалады. 

Путин авторитаризмінің тарихи жолының бейнесі де осы: уысына миллиардтаған мұнай секілді күтпеген сыйлық түсті, көпірігін үрледі де, соңында түксіз қалды. 

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz