SCAT әуе компаниясының ұшағы Иранның жабық әуе кеңістігінен ұшып өтті ме?

Маусым айының соңына қарай қазақстандық әлеуметтік желі сегментінде, әсіресе TikTok платформасында, SCAT әуе компаниясының ұшағы Иран мен Израиль арасындағы қақтығысқа қарамастан, Иранның үстінен ұшып өтті деген ақпарат кең тарады. Жазба авторлары ұшақтардың нақты уақыттағы қозғалысын көрсететін Flightradar24 сервисінен алынған скриншоттар мен кадрларды негізге алған.

Кейбір жазбаларда SCAT ұшағы Иранның әуе кеңістігін кесіп өтті делінсе, енді бірінде бұл компания Қазақстан азаматтарын тікелей Ираннан эвакуациялады деген мәлімет тараған (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14). Ақпараттың кең тарағаны сонша, SCAT ұшқыштарының Иранға ұшып барып, соғысты өз көзімен көргені туралы жасанды интеллект арқылы жасалған видеолар да пайда болды.

SCAT әуе компаниясының ұшағы Иранның жабық әуе кеңістігінен ұшып өтті ме?
TikTok-тағы жазбаның скриншоты

Factcheck.kz редакциясы бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін тексеріп көрді.

Үкім: Фейк

SCAT Airlines бұл ақпаратты әлеуметтік желілерде ресми түрде жоққа шығарды. Компания өкілдері рейстердің бағыты өзгертілгенін және «жабық аймақтарды» айналып ұшатынын мәлімдеді. Flightradar24 сервисінде Иран аумағының үстінен ұшып бара жатқан деп көрсетілген және желідегі жазбаларда аталған ұшақ – SCAT компаниясына емес, Иранның жекеменшік Mahan Air әуе компаниясына тиесілі.

Толығырақ

Тағы бір қақтығыс кезеңі басталған 13 маусымда Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі отандық әуе компанияларға Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан елдерінің үстінен ұшуға тыйым салған-ды.

20 маусым күні SCAT Airlines Threads, Instagram және Facebook желілеріндегі ресми парақшаларында «қазіргі шектеулерге байланысты рейстер бағыты өзгертілгенін» еске салған жазба жариялады.

Қауіпсіздік мақсатында «жабық аймақтардан» айналып өтетін балама маршруттар қолданылып жатыр.

SCAT Airlines

SCAT Airlines өкілдері Facebook пен Threads желілерінде қолданушылар жазған «SCAT ұшағы Иранның үстінен ұшты» деген пікірлерді де ресми түрде теріске шығарды. Компания бұл мәліметтің жалған екенін атап өтті. Дәл осы туралы ақпаратты SCAT өкілдері Tengrinews.kz редакциясына да растаған.

SCAT әуе компаниясының ұшағы Иранның жабық әуе кеңістігінен ұшып өтті ме?
SCAT Airlines компаниясының Facebook желісіндегі пікірінің скриншоты

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстан азаматтарын Ираннан эвакуациялау Армения, Әзербайжан және Түрікменстан арқылы жүзеге асырылып жатыр.

SCAT болмаса, кім?

13–14 маусымда, Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс шиеленісе бастаған сәттен-ақ, әлеуметтік желілерде түрлі тілде «Иранның әуе кеңістігіне кірген ұшақтар» туралы жазбалар тарай бастады (1, 2, 3).

14 маусым күні түнде Flightradar24 сервисінен алынған скриншоты бар жазба жарияланды. Онда былай делінген: «Иран әуе кеңістігін жапты, бірақ біреу тәуекелге барып, сонда ұшты». Кейін бұл сурет SCAT Airlines туралы фейк жазбаларда жиі қолданыла бастады.

SCAT әуе компаниясының ұшағы Иранның жабық әуе кеңістігінен ұшып өтті ме?

Көптеген жазбада картада нақты қай ұшақ көрсетілгені, оның SCAT емес, Mahan Air әуе компаниясына тиесілі екені анық көрінеді. Соған қарамастан, дәл осы жазбалардың астында қазақстандық қолданушылар бұл ұшақ SCAT-қа тиесілі деп сенімді түрде пікір қалдырған.

Осыған байланысты біз Flightradar24 сервисінің көмегімен 13 және 14 маусым күндері Иран үстімен ұшқан әуе кемелерінің бағытын зерттедік. Скриншоттар мен видеоларда жиі көрсетілетін екі ұшақтың да шынында Иранның жекеменшік Mahan Air компаниясына тиесілі екеніне көзіміз жетті.

Бірінші ұшақтың тіркеу нөмірі — EP-MMQ. Ол 13 маусым күні таңертең Бангкоктан ұшып шығып, 14 маусымға қараған түні шамамен сағат 1:00-де Тегеранға қонған. Екінші ұшақ — EP-MMU. Бұл рейс те 13 маусымда Гуанчжоудан ұшып, 14 маусым түнгі 3:00 шамасында Тегеранға жеткен. Уақыт көрсеткіштері ұшып шыққан және қонған қалалардың жергілікті уақыты бойынша берілген.

  • SCAT әуе компаниясының ұшағы Иранның жабық әуе кеңістігінен ұшып өтті ме?
  • SCAT әуе компаниясының ұшағы Иранның жабық әуе кеңістігінен ұшып өтті ме?

Контекст

13 маусым күні түнгі сағат 3:30-да Израиль Ирандағы ядролық және әскери нысандарға жаппай әуе шабуылын жасады. Бұл әрекетті Тель-Авив тарапы Тегеранның ядролық қаруға жақындап қалғанымен түсіндірді. Келесі күндері тараптар өзара шабуылдармен жауап берді. 23 маусымдағы жағдай бойынша қақтығыс әлі де жалғасып жатыр.

Журналист, фактчекер

Factcheck.kz