Тоқаев Қытаймен сауда-саттық деректерінің айырмашылығы туралы рас айтты ма?

1 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңес өткізіп, кеден саласындағы сыбайлас жемқорлықты да атап өтті. Қ. Тоқаев Қытаймен саудадағы статдеректердің айырмашылығын да айтқан (архив). Factcheck.kz президент келтірген ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Қытаймен өзара сауда-саттық туралы екі елдің статистикалық мәліметтері екі түрлі. Олардың арасында миллиардтаған доллар айырмашылық бар. Былтыр бұл көрсеткіш 5,7 миллиард долларға жетті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық және техникалық қате

Несі техникалық қате: Тоқаев келтірген деректер былтырғы емес, 2020 жылғы.

Несі шындық: Қытайдың Бас кеден басқармасының ақпаратына сай, 2020 жылы Қытай мен Қазақстанның жалпы сауда айналымының көрсеткіші 21,4 млрд АҚШ долларын, ал Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 15,7 млрд АҚШ долларын құраған. Айырмашылығы — 5,7 млрд доллар.

Президент “былтырғы” дейді, алайда Қазақстанның 2021 жылға арналған толық көрсеткіші дайын емес. Дегенмен, әзірге бар ақпараттың өзі екі елдің статдеректерінің айырмашылығы Тоқаев айтқаннан көп екенін көрсетеді. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, 2021 жылдың 11 айында Қытаймен сауда айналымы барлығы 16,60 млрд АҚШ долларына жеткен, ал Қытайдың Бас кеден басқармасының ақпаратына сай, сол уақыт аралығындағы көрсеткіш 22,96 млрд АҚШ доллары болған. Екі ел деректерінің айырмашылық 6,36 млрд доллар көлемінде.

Материал Қазақстанның толық көрсеткіші жарияланған соң жаңарады.

Мәлімдеме: Сауалнамаға қарасақ, шетелмен сауда жасайтын адамдардың 90 пайызы жемқорлықпен бетпе-бет келген. Оның ішінде 45 пайызы кеденшілерге пара беруге мәжбүр болған.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Бұл мәлімдемесінде Тоқаев бизнес-омбудсмен кеңсесі мен “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген аноним сауалнаманы меңзеген. Сауалнама қорытындысына сай, шынымен шекарадан өткен кезде СЭҚ қатысушыларының 90%-і сыбайлас жемқорлыққа кезігеді, параның көп бөлігі кеден қызметкерлеріне төленеді (45%). Сауалнама нәтижесі туралы толығырақ төмендегі файлдан көре аласыз.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz