Фейк | Балалар вирустан гөрі COVID-19-ға қарсы вакцинадан 50 есе көп өледі

Жақында әлеуметтік желіде балалар вирустың өзінен гөрі COVID-19-ға қарсы вакцинадан 50 есе көп өледі деген пост тарай бастады. Авторлар Pfizer компаниясының бұрынғы вице-президенті, доктор Майкл Йидонның коронавирусқа қарсы вакциналар, әсіресе балаларға қауіпті деп санайтын мәлімдемесін келтіреді.

Фейк | Балалар вирустан гөрі COVID-19-ға қарсы вакцинадан 50 есе көп өледі
Посттардың бірінің скриншоты

Оның айтуынша, жастар COVID-19-ға бейім емес. Оларға қауіп төніп тұрған жоқ, сондықтан оларды вирустан гөрі 50 есе көп өлтіретін нәрсемен вакцинациялау ақылға қонымсыз. VAERS жүйесі 2021 жылдың алғашқы 6 айында вакцина алғандардың, шамамен 5000-ы қайтыс болғаны туралы хабарлады. Factcheck.kz редакциясы оқырмандардың сұранысы бойынша бұл мәлімдемелерді тексерді.

Үкім: Фейк

  1. Балаларды жаппай вакцинациялау әлемде әлі басталмаса да, балалардың COVID-19-ға қарсы вакцинадан өлу ықтималдығы туралы ешқандай дәлел жоқ. Қазақстанда, әлемнің көптеген еліндегідей, вакцинаны қолдануға тек 18 жастан асқан адамдарға рұқсат етіледі. Оған қоса, халықаралық зерттеушілер балалар коронавирус инфекциясын ересектерге қарағанда әлдеқайда жеңіл өткеретінін бірнеше рет айтты. Сондықтан оларды жедел түрде вакцинациялаудың қажеті жоқ.
  2. Майкл Йидон кейінгі айларда қастандық теориялары мен фейк таратып жатыр.
  3. VAERS жүйесі деректері асқыну жағдайларының дұрыстығын бағалай алмайды.
  4. Бұл мәлімдемені таратқан Instagram-аккаунт қастандық теориялары мен фейкке толы екенін айта кеткен жөн.

Толығырақ…

ДДСҰ және CDC сияқты халықаралық денсаулық сақтау ұйымдары жақында 12 жастан асқан балаларға BioNTech/Pfizer вакцинасын салуды үлкен шектеулермен мақұлдады. Халықаралық реттеушілердің айтуынша, балалар мен жасөспірімдерге вакцина COVID-19 жұқтырғаннан кейін асқынуы мүмкін созылмалы аурулары болған жағдайда ғана қажет. «Спутник» вакцинасына қатысты бұл топтағы клиникалық сынақтар енді басталды, оған тек 100 бала қатысады.

ДДСҰ-ның түпнұсқа құжатында балалар мен жасөспірімдерде ауру жағдайы ересектерге қарағанда әлдеқайда жеңіл өтетінін, сондықтан егер олар қауіп тобына кірмесе, инъекцияны созылмалы ауруы бар егде жастағы адамдарға және медицина қызметкерлеріне жасау маңызды екені көрсетілген.

Вакциналардың қаупін растау мүмкін емес, өйткені халықаралық зерттеулер бойынша, балалар коронавируспен жеңіл дәрежеде ауырады, ал ауыр асқыну ықтималдығы 100 000 жағдайға жаққанда 1-ге тең. Осыған байланысты әлі күнге дейін балаларды жаппай вакцинациялау қажеттігі болмады, солайша вакцинациядан кейінгі асқыну туралы (жариялау кезінде) да жеткілікті дерек жоқ.

Қолданылған коронавирусқа қарсы вакцинаның едәуір бөлігінің тиімділігі мен қауіпсіздігі қатаң тексерістен өтті. Халықаралық реттеушілер бірнеше рет осы тексеру нәтижесі туралы есеп шығарды. Бүгінде ДДСҰ жедел қолдануға мақұлдаған вакциналар эпидемияға қарсы қауіпсіз және тиімді болып шықты.

Сонымен қатар, бірқатар елде 18 жасқа толмаған адамға коронавирусқа қарсы вакцина салуға тыйым салынады. Өйткені балалар мен жасөспірімдерге КВИ-ге қарсы міндетті түрде вакцина салу керек деген сенімді мәлімет жарияланған жоқ.

VAERS жүйесіндегі мәліметтерге не себепті сену мүмкін емес?

VAERS жүйесінің басты бетінде (вакцинаның ықтимал жанама әсері туралы): «Бұл уеб-сайттағы ақпарат дәрі-дәрмекті қолданғаннан кейін пайда болған, бірақ дәрі-дәрмекке немесе одан туындаған нәрсеге тікелей байланысы жоқ ықтимал жанама әсерге қатысты» деген ескерту бар. Демек жанама әсер ылғи да дәрі әсеріне қатысты емес.

Атлантадағы Эмори вакцина орталығы директоры орынбасары, доктор Уолтер Оренштейн мұндай мәліметтер базасында жағымсыз жағдай вакцинаның әсерінен болғанын немесе кездейсоқ болғанын көрсетпегендіктен, препарат қаупін бағалау үшін мұндай порталдардың пайдасыз екенін айтады.

Мұндай есептердің объективтігі ойландырады, өйткені ұйым азаматтардың хабарламасы дұрыстығына ылғи тексере бермейді. Мұқият тексермейтінінің бір дәлелі мынау: 2017 жылы америкалық дәрігер VAERS-ке тұмауға қарсы вакцина оны Marvel Comics кейіпкері Халкқа айналдырғаны туралы мәлімдеме жіберіп, деректерді қалай болса, солай қолданудың ықтимал қаупін көрсетуге тырысты. Ол мәлімдеме басқалармен бірге жарияланды.

Майкл Йидон деген кім?

Біз жоғарыда аталған жалған мәлімдеменің авторы туралы айтқан едік. Pfizer фармацевтика компаниясының бұрынғы вице-президенті деп қате аталатын Майкл Йидон Pfizer компаниясының R&D (Research and Development) бөлімінің вице-президенті болған. Қазір ол – танымал вакцинацияға қарсы адам. Пандемия басында коронавирус Ұлыбританияға жеткенде Йидон вакцина жасауды қолдады, бірақ кейінірек елдегі вакцинация мен шектеулерге белсенді түрде қарсы тұра бастады.

2020 жылдың 1 желтоқсанында неміс дәрігері Вольфганг Водарг пен Майк Йидон Еуропалық дәрі-дәрмектер агенттігіне COVID-19-ға қарсы вакциналары бедеулік тудыруы мүмкін деп жазған хат жарияланды. Бұл олай емес.

2021 жылдың басында Pfizer-дегі бұрынғы әріптестері Йидонға жеке хат жазды. Онда олар ғалымның біржақтылығына, ғылыми қатаңдықтың жоқ екеніне және сенімсіз деректерді біржақты түсіндіретініне алаңдаушылық білдірді және ол адамдардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін жазды. Бұл жалған ақпарат таратуды жалғастырып жатқан Йидонға әсер етпеген сияқты.

Factcheck.kz