Қазақстан-Ресей шекарашылары арасында қақтығыс болды ма?

19 қыркүйекте “БӘСЕ” инстаграм парақшасында “Ресей Қазақстанмен шекара аймақтарда қақтығыс туғызбақшы. Қостанай тұрғынының айтуынша, жанжалды Ресей шекарашылары бастаған” деген мәтінмен видео жарияланды. Жазбада оқиғаның “Қостанай облысында болғаны” айтылған. Видеодан әскери көліктердің колоннасын байқауға болады. Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексеріп көрді.

Қазақстан-Ресей шекарашылары арасында қақтығыс болды ма?
“Басе” арнасы таратқан видео скриншоты

Үкім: Фейк

Ақпарат шындыққа жанаспайды. ҚР Ішкі істер министрлігі Қостанай облысындағы шекарада арандатушылық болды деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады. Министрліктің хабарлауынша, видеода Ұлттық ұланның автокөлік колоннасы биыл 8 қыркүйекте Қостанайда өткен оқу-жаттығу жиынына бара жатқан сәті бейнеленген.

Сонымен қатар, министрліктің баспасөз қызметі 8 қыркүйекте өткен оқу-жаттығу жиыны ай сайын өтетінін ескертті. “Басе” арнасы бұған дейін дәл осыған ұқсас бұрмаланған ақпарат таратқан. Биыл 6 маусымда БАСЕ YouTube арнасында “Қазақстанда Қытайдың әскери техникасы не істеп жүр?” деген мазмұндағы видео жарияланды. Ал кейбір желі қолданушылары БАСЕ арнасының видеосының әскери техника көрсетілген кадры мен “Қытай әскери техникасын Ресейдің Украинаға қарсы соғысына көмек ретінде жіберіп жатыр, ал Қазақстан — транзит” деген тұсын бөліскен. Видеоның ескі екенін және ақпараттың шындыққа жанаспайтынын сол кезде де тексергенбіз.

Контекст

  • Ашық деректерге сәйкес “Ұлттық ұланның 6697 әскери бөлімі” Қостанайда да бар екенін ескерген жөн. Министрліктің баспасөз қызметі, мұндай оқу жаттығу жиындары әрбір әскери бөлімдерде өтетінін хабарлады.
  • Мемлекеттік сатып алу порталының дерегінше, 2023 жылы  “Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы” “СемАЗ” ЖШС-іге 36 автокөлік сатып алуға тапсырыс берген. Келісім шарт әлі орындалып жатыр және жалпы сомасы — 980 999 712 теңге.
  • Бұдан бөлек “Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы” СемАЗ” ЖШС-іге 11 автокөлік сатып алу туралы тағы да 1 926 319 934 теңгелік келісім шартқа да отырған. Келісім шарт әлі орындалып жатыр.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz