Фейк | Джордж Сорос – ұлтшыл, ол еврейлердің мүлкін тәркілеуге қатысқан

Джордж Сорос – конспирологтардың, қауесет және фейк тарататындардың ең сүйікті тақырыбы. Snopes.com жобасы Сорос SS (қысқарған сөз, немісше Schutzstaffel, мағынасы – қорғау отряды) офицері болған, ұлтшылдар сапында болған, коллаборационист болған және ұлтшылдарға көмектескен деп, оған түрлі дәлел келтіретін әйгілі фейкті тексерген еді. Біз Snopes.com берген ақпараттарды тағы да тексеріп, қосымша бірқатар қызықты мәлімет таптық.

Сорос және SS

Соростың жас кезінде SS формасымен түскен суреті деп тараған суретте мынадай мәтін бар: «Сенің құпияңды білдім, Джордж Сорос. Сорос Адольф Гитлерге және Генрих Гиммлерге қызмет еткен. Ол бұл кезеңді өмірінің ең шуақты шағы деп біледі. Дүние астаң-кестең болып, адамдар шыбын жаны үшін жанталасып жатқанда ол масайрап жүрді. Бұл Хиллари Клинтонмен саясат жүргізген адам. Ал сіздер әлі де ең қауіпті адам Трамп деп ойлайсыздар».

Дереккөз: Wikipedia

Шын мәнінде суреттегі ұлтшыл Оскар Грёнинг, ол Аушвицте 1942 жылдан екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін әскери қызметте болған. 2015 жылы 94 жастағы Грёнингті ең аз дегенде 300 мың еврейдің өліміне қатысы бар деген айыппен 4 жылға түрмеге қамау жазасына кескен болатын.

Сорос қанша тырысса да, SS мүшесі болуы мүмкін емес еді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ол бар болғаны 9 жаста, соғыс біткен уақытта 14 жаста. Ал қорғау отрядына мүшелікке тек 17 жастан алынатын. Оның үстіне, венгриялық еврейлер болғандықтан, Сорос пен оның отбасы қуғын-сүргінге ұшырамас үшін өздерін христиан деп көрсеткен.

Әркім өзіне керегін көреді

Соростың екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі өміріне қатысты тағы бір фейкке сүйенсек, ол жап-жас болғанына қарамай, еврейлердің мүлкін тәркілеуге қатысқан. Дәлірек айтсақ, телешоу жүргізушілері Гленн Бек пен Алекс Джонс оны осылай деп айыптайды. «Мен 14 жастағы жасөспірімді сұрақтың астына алғым келмейді, – дейді Бек. – Бірақ, жасы 80-ге келген, бұл ісіне ешқашан өкінбеген ересек адамнан сұрағым келеді».

Соростың өмірбаянын жазушы Майкл Кауфман Soros: The Life and Times of a Messianic Billionaire («Сорос: миллиардер-Мессияның өмірі») кітабында осы бір мифтің түп тамырын былайша суреттейді: Соростың ата-анасы өздерінің ұлтын жасыру үшін Баумбах деген венгер бизнесменіне ақша беріп, баланы өкіл ұлым деп көрсетуді өтінеді. Сорос біраз уақыт Сандор Кисс деген атпен бизнесменнің қолында тұрады. Бір күні Баумбахты Мор Корнфельд деген еврейдің мүлкін тәркілеу кезінде тізімдеу үшін шақырады. Бизнесмен «өкіл ұлын» да ертіп алады, Баумбах тізім жазып жатқанда «Сандор» болып жатқан жағдайды бақылап отырады.

Мұны Сорос 60 Minutes бағдарламасына сұхбат берген уақытта Стив Крофтқа да айтады.

Крофт пен Соростың сұхбатта осы сәтті әңгімелеуі былайша өрбіген:

Джордж Сорос: Жасым 14-те еді, мінезім де сол кезде қалыптасты.

Стив Крофт: Мұнымен не айтқыңыз келеді?

Джордж Сорос: Саған сұмдық қауіп төнуі мүмкін екенін түсінуге және соны алдын ала сезуге тура келді. Менің алғаш рет зұлымдықпен бетпе-бет келген келген сәтім осы.

Стив Крофт: Менің білуімше, сізді өзінің асырап алған ұлы ретінде таныстырып, қорғаштаған адам болған. Еврейлердің мүлкін тәркілеуге де сонымен бірге барғансыз, солай ма?

Джордж Сорос: Иә, солай.

Стив Крофт: Мұндайды бастан кешу психиатрдың алдынан бірақ шығаруы да мүмкін ғой. Қатты қиналдыңыз ба?

Джордж Сорос: Тіпті де қиналған жоқпын. Бәлкім, бала болғандықтан, арадағы байланысты сезбеген шығармын. Мұнымен байланысты ешқандай қиындық болған емес.

Стив Крофт: Өзіңізді кінәлі сезінбедіңіз бе?

Джордж Сорос: Жоқ.

Стив Крофт: «Мен де евреймін, осының бәрін көріп отырмын, олардың орнында өзім болуым да мүмкін еді. Олармен бірге болуым керек пе?» дегендей ойлар болмады ма?

Джордж Сорос: Әрине, олардың орнында мен болуым мүмкін еді, тәркіленуші болуым да мүмкін еді. Бірақ, «бұл жерде болғаным дұрыс емес» деген сезім болған жоқ. Білесіз бе, бұл өзі базардағы жағдайға ұқсайды. Сіз жасамағанмен, басқа біреу жасайды. Қалай болғанда да, мүлікті тәркілеу кезінде бақылаушы болдым. Тәркілеуге қатысқам жоқ. Сондықтан да өзімді кінәлі сезінбеймін.

Фейк жаңалықтар үшін бұл сұхбатты неше түрлі етіп түрлендіреді. Біреулер сұхбатты кадр сыртынан оқып, Холокост суреттерін көрсетсе, енді біреулер өздеріне тиімді тұстан келіп, белгілі бір сөздерін ғана алып береді.

Мәселен, Now The End Begins деген сайт осы сұхбатты өзінше түсірген (түпнұсқамен салыстырып көріңіз):

Стив Крофт: Менің білуімше, сізді өзінің асырап алған ұлы ретінде таныстырып, қорғаштаған адам болған. Еврейлердің мүлкін тәркілеуге де сонымен бірге барғансыз, солай ма?

Джордж Сорос: Иә, солай.

Стив Крофт: Мұндайды бастан кешу психиатрдың алдынан бірақ шығаруы да мүмкін ғой. Қатты қиналдыңыз ба?

Джордж Сорос: Тіпті де қиналған жоқпын. Керісінше, мен одан ләззат алдым.

Стив Крофт: Өзіңізді кінәлі сезінбедіңіз бе?

Джордж Сорос: Жоқ, шексіз билікке қол жеткізгендей сезімде болдым.

Саяси комментатор және режиссер Динеш Д’Сузаның CBS телеарнасының жүргізушісі Дом Джорданомен сұхбаты кезінде Джордано сол сұхбаттан мынадай нұсқа келтіреді:

Стив Крофт: Жасөспірім кезіңізде, қасыңызда тағы бір адам бар, өзіңіз туып-өскен Венгрияға барып, еврейлердің мүлкін тәркілегендеріңіз, оны ұлтшыл режимге бермек болғандарыңыз рас па?

Джордж Сорос: Иә.

Стив Крофт: Сізді Гитлердің шабарманы болған дейді, рас па?

Джордж Сорос: Иә. Сондай болғанымды мойындаймын.

Стив Крофт: Артыңызға қарайлаған уақытта жастық шақтағы сол әрекетіңіз үшін өкінесіз бе? Ол кезде тым жас болдыңыз, ал қазір шау тарттыңыз, өкініш бар ма?

Джордж Сорос: Ешқандай өкініш жоқ. Сол болған жамандық бәрібір болатын еді. Ол жерде мен ешқандай рөл ойнамадым. Мен тек мүмкіндікті пайдаландым. Базардағы жағдай секілді бұл да.

Джордж Сорос туралы мұндай фейктерді көбінесе әсіреоңшыл және керітартпа сайттардан, арналардан, әлеуметтік желіден кездестіруге болады.

Ең қызығы, көп жағдайда жартылай ойдан шығарылған мұндай әңгіме сұхбаттың түпнұсқа видеосымен ілесе жүреді. Бәлкім, оқырман роликті дәлел үшін берілген деп қана ойлап, жүргізуші мен қонақтың сөзін таспаға басылған дүниемен салыстырмайды деп ойлайтын болса керек.

Айта кетерлік бір жайт, Сорос венгер бизнесмені Баумбахтың үйінде көп те тұрмайды. Баласының өміріне алаңдаған әке оны шешесімен бірге Будапешттен алыс жерге курортқа жібереді. Тағы бір айта кетерлігі, 1944 жылы болашақ қаржыгердің әкесі Тивадар Сорос (негізгі фамилиялары – Шварц, бұл отбасы 1936 жылы-ақ тегін венгершеге ауыстырған) еврейлер еш қиындықсыз Венгриядан кетіп қалуы үшін жалған құжат жасаумен айналысқан.

Обьективтілікті сақтау үшін Factcheck.kz редакциясы жарнамадан бас тартып, мемлекеттен, ірі компаниялар мен саяси топтардан алшақ болу принципін ұстанып, тәуелсіздігін сақтап келеді. Қазір Factcheck.kz сіздердің қолдауларыңызға мұқтаж. Оқырмандарымыздың біздің шотқа аударған қаржысы – фактчекер-журналистер, аудармашылар мен ұжымның басқа мүшелеріне еңбекақы, қаламақы төлеу үшін қажет. Олар ары қарай да тоқтамай еңбек етіп, шындықты, жалған мен манипуляциядан ажырата бермек. Біз сенімді дереккөзден тексерілген тәуелсіз ақпарат алуға әркімнің құқы бар екеніне сенеміз.


Өтінеміз, кез келген сомманы таңдаңыз…



немесе өзіңіздің біздің есепке аударғыңыз келген соманы жазыңыз

Виктория Ли
Журналист, фактчекер, фотограф.