Қазақстандағы ақбөкен саны Кеңестік кезеңдегіден асып түсті ме?

Жақында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстандағы ақбөкен санын реттейтін бұйрыққа қол қойды. Былтыр оның алдындағы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев жануарлар дүниесін мемлекеттік деңгейде қорғау үшін қабылданған шаралардың арқасында 2003 жылдағы 21 мың бас ақбөкен 2022 жылы 1 миллион 318 мыңға дейін жеткенін мәлімдеді. Осылайша, 2022 жылдағы ақбөкендер саны кеңестік кезеңдегі ақбөкен санынан 1 миллион 200 мыңға асып түсті деседі (1, 2). Factcheck.kz деректі тексеріп көрді.

Өзбекстандық зоолог Елена Крейцберг-Мухинаның кеңестік дәуірдің әртүрлі онжылдығындағы ақбөкен популяциясын сипаттайтын («ДАЛА ХАБАРШЫСЫ» № 17, 2005 ж.) басылымында былай делінген: «Қатаң қадағалау мен қорғаудың арқасында мүмкін емес нәтижеге жетті. 1940-1945 жылы бұл жануар түрі өзінің бұрыннан мекендеген жерінде кең тарады. 1957-1958 жылдары Кеңес Одағында ақбөкендердің саны 2 миллионнан асты».

Қазақстанның биоалуандықты сақтау қауымдастығының мәліметі бойынша, ақбөкен тек қазіргі Қазақстан аумағында емес, Ресей мен Өзбекстан далаларында да кездесетін. Сондықтан 2 миллион ақбөкен Кеңес одағында болған бірнеше елдің аумағында мекендеген болуы мүмкін.

Әйгілі неміс зоологы және жазушысы Бернард Грзимек 1965 жылы КСРО-ға сапарынан алған әсерлері негізінде жазған «Жабайы жануар және адам» кітабында ақбөкендерге тұтас бір тарау арнап, оны «Қазақстанның кереметі» деп атайды. Ғалым ХХ ғасырдың басында жойылу қаупі төнген түрдің биліктің күш-жігерімен бірнеше ондаған жыл ішінде қалай кең тарағанын, тіпті көп болғанын сипаттайды.

«1947-1948 жылы Қазақстанда ақбөкеннің саны 100 жыл бұрынғыдай болды. 1951 жылы олардың саны 900 мыңға жуық болса, 1960 жылы 1,3 миллион болды. 1954 жылға қарай ақбөкендердің далада кең тарағаны соншалық, олар ауылшаруашылық дақылдары алып жатқан жерлерге дейін жетті», – деп жазды зоолог, Франкфурт хайуанаттар бағының директоры Грзимек. Сонымен қатар автор кітабында ақбөкенді санау әдісін, сою тәсілін, ешкімге зиян тигізбей, жануар аулау мәселесін баяндайды.

Оған қоса В.Е.Соколов пен Л.В.Жириновтың қызық монографиясы («Ақбөкен. Филогения, систематика, экология, қорғау және пайдалану» Мәскеу, 1998) бар. Кітапта ХХ ғасырдағы ақбөкендер саны туралы толық деректер келтірілген. 20-30 жылдары ақбөкен браконьерлер мен жұттың кесірінен жойылып кете жаздады. Қорғау шаралары енгізілгеннен кейін, соғыстан кейінгі жылдары Қазақ КСР-де ақбөкен популяциясының тұрақты өсімі байқалды.

Әуе есебінің деректері негізінде құрастырылған кестеде мынадай сандар келтірілген: Бетпақдаладағы ақбөкен саны 1954 жылы 663 мың, 1960 жылы 690 мың бас болған (бұл жылдардағы республикадағы жалпы саны көрсетілмеген). 1964 жылы Қазақ КСР-де ақбөкеннің жалпы саны 700 мыңға, 1971 жылы 1,1 миллионға, 1974 жылы 1,2 миллионға жетті. Соңғы көрсеткіш ақбөкеннің таралуының рекорд саны болып саналады. Кейін ақбөкен саны азайған. Мысалы, 1993 жылға дейін 500-900 мың аралығында көбейіп-азайып отырды.

Бір қызығы, деректер Бернард Грзимектің кітабындағы сандармен (1960 жылы – 1,3 миллион) сәйкес келмейді. Дегенмен тапқан дерегіміз бір қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Үкім: Шындық

КСРО-ның құрамында болғанда Қазақстандағы ақбөкендердің жалпы саны көп дегенде 1,2 миллион басқа жетті. Тиісінше, былтырғы экология министрінің “2022 жылы елдегі ақбөкен саны 1,3 миллионға жетіп, Кеңестік кездегі көрсеткіштен асып түсті” деген мәлімдемесі рас (құзырлы органдардың биыл жариялаған мәліметіне қарағанда, ақбөкеннің саны тағы да артқан).

Журналист, медиакритик, фотограф. Работал на ТВ (телеканалы «Алматы», Astana, КТК, 7 канал), в печатных и мультимедийных интернет-изданиях, сотрудничал с проектом «Радиоточка» до его закрытия в 2017 году, занимался медиакритикой в издании «Новый репортёр».

Factcheck.kz