Палестина мен Израиль қақтығысы: дезинформацияны талдау

7 қазан таңертең Израильге палестиналық ХАМАС қозғалысы шабуыл жасады. Зымырандармен соққы жасағаннан кейін олар ел аумағына басып кіргені белгілі болды. Елдімекендер мен музыкалық фестиваль шабуыл нысанына айналды. 11 қазанда Израиль әскерінің өкілі Джонатан Корникус 1200 адам қаза тауып, 2700 тұрғын жарақат алғанын мәлім етті. Жаңа деректер бойынша, мерт болғандар саны 1300-ге жетті. Оған жауап ретінде Израиль Газа секторына контртеррорлық операцияны бастады. 2700 адам қаза тауып, 9 мыңнан астам тұрғын жараланғаны хабарланды. Соғыс қимылдары болып жатқан кезде желіде көптеген фейк пен деректерді бұрмалау пайда болды. Factcheck.kz олардың кейбірін талдайды.

Торда отырған Израиль балалары

Шабуыл кезінде ХАМАС адамдарды тұтқынға алды, олардың қатарында балалар да бар. 8 қазанда әлеуметтік желілерде торда отырған балалардың видеосы тарап кетті. Бұл – ұрлап әкеткен израильдік балалар, делінген (1, 2, 3, 4, 5, 7, 8).

Палестина мен Израиль қақтығысы: дезинформацияны талдау
ВКонтакте желісіндегі видеоның скриншоты

Үкім: Фейк

Түпнұсқа видеоның авторы ролик ХАМАС Израильге шабуыл жасағанға дейін түсірілгенін, ал онда бейнеленген балалар туыстары екенін мәлім етті. Ол әзіл ретінде түсірілген тәрізді.

Ролик тарап кеткеннен кейін израильдік FakeReporter порталы видеоны TikTok желісіне @user6903068251281 атты қолданушы ХАМАС Израильге шабуыл жасағанға дейін (4-5 қазанда) салғанын анықтады.

Палестина мен Израиль қақтығысы: дезинформацияны талдау

Бір қызығы, екінші тарап осы фактіні пайдаланып, видеодағы палестиналық немесе сириялық балалар деп сендіргісі келді.

  • Палестина мен Израиль қақтығысы: дезинформацияны талдау
  • Палестина мен Израиль қақтығысы: дезинформацияны талдау

Видеорастауды ешкім жарияламағанымен, видео авторы өзі мәлімдеме жасауды шешкен.

kashif.ps аудармасы бойынша, ер адам роликтегі Израиль балалары емес, өзінің туыстары екенін мәлімдеген. Онда тағы не айтылғаны толық түсінікті емес. Әңгіме пранк жайлы болып отырған тәрізді. Leadstories фактчекерлері түпнұсқа видеода «#الشعب الصيني_ماله_حل» хэштегі бар екенін атап өтті. Қолданушылар оны Tiktok-тағы әзіл видеоны белгілеу үшін қояды.

Египеттіктер Газа секторына су жеткізіп жатыр

Газадан кетіп қалудың жалғыз жолы – Египетпен шекараны кесіп өту, бірақ өткізу-бақылау пунктіндегі жағдай қиын. БАҚ-та жалғыз өткізу пунктінің жұмысы туралы сенімді ақпарат жоқ, ал кейбірі Египет босқындарға гуманитарлық дәліз ұсынудан бас тартқанын хабарлады. Осы оқиға аясында Желіде «Оқиғаға бей-жай қарамаған Египет тұрғындары Газаға тамақ пен су жеткізіп жатыр» делінген видео пайда болды (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8).

Үкім: Жалған         

Видео желіге жанжал ушыққанға дейін жүктелген. Мәселен оны X әлеуметтік желісінің қолданушысы @BlazianP 2023 жылдың 7 қыркүйегінде жариялаған. 11 қыркүйекте арабтық Misbar платформасының фактчекерлері видеоны тексеріп, ол Ливия-Египет шекарасында түсірілген, ал ондағы адамдар контрабандамен айналысып жатыр деген қорытындыға келді.

Египет Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізіп жатыр

Сонымен қатар Египет пен Газа шекарасындағы дағдарысқа байланысты Газаға кіру үшін рұқсат күтіп отырған гуманитарлық көмек тізбегі бейнеленген ролик тарады (1, 2, 3, 4, 5, 6).

Үкім: Жалған

Ролик израильдік 12 арнасы 2021 жылы көрсеткен видеоның үзіндісі болып шықты. Сюжетте Газаға Египет шекарасы арқылы өтетін бақылаусыз, белгісіз жүктер туралы айтылған. Жүк ХАМАС-қа арналған болуы мүмкін, сол себепті телеарнада Египет тарапынан дұрыс тексерістің жоқ екені талқыланған.

Х әлеуметтік желісі (бұрынғы Twitter) контентті «жасанды немесе арнайы өңделген медиафайл» деп белгілеген. 12 арнасының скриншоттарынан біз, шынында, тізбектелген біркелкі жүк көліктерін көреміз, сол себепті клондалған тәрізді көрінеді. Дегенмен сурет өңделген  деп нақты айта алмаймыз, себебі тасымалдауға бірдей көліктер жиі пайдаланылады.

Қатар билігі Палестинаны қолдап, жаһандық газ тапшылығы болуы мүмкін деп қорқытты

Израиль контртеррорлық операция жариялағаннан кейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та «Қатар әмірі Тамим ибн Хамад әл Тани Газаға шабуыл жасалса газ тапшылығы болады деп қорқытты» (1, 2, 3, 4, 5) деген хабарлама тарады. Кейбір жариялымдарда бейнеролик қоса берілген.

Үкім: Фейк

Dohanews басылымы бұл мәлімдемені алғаш Х әлеуметтік желісінде @Qattar_Affairs есімді пайдаланушы жариялағанын анықтады. Туит қандай да бір аудио немесе видео дәлелсіз жүктелген. Сөз сөйлеген тұсы әлеуметтік желілерге кейінгі нұсқаларында қосылған (1, 2, 3, 4, 5). Сонымен бірге Қатар әмірі жаһандық газ тапшылығын тудырамын деп қорқытқанына еш дәлел жоқ. Кейбір жариялымдарға қоса жүктелген ролик 2017 жылы жарияланған. Онда Әл Танидің «Тұрақтылық, даму және босқындар мәселесі» тақырыбындағы 17-ші Доха форумында сөйлеген сөзі таспаланған. Видеоның қазіргі қақтығысқа мүлдем қатысы жоқ.

Қазіргі @Qattar_Affairs тіркеу жазбасының жұмысын Х әкімшілігі тоқтатты, бірақ интернетте архив жазбалар сақталған.

Палестина мен Израиль қақтығысы: дезинформацияны талдау

Хамад бин Халифа университетінің таяушығыс зерттеулері доценті Марк Оуэн Джонстың Dohanews журналистеріне айтуынша, @Qattar_Affairs аккаунты күдікті. Ол үнемі Қатарға қатысты фейк ақпаратты ойлап тауып, шығарып отырады.

Журналист, сценарист. Изучала политическую журналистику.

Factcheck.kz