Тоқаев әлемдегі табиғи апаттар саны туралы айтқанда неден шатасты?

Қасым-Жомарт Тоқаев 12 сәуірде өткен ғылым және технологиялар жөніндегі кеңестің отырысында бірнеше мәселе көтерді. Оның ішінде қазір болып жатқан су тасқынына байланысты да сөз қозғап, дерек келтірді. Президенттің айтуынша, 1980-90 жылдардан қарағанда кейінгі жылдары әлемде табиғи апаттардың саны екі есе артқан. Осы және өзге де мәлімдемелерін Factcheck.kz тексеріп көрді.

Мәлімдеме: 1980-1985 жылдары әлемде 1 700-ге жуық табиғи апат болған. Ал 2010-2015 жылдары апаттардың саны 3 700-ден асқан. Яғни аз уақыттың ішінде табиғи апат саны екі есе көбейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, президент

Үкім: Техникалық қате

Тоқаев қандай деректерге сүйенгені белгісіз, бірақ бізге қолжетімді деректер басқа сандар көрсетеді. Мысалы, БҰҰ табиғи апаттар қаупін азайту басқармасының есебіне сай, 1980-1985 жылдары әлемде 977 табиғи апат болса, 2010-2015 жылдары 2 267 апат болған. Яғни 30 жыл ішінде 2,3 есеге өскен. Ourworldindata.org деректер базасының ақпараты БҰҰ деректерінен сәл ерекшеленеді. Оның жазуынша, 1980-1985 жылдары 975 табиғи апат болып, 2010-2015 жылдары бұл көрсеткіш 2 212-ке өскен. Дегенмен жалпы динамикадан көрсеткіштің өсуі байқалатындықтан, “Техникалық қате” деген үкім қоямыз.

Сонымен қатар, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымы мен БҰҰ табиғи апаттар қаупін азайту басқармасы да кейінгі 50 жыл ішінде ауа-райы мен климатқа байланысты табиғи апаттардың 5 есеге өскенін жазып отыр. 1970-2019 жыл аралығында 11 мыңнан аса табиғи апат тіркеліп, 2 млн-ға жуық адам қайтыс болған. Жалпы экономикалық шығын — 3,64 трлн АҚШ долларына жетті.

Мәлімдеме: Сол апаттардың жартысына жуығы – суға қатысты апаттар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, президент

Үкім: Шындыққа жақын

Елімізде болып жатқан су тастыны апатына байланысты Тоқаев жалпы келтірген деректің ішінен су тастынын бөлек атап өткісі келді. Ourworldindata.org дерегінше, 1980-1985 жылдары әлемде болған 975 табиғи апаттың 272-і су тасқыны, ал 2010-2015 жылдары болған 2 212 апаттың 944-і су тасқыны. Яғни жартысына жуығы суға қатысты апат болмаса да, дерек соған жуықтайды.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz