Көк үкінің фотосы жалған болып шықты — Snopes

Әлеуметтік желіде қауырсыны мен көзі көкпеңбек ерекше үкінің фотосы тарады. Алайда Snopes басылымының фактчекерлері мұндай құстардың табиғатта жоқ екенін хабарлады.

Фактчекерлер құстың 2022 жылғы 24 қарашада жарияланған суретін тапты. Оны Facebook қолданушыларының бірі жариялаған. Қолданушылар бір аптада жазбаны 2 000 рет бөліскен.

Көк үкінің фотосы жалған болып шықты — Snopes
Пост скриншоты

Үкінің суреті Twitter желісінде де кеңінен тарады. Мысалы, 2022 жылғы 1 желтоқсанда @jimrosecircus1 парақшасы құстың фотосын жариялаған. Келесі күні сурет 150 мыңға жуық лайк жинаған. Оның сипаттамасында: «Менің жаңалықтар лентамда осы сүйкімді көк үкінің болуына қарсы емессіздер деп үміттенемін»,-деп жазды.

Алайда Twitter дәл осы жазба астына: «Мұндай көк үкі жоқ. Әдемі көрінеді, бірақ бұл өтірік» деп жалған ақпаратқа қатысты ескерту жасады.

Brittanica.com энциклопедиясына сәйкес, үкілердің түсі ақ, қоңыр түстің түрлі реңкінен сұр немесе қызғылт (қызыл), қара қоңырға дейін өзгереді.

Мистификацияны әшкерелеуші @HoaxEye Twitter-де суретті жасанды интеллект жасаған болуы мүмкін екенін айтты. Суреттерді өңдеу жөніндегі маман @Valdevia_Art фотоның Adobe Photoshop бағдарламасындағы қарапайым манипуляциялар емес, жасанды интеллект арқылы жасалғанын растады.

Сонымен қатар бұл көк үкінің суреті әлеуметтік желіде бірінші рет тарап жатқан жоқ. 2021 жылы USA Today фактчекерлері «Филиппиндік көк үкі» суретін жоққа шығарды. Ал VisitCryptoVille.com бес жыл бұрын дәл сол фото туралы жазба жариялады.

Factcheck.kz