“Алтын бұзау” авторы Евгений Петров туралы мистикалық оқиға — фейк

Әлеуметтік желіде “Алтын бұзау” және “12 орындық” романының авторларының бірі Евгений Петровтың өміріндегі мистика оқиғасы кеңінен тарады. Тіпті, батыста хикаясы қысқаметражды фильм тақырыбына арқау болған деседі.

“Проверено” басылымы фактчекерлері ақпараттың алғаш рет танымал журналдың бірінде пайда болғанын анықтады. Алайда мәтін авторы мистика оқиғасын ойдан шығарғанын айтқан.

Оқиға желісі мынадай: Евгений Петровтың (шын есімі – Евгений Катаев) ерекше хоббиі бар. Ол өмірде жоқ, жалған мекен-жайға хат жіберуді, кейін пошта қайтарған хат конверттерін топтастыруды ұнатады. 1939 жылғы сәуірде ол кезекті хатын Жаңа Зеландиядағы жалған мекен-жайға жібереді. Бір қызығы, оған жауап қайтады: жаңазеландиялық Петровпен құшақтасып тұрған жылы фотосын жіберген. Сурет уақыты жазушының бір жыл бұрын өлім аузында болып, ауруханаға түскен кезімен тұспа-тұс. Ал 1942 жылы майданда тілші болып жұмыс істеген Петров мінген ұшақты немістер атып түсірген күні жазушының үйіне әлгі жаңазеландиялықтан тағы бір хат келді деседі. Онда автор жазушыға аз ұшуға кеңес береді-міс. Көпшіліктің айтуынша, Кевин Спейси ойнайтын «Конверт» фильмі де осы оқиғаға негізделген.

Бұл оқиға бірнеше жерге жарияланған (мұнда, мұнда және мұнда).

Фактчекерлер бірде-бір зерттеу жұмысынан Петровтың ерекше хоббиі және жаңазеландиялықпен хат алмасуы туралы дерек таппады. Оған қоса вирустық хабарламаларда аталған Хайдбердвилл қаласы әлемде мүлдем жоқ болып шықты.
Сонымен қатар жазушының өлім аузындағы жағдайда ауруханаға түскені жөнінде де ақпарат табылмаған.

Дегенмен, актер Кевин Спейси ойнайтын “Конверт” атты қысқаметражды фильмнің бар екені рас. Оның үстіне оның сценарийі көпшілік арасында тараған ақпаратпен сәйкес келеді: конверт жинайтын бас кейіпкердің есімі — Евгений Петров және фильмде ол Жаңа Зеландияға хат жазады. Алайда оқиға уақыты — соғыс кезі емес, одан кейінгі уақыт.

Фактчекерлер фильмнің сценарисі мен режиссері Евгений Нужныйдың сұхбатын тапты. Оның сөзінше, оған идеяны интернеттен “шынайы оқиғаны” оқыған әйелі бөліскен.

Мистика оқиғасының сипаттамасы алғаш рет 1999 жылғы ақпанда “Огонёк” журналының №5 санында жарияланған. Сол мақаланың авторы Валерий Чумаков 2018 жылы «Комсомольская правда» газетіне сұхбат берген. Онда ол оқиғаның 1 сәуірдің материалы ретінде пайда болғанын және аңызға негізделгенін түсіндірген (Чумаков қызық әрі сәйкес жағдайларды жинаған). Автор оны жай ғана шығармашылықпен дамытқан. Бірнеше жыл өткен соң бір сұхбатында оқиғаның ойдан шығарылғанын мәлімдеген.

“Проверено” фактчекерлері оқиғаның “Огонек” журналына ақпанда жарияланғанын және онда тек ойдан шығарылған мистика хикаялары басылмағанын ескеріп, оның Чумаков айтқандай, 1 сәуір – күлкі күніне ғана арналған деп айту қиын екеніне назар аударды.

Factcheck.kz