Фактчек | Тоқаев Қазақстан өңірлерінде кіріс артқаны туралы рас айтты ма?

Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында өңір бюджеттерін өзін-өзі қамтамасыз ететін дәрежеге жеткізу қажет екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, бұған дейінгі салық пен төлемдердің бір бөлігін жергілікті бюджетке беру бастамасы тиімділігін дәлелдеп, былтыр өңірлердің табысы 30%-тен астам өскен. Factcheck.kz редакциясы осы есептеулердің қаншалықты дұрыс екенін тексереді.

Мәлімдеме: Жаңа экономикалық үлгіге көшу аясында өңірлердің бюджет дербестігі дәрежесін көтеру керек. Корпоративті табыс салығы мен басқа төлем түрлерінің бір бөлігін аймақтардың өзіне беру шешімі оң нәтиже көрсетті. Былтыр өңірлердің табысы 30%-ке артты.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Манипуляция

ҚР Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, өңірлердің 2021 жылдан 2022 жылға дейінгі жалпы кірісі артқан, бірақ өсім 23% болды. Сондай-ақ мұндай өзгеріс әр өңірде әртүрлі екенін ескерген жөн. Мәселен, елдің кей облысында табыс 30-40%-ке дейін өссе, басқаларында тек 10-15% артқан болуы мүмкін. Екі облыста бұл көрсеткіш тіптен төмендеп кеткен.

Мемлекет басшысы өңірлер туралы айтқанда республикалық маңызы бар қалаларды есептеген болар деп болжадық. Бірақ тіпті Астана, Алматы мен Шымкентті қосқанның өзінде кіріс 25,5% қана болды.

Трансферттерді ұстап қалып, республикалық маңызы бар қалаларды қосқанда ғана 30% өсті деп айтуға болар еді. Бірақ президент трансферт бөлу нәтижесінде кірістің өскенін айтқаны анық.

Сонымен қатар, Тоқаев жергілікті бюджет құрамындағы трансферт үлесін төмендету қажет екенін айтты. Әзірге ол 1% қана болып тұр.

Толығырақ

Жергілікті бюджеттерді біртіндеп бейорталықтандыру 2020 жылдың 1 қаңтарынан шағын және орта бизнес корпоративтік табыс салығы бойынша төлемдерді аударудан басталды.

ҚР Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, облыс және қала бюджеттерінің табысында өсім байқалады. Тоқаев сөзінде өңірлердің табысы туралы айтқандықтан, есептен республикалық маңызы бар қалаларды алып тастаған жөн. Осылайша, өңірлер 2020 жылы 5,8 трлн теңгеден астам, 2021 жылы 6,5 трлн-нан, 2022 жылы 8 трлн-нан астам қаржы алды.

Кестеге назар аударсақ, өңірлер бойынша Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарынан басқасында өсу байқалады. Екі облыстың кірісі, керісінше, төмендеген.

Жергілікті бюджет жеке табыс пен трансферттен тұратынын айта кеткен жөн. Облыс бюджеттерін бейорталықтандыру туралы айтқанда Тоқаев трансферттердің үлесін азайту маңызды екенін атап өтті.

Қазынаны кезең-кезеңімен бейорталықтандыру қорытындысы бойынша республикадан жергілікті бюджет кірісі құрылымындағы трансферт үлесі орта есеппен 25%-ке дейін төмендеуі қажет (қазір 50% шамасында).

Қасым-Жомарт Тоқаев

Біз кіріс артқан кезде бюджет құрылымы өзгере ме деген сұраққа жауап іздеп көрдік.

Бюджет құрылымынан біз жеке табыспен қатар трансферт сомасы да артатынын көріп отырмыз. Сонымен қатар, өңірлер кірісінің өсімі бірыңғай емес, мәселен: Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының кірісі трансфертті қоспағанда 36-46%-ке жетсе, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстары 20% көрсеткішті де көрсете алмаған. Оған қоса үш облысты (Абай, Ұлытау және Жетісу) салыстырып, талдау мүмкін емес, себебі олар 2022 жылдың ортасында ғана құрылды. Сонымен қатар жергілікті бюджеттердің жаңа экономикалық үлгісінің идеясы трансферт үлесін қысқарту болғандықтан, бір жыл ішінде ол тек 1%-ке азайғанын айта кетейік.

Factcheck.kz