Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігін Бразилияға жібереді

Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясы ұшағының қара жәшіктері Бразилияда ашылады. Бұл туралы Қазақстанның көлік министрлігі хабарлады.

«Чикаго конвенциясының 13-ережесіне сәйкес, қара жәшіктерді қай елде ашып оқуды ұшақ апатына тергеу жүргізетін ел шешеді. Қазақстан бұл конвенцияны 1992 жылы ратификациялады әрі халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) мүшесі», – делінген хабарламада.

Ақтау маңындағы ұшақ апатын тергеу жөніндегі комиссия Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық билік өкілдерімен кеңесе отырып, қара жәшіктерді Бразилиядағы авиация оқиғаларын тергеу орталығына (CENIPA) жіберуді ұйғарған.

CENIPA орталығында қажетті техникалық құралдар қарастырылған, қара жәшікті оқу үшін сертификатталған зертхана бар.

25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырағанын еске салайық. Салдарынан 38 адам қаза тапты. Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.

Euronews басылымы бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Ресей президенті Владимир Путин өз бастамасымен Әлиевке қоңырау шалып, Әзербайжан басшысынан кешірім сұраған.

Басты беттегі сурет ТЖМ сайтынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz