Польша телеарнасы Украинаның батысын Польшаға «қосып жіберді» ме?

17 қаңтарда желінің орыстілді бөлігінде картаның теледидардағы суретінің скриншоты тарай бастады. Онда Украинаның батысы Польшаның аумағы ретінде көрсетілген. Түсіндірмесінде мұның Польша телевидениесіндегі қарапайым ауа райы болжамы екені және осындай түзетулер арқылы қоғамды Украинаның батысын Польша құрамына «қайтаруға дайындап жатқаны» айтылған.

Польша телеарнасы Украинаның батысын Польшаға «қосып жіберді» ме?
Фото pravda.ru сайтындағы материалдан алынды

Оқырмандардың өтініші бойынша, Factcheck.kz редакциясы Польша телеарнасының қызметкерлері расында эфирге осындай суретті шығарды ма деген сұраққа жауап іздеді.

Үкім: Фейк

Сурет графикалық редактор арқылы өзгертілген, ал бағдарламаның өзі TVP 1HD телеарнасынан көрсетілмеген. Арна логотипі оқырман сеніміне кіру үшін пайдаланылса керек.

Толығырақ: суреттің қай жері дұрыс емес

Картаның түпнұсқа екеніне бірден күмән туды – онда елдердің шекарасы анық бөлінген, ал Украина мен Польша арасында ондай жиек жоқ, керісінше бұлдырап тұр. Әлеуметтік желі қолданушылары графикалық редактор арқылы жерді қалай оңай «басып алуға» болатынын көрсетті (123). Суретті саралау оқырманның мұқияттығына байланысты болса, елдердің атауындағы қатені польшалық желі қолданушыларының бәрі бірден байқады (12): жалған карта авторлары ди-, три- және тетраграфтарды пайдаланбаған, сол себепті SŁOWACJA картада SLOWACJA деп жазылса, BIAŁORUŚ атауы BIALORUS боп кеткен.

Польша телеарнасы Украинаның батысын Польшаға «қосып жіберді» ме?

Кейінірек фейк жаңалыққа TVP өзі де ресми пікір білдірді, себебі осы телеарнаның логотипі скриншотта көрсетілген. Арнаның ресми хабарламасында суреттің жалған екені, ал логотип сенім ұялату үшін пайдаланылғаны түсіндірілген. Шын мәнінде TVP 1HD-дегі ауа райы болжамы мынадай:

Польша телеарнасы Украинаның батысын Польшаға «қосып жіберді» ме?
TVP 1HD арнасындағы 2023 жылдың қаңтарындағы ауа райы болжамы

Телеарнаның Youtube-тағы видеожазбаларына қарасақ, TVP 1HD-дің студиясы мен картасының дизайны жалған ақпараттағыдан басқаша екенін байқауға болады. Ал өзгертілген скриншоттағы жүргізуші қыз телеарнада жұмыс істемейді. Польша метеорология порталының хабарлауынша, қыздың суреті TRWM (Radio Maryja) арнасынан алынған.

Польша телеарнасы Украинаның батысын Польшаға «қосып жіберді» ме?

Тағы бір «Польша картасы»

Ауа райы туралы бағдарламаның жалған скриншотынан бөлек, медиада біраз уақыттан бері тағы да TVP 1HD телеарнасының жаңалықтар бағдарламасынан үзінді тарап жатыр. Онда Украинаның бөліну картасы бейнеленіпті-міс.

Карта суретінің скриншоты 2022 (1234), 2019, 2017, тіпті 2015 жылғы  жариялымдарда тараған.

Польша телеарнасы Украинаның батысын Польшаға «қосып жіберді» ме?
Сурет rusdozor.ru сайтындағы материалдан алынды

Үкім: Манипуляция

Бағдарламаның мұндай шығарылымы шынында болған және польшалық TVP 1HD арнасынан 2014 жылдың наурызында көрсетілген. Бірақ, Украинаның аумағын «бөлуді» Польша емес, ресейлік саясаткер Владимир Жириновский ұсынып, Польша СІМ-не ресми хат жолдаған. Жаңалықты таратқан телевизия қызметкерлері жай ғана Жириновскийдің хатының мазмұнын карта арқылы көрсетпек болған.

Украинаның батысында бағалар Польша злотыйымен көрсетілген бе?

Польша көп жылдан бері Украина аумағын басып алғаны туралы болжамды растамағандықтан, дезинформаторлар мен пропагандистерге «көрінбейтін», «үндемейтін» оккупация түрлерін ойдан шығаруға тура келеді (12). Мұндай «көрінбейтін аннексия» мысалы ретінде Украина дүкендеріндегі бағалар гривеннен бөлек, польшалық злотыймен көрсетіліпті-міс (123) деген ақпаратты келтіруге болады. «Қос бағаны» іздеуге әуелде «Наша Ніва» журналистері аттанды, бірақ ештеңе таппады. Кейінірек VoxCheck фактчекерлері «фотодәлелдің» бәрі қарапайым монтаж екенін анықтады.

Контекст

«Агрессив» Польша туралы миф – кремльшіл пропагандалық БАҚ-тың өте жиі қозғайтын тақырыбы. Біздің тексеруіміз көрсеткендей, нарратив бірнеше жылдан бері бар. Дегенмен 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін танымал боп кетті. Қазіргі күні Польша Украинаға гуманитарлық және әскери көмек көрсету бойынша алдыңғы қатарда тұр.  

Factcheck.kz