Темекі шегу күйзелісті жеңілдете ала ма?

Дисклеймер: Темекі шегу денсаулыққа зиян!

Көптеген адам үшін шылым шегу – бұл әлеуметтік әрекет әрі күнделікті өмірдің бір бөлігі, таңғы кофеге ұқсас. Біреулер көңіл көтеру немесе жұмысқа зейін қою үшін шылым шегеді. Кейбіреулерге оның дәмі немесе тіпті қолдарына шылым ұстау сезімі ұнайды. Сонымен қатар, көпшіліктің санасында шылым шегу жүйкені тыныштандырып, күйзелістен арылудың бір жолы деген түсінік бар (1, 2, 3).

Темекі шегу күйзелісті жеңілдете ала ма?
«Настоящий детектив» сериалындағы Мэтью Макконахи кейіпкері. Бұл кадр ауыр күйзеліс жағдайында шылым шегу жүйкені тыныштандырады деген ойға негізделген мемге айналды.

Factcheck.kz шылым шегу шынымен күйзелісті жеңілдете ала ма, әлде бұл тәуелдікті күшейтетін иллюзия ма деген сұраққа жауап іздейді.

Үкім: Жалған

Шылым шегетіндер никотиннің әсерінен уақытша жеңілдік сезінуі мүмкін, бірақ бұл көбінесе субъективті. Уақыт өте келе, тәуелдік пайда болып, темекінің жоқтығы күйзелістің көзіне айналады. Бұл тұйық шеңберді тудырады: шылым шегу никотиннің кету синдромын уақытша азайтып, шиеленісті жеңілдеткенімен, тәуелдік – үнемі темекі шегуге деген қажеттілік – күйзеліс пен мазасыздықты арттырады.

Бұл қалай жұмыс істейді

Зерттеулер көрсеткендей, шылым шегу күйзелісті жеңудің әдісі деген қате түсінік. Шын мәнінде, ол күйзелісті азайтпайды, керісінше, никотинге тәуелдікті күшейтеді (1, 2, 3, 4). Толықтай темекіден бас тарту уақыт өте келе күйзеліс пен мазасыздық деңгейін төмендетеді.

Ғалымдар шылым шегу кезінде қысқа мерзімді перспективада күйзелістің азаю сезімі бас тарту синдромының жойылуына реакция болуы мүмкін деп болжайды (1, 2, 3). Бұл синдром қалай пайда болады?

АҚШ-тың есірткі пайдалану мәселесі жөніндегі ұлттық институтының сайтында жазылғандай, никотин – нейростимулятор және физиологиялық тұрғыдан тыныштандырудың орнына қоздырады. Темекі шегудің алғашқы 10 секунды ішінде никотин қан арқылы миға жетіп, әсер ете бастайды. Бұл адреналиннің бөлінуіне әкеледі, ол жүрек соғысын жылдамдатып, қан қысымын көтеріп, тамырларды тарылтады. Бұл механизм біздің ағзамыздың күйзеліс кезіндегі табиғи реакциясына имитация жасайды.

Күйзеліс кезінде адам ағзасы күресуге немесе қашуға дайындалып, жүрек соғысын, тыныс алуды жиілетіп, қан қысымын көтереді. Бұл қауіпті жағдайда жылдам әрекет етуге көмектеседі.

Сонымен қатар, никотин дофаминнің бөлінуіне ықпал етеді – бұл миға рахаттану орталығын белсендіретін гормон, эйфория сезімін тудырады, деп Харуард медицина мектебінің мақаласында жазылған.

Осылайша, никотин қысқа уақытқа адамды сергек етіп, көңіл-күйді көтереді, шылым шегушіге тыныштану мен күйзелісті жеңілдету ретінде көрінуі мүмкін. Алайда, бұл күй біршама уақыттан кейін жоғалады, ал ағза қайтадан никотиннің жаңа дозасын талап етіп, уақытша сезімді қайта сезінгісі келеді. Кезекті темекі шегу қажеттілігі мазасыздықты тудырады, ал шылым шегуші оны уақытша «жеңілдетеді». Осылайша тұйық шеңбер пайда болады.

Шылым шегуден бас тарту кезінде адам бас тарту синдромын сезінеді. Оның белгілері мазасыздықпен қатар, көңіл-күйдің түсуі, ұйқының бұзылуы, ашушаңдық, зейін қоюдың қиындауы, жүрек соғысының баяулауы, тәбеттің артуы немесе салмақ қосу болуы мүмкін.

Шылым шегу бас тарту синдромын жеңілдетіп, уақытша жеңілдік әкелгенімен, белгілер уақыт өте қайта оралады. Оның үстіне, шылым шегушіні күйзеліске түсіретін себептер сақталады.

Ұзақ мерзімді перспективада шылым шегу қатты мазасыздық пен депрессия деңгейімен байланыстырылады (1, 2, 3).

Фактчекер, ищу истину и точные данные

Factcheck.kz