Министр Умаров, «қисынсыз мәлімдемелер» мен «Ресейге кіруге тыйым салынған» – талдаймыз

2022 жылдың 11 қаңтарында қазақстандықтарға жаңа үкімет құрамына кімдер кіргені белгілі болды. Ал бірнеше сағаттан кейін ресейлік БАҚ, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Қазақстанның ақпарат министрі болып русофоб (орыстарды жек көретін адам) тағайындалды» деген жаңалық тарай бастады (мысалы: мында, мында және мына жерде). Әңгіме жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болған, ал оған дейін «ҚазАқпарат» ХАА АҚ басқарма төрағасы болған Асқар Умаров туралы болып отыр. Тараған ақпараттарда Умаровты орыстар мен Қазақстандағы орыс тіліне қатысты агрессивті мәлімдемелері үшін жазғырып жатыр. Бұл мәселе қоғамдық резонанс тудырғандықтан оқырмандардың сұранысы бойынша Factcheck.kz осы оқиғадағы танымал екі сюжетті тексерді.

Редакция ұстанымы: Біздің пікірімізше, шенеунікке ескі мәлімдемелеріне қарап емес, қызметте болған уақытында жариялаған және жүзеге асқан нақты бастамаларына қарап баға беру керек. Шын мәнінде, 10 жыл бұрынғы пікірі үшін бағалау – дұрыс емес.

Біз Ресей саясаткерлерінің күмәнді мәлімдемелеріне бірнеше рет тексергенбіз, оның ішінде РФ мемлекеттік дума депутаттарының Қазақстанға қатысты мәлімдемелерін де талдадық. Бірақ олардың көбі медиада шу тудырғанымен, саяси салдары болған жоқ. Мемлекеттік дума депутаты Султан Хамзаевтың Алматы трагедиясына қатысты мәлімдемелерін су жаңа мысал ретінде келтіруге болады.

Асқар Умаровтың қандай министр болатынын жақын арада бастамалары мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қызметінен байқаймыз. Сондықтан әзірге “байбалам салу” ерте.

Әлеуметтік желілерде осы тақырыпқа қатысты ең танымал болған пост – Россотрудничестваның басшысы Евгений Примаковтың Телеграм-арнадағы посты болса керек.

Министр Умаров, «қисынсыз мәлімдемелер» мен «Ресейге кіруге тыйым салынған» - талдаймыз
Евгений Примаков постының скриншоты

Россотрудничества жаңа министрмен жұмыс істеуден бас тартады делінген Примаков месседжін БАҚ таратқан (мысал), ал біраз уақыт өткен соң жаңалықтар ресурстарында министр Умаровтың жауабы жарияланды. Ол өзінің жеке Facebook парақшасында олар айтқандай адам еместігін жазып, өзінің толеранттық пен халықтар достығы принципін ұстанатын адам екенін мәлімдеді.

Министр Умаров, «қисынсыз мәлімдемелер» мен «Ресейге кіруге тыйым салынған» - талдаймыз
Асқар Умаровтың Facebook-тағы посты

Кейінірек Примаковтың қарсылығына «Роскосмос» басшысы Дмитрий Рогозин қосылып, өзінің телеграм-арнасында Байқоңыр ғарыш айлағындағылар министрді қуана қарсы алмайтынын жазды.

Асқар Умаровтың мәлімдемелеріне қатысты мәселе Ресейде бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Мәселен, 2021 жылдың тамызында Қуат Ахметовтың «тіл сақшысы» жанжалы туындаған кезде «Радио комсомольская правда» хабарының бірінде Умаровтың Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болып тағайындалғаны талқыланып, сол кезде де қазір БАҚ-та айтылып жатқан мәлімдемелер көтерілді. Дегенмен қазіргі тағайындау орыстілді ақпарат алаңында үлкен дау тудырғаны анық.

Біріншіден, желідегі Ақпарат және қоғамдық даму министрі туралы айтылып жатқан хабарлардың бәрін Умаров мырзаның әр кезеңдерде орыстарға қатысты желіде жариялады делінген жазбалары біріктіреді. Біз қазіргі министр шынында сондай пікірлер жазды ма деген сұраққа жауап іздейміз. Екіншіден, Асқар Умаровқа Ресейге кіруге тыйым салынды деген деректі де тексереміз.

Еске сала кетейік, біз тексеру кезінде тек ашық, қолжетімді деректерді негізге аламыз.

Министр Умаров пен оның ескі мәлімдемелері

БАҚ министр айтты деп түрлі мәлімдемелерді таратып жатқандықтан, біз Евгений Примаковтың посты мен басқа танымал жариялымдарда бар танымал үш пікірді тексеруді жөн көрдік.

Аскар Умаровтың жеке Facebook парақшасынан осыған ұқсас пост мүлдем таппадық. Дегенмен желі қолданушылары министрдің бұрын «Тюрк Медиа» деген парақшасы болғанын және сол парақша арқылы осындай мәлімдемелер жасап отырғанын жазып жатыр.

Оған қоса, тағы бір мәлімет журналист Ярослав Красиенконың Умаров мырзаның сынына арналған «Обыкновенный фашизм в Казахстане» мақаласында айтылған. Біздің мақсатымыз – мәлімдемелерді тексеру, біз Красиенко мырзаның мақаласына, оның берілуі мен мазмұнына баға бермейміз.

Мәтінде Примаков постында айтылған үш цитата да бар. Оның екеуі мәтін түрінде (Жеңіс күні мен орыс кәсіп басшылары туралы), ал біреуі (отарлаушылар туралы) скриншот түрінде. Контексттің жоқ екенін айта кетейік. Яғни біз мұндай хабарлардың қандай жағдайда жарияланғанын, оның пост әлде пікір екенін, ал отарлаушылар туралы пікірге келер болсақ, – «Тюрк Медиа» қолданушысы жауап беріп отырған адам не туралы жазғанын білмейміз.

Мәлімдемелерді тексермес бұрын «Тюрк Медиа» парақшасы расымен Асқар Умаровқа тиесілі ме – соны анықтап алу қажет. Екі сұраққа да жауапты біз сол кезеңде turk-media.info сайтында Асқар Құмыран атымен (Асқар Умаровтың  Facebook-тегі аккаунты – askar.kumyran) жарияланған Умаровтың «Комментокопатель или синдром «заказухи»» материалынан таптық. Ол Ярослав Красиенконың сұрақтарына жауап берген.

Умаровтың пікіріне баға бермей тұрып, мақаладан екі факт шығардық: біріншісі – Умаров жариялымда өзінің «Тюрк Медиа» аккаунтына қатысы барын жоққа шығармайды; екіншісі – Красиенко мақаласында тізілген пікірлердің авторы екенін де жоққа шығармайды. Дегенмен, бұл пікірлер мәтіннен үзіп алынғанын және белгілі бір пост пен пікірлерге қатысты «қатаң реакция» болғанын жазды.

Қазір «Тюрк медиа» парақшасы мен turk-media.info сайты жоқ, оның мақаласы шыққан Ярослав Красиенконың сайты да жоқ.

Асқар Умаровқа Ресейге кіруге тыйым салынған ба?

Көптеген ресейлік БАҚ пен әлеуметтік желідегі топтар министрдің Ресейге кіруіне тыйым салынған деп жазғанымен (мысал: мында, мында және мына жерде), бұл ақпарат ресми түрде расталмаған. Жариялымдарда жауапты мемлекеттік органдардың нақты мәлімдемелеріне сілтеме берілмеген. Сондай-ақ, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге берген пікірінде «Ресей Қазақстанның жаңа министрлер кабинетінің барлық мүшесімен жұмыс істеуге дайын» деп хабарлады. Нақты ақпарат министріне келер болсақ, Песков былай дейді:

Шынында ыңғайсыз, қисынсыз мәлімдемелердің болғаны рас. Бірақ Қазақстан президенті, біздің серіктес, одақтас мемлекеттің президенті өзінің министрлер кабинетін тағайындап, Умаров мырзаға сенім білдіргенін ескерген жөн. Умаровтың жаңа қызметінде жасайтын мәлімдемелеріне қарап баға берген дұрыс. Сондай-ақ, президент Тоқаев тағайындаған министрлермен өзара жұмыс істеп, серіктестікті нығайту керек.

Нақты айтылмаса да, осы мәлімдемеден Асқар Умаровқа Ресейге кіруге тыйым салынбағанын байқауға болады. Әйтпесе жоғарыда айтылған серіктестік қалай нығаймақ?

Бұған дейін ресейлік БАҚ (мында және мында) тағы да ешқандай ресми дерекке сілтеме бермей Умаров мырзаның Ресейге кіруіне тыйым салынуына кезінде министр басқарған kazinform.kz сайтында Қазақстанның картасы жарияланғаны себеп болған. Картада Қазақстанға Ресей, Қытай және Өзбекстан жерлері қосылған.

Министр Умаров, «қисынсыз мәлімдемелер» мен «Ресейге кіруге тыйым салынған» - талдаймыз
Суреттің алғаш қайда шыққаны белгісіз

Картаның жариялануына қатысты жағдай 2017 жылы болды және оған назар аударылғаннан кейін көп ұзамай өшірілді. Қолжетімді ақпарат бойынша, мақала қазақ тілін модернизациялауға арналған (байқап отырғанымыздай, картадағы атау латын қарпімен жазылған), сол себепті мақаланы дайындау кезінде картадағы шекара сызығына назар аударылмай қате кеткен тәрізді. Ал сурет желіде кем дегенде 2014 жылдан бері тарап келе жатыр, сол себепті біз оны мақала авторлары жасаған жоқ деп айта аламыз. Сонымен қатар, иллюстрация жергілікті БАҚ-тың басқа да материалдарында жарияланған, мәселен, Informburo.kz сайтында еліміздің ағылшын тілінде жаңаша дұрыс жазылуы талқыланған кезде қолданылған.

Осы жағдай кіруге тыйым салуға себеп болғаны ашық дереккөздермен расталмады. Ресейдің жауапты органдарынан ресми мәлімдемелер де болған жоқ. Себептің өзі қисынсыз көрінеді. Салыстыратын болсақ – былтыр «тіл сақшысының» ұйымдастырушысы Қуат Ахматовпен болған оқиғадан кейін Ресей ІІМ тез арада мәлімдеме жариялап, Ахметовке 50 жылға елге кіруге тыйым салынғанын хабарлаған еді.

Қорытынды

  • Тексеру барысында анықтағанымыздай, Евгений Примаковтың постта көрсеткен мәлімдемелері расымен Асқар Умаровқа тиесілі және 2012 жылдан бері айтылған. Талқыланып жатқан жариялымдар жасалған парақша қазір өшірілген. Умаровтың қазіргі парақшасында мұндай мәлімдемелер жоқ. Айта кеткен жөн, Умаров туралы жағымсыз материалдарда пайдаланылған пікірлерді Умаров 2011-2012 жылдары жазған.
  • Министрге Ресейге кіруге тыйым салынғаны туралы ақпарат сенімді дереккөздерден дәлел болмағандықтан расталмады.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz