Upd 17.01.2025: Материал сайтында жарияланған мәтіндерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу ережесіне сай өзгертілді.
2024 жылдың 25 желтоқсанында Ақтау маңында болған және 29 желтоқсанда Оңтүстік Кореяда болған ұшақ апаты тұрғындарды дүрліктіріп, әлеуметтік желіде ұшақ апаттары мен әуе қауіпсіздігіне қатысты ақпарат көп тарай бастады. Деректердің бірінде (1, 2, 3) ұшақтың артқы бөлігінде отыру ең қауіпсіз екенін және ұшақтың артқы бөлігінде отырған жолаушылардың апат кезінде аман қалу ықтималдығы 69% екені айтылады.
Factcheck.kz әлеуметтік желіде кең тараған бұл деректің қаншылықты шындыққа жанасатынын тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Сарапшылардың пікірінше, ұшақтағы ең қауіпсіз орын — ұшақтың артқы үштен бір бөлігі. АҚШ-тың Федералды авиация әкімшілігінің (FAA) 35 жылдық деректеріне негізделген зерттеу нәтижесінде апат кезінде ұшақтың артқы бөлігінде өлім ықтималдығы— 32%. Бұл көрсеткіш ортаңғы бөлікте 39%-ке дейін, ал алдыңғы бөлікте 38%-ке дейін өседі.
Әлеуметтік желіде тараған ақпарат
Үкім: Жартылай шындық
АҚШ-тың Федеральды авиация әкімшілігінің ұшақ апаттарына қатысты деректері сарапталып, зерттеу нәтижесі ұшақтың артқы бөлігі қауіпсіз екенінін көрсеткені рас.
Алайда АҚШ-тың Федералды авиация әкімшілігінің (FAA) өзі ұшақта ең қауіпсіз деп белгілейтін орын болмайтынын айтқан. Әрі зерттеулерде қарастырылған ұшақ апаттарының саны көп болмағандықтан бұл талдаулар толыққанды сенімді деп айту қиын және зерттеулер барлық ұшақ апатының ортақ тенденциясын көрсете алмайды.
2015 жылы TIME 17 ұшақ апатына анализ жүргізіп, апат кезінде ұшақтың артқы бөлігінде отырған жолаушылардың өлім қауіпі — 32%; ортаңғы бөлікте — 39%, ал алдыңғы бөлікте — 38% болғанын жазған. Оған қоса, TIME жолаушылардың отыру қатарын қарастырып, ұшақтың артқы қатарындағы ортадағы орындардың ең қауіпсіз екенін айтады. Ондағы өлім қауіпі 28% екенін көрсеткен.
Сонымен қатар 2017 жылы Popular Mechanics 20 ұшақ апатын талдап, ұшақ апаты кезінде борттың артқы бөлігінде отырған жолаушылардың аман қалу мүмкіндігі 69% ал алдыңғы бөлігінде отырған жолаушылардың аман қалу ықтималдығы 49%-ке тең деген тұжырымға келген. Ал ұшақтың қанат бөлігінде немесе ортаңғы бөлігінде отырған жолаушылардың аман қалу мүмкіндігі 56% делінген. Көп медиа осы деректерге сүйенсе керек.
Материалда талданған Popular Mechanics зерттеуінде ұшақтың қанат бөлігінде немесе ортаңғы бөлігінде отырған жолаушылардың аман қалу мүмкіндігі 59% емес 56% екенін көрсеткен.

Ұшақ апаттарының әртүрлі сипатта және апатқа әртүрлі фактор себеп болатынын ескерсек ұшақ апаты кезінде борттың қай бөлігі қатты зақымданатынын немесе осы бөлік ең қауіпсіз деп айту қиын.
Контекст
Кейінгі кездегі ұшақ апаттарына қарамастан жолаушылардың бұл тасымал түрі ең қауіпсіз саналады. Массачусетс технологиялық институтының 2024 жариялаған зерттеуіне сай, 2018-2022 жылдар аралығында әлем бойынша әуе тасымалы кезінде 13,7 миллион жолаушының тек біреуі ғана өлім қаупіне ұшыраған. Бұл көрсеткіш алдыңғы онжылдықтармен салыстырғанда едәуір жақсарған: 1968-1977 жылдары — әрбір 350 000 жолаушыға шаққанда және 2008-2017 жылдары — 7,9 миллион жолаушыға шаққанда 1 жолаушыға өлім қаупі төнген.
Сонымен қатар, Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) мәлімдеуінше 2023 жылы ұшақ апаттың жалпы деңгейі миллион секторға шаққанда 0,80-ді көрсеткен (әрбір 1,26 миллион рейс үшін бір апат), ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 1,30-ға тең болған.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.