Фактчек | Билл Гейтс, цифрлы фашизм мен АҚШ-тағы сөз еркіндігі

4 ақпанда 370 мың тіркелушісі бар телеграм-арна «Билл Гейтс цифрлы фашизмнің жаңа түрін енгізуді бастады» деген мәлімдеме таратты. Материал жазылып жатқанда жазба 120 мыңға жуық қаралым, 3 мыңнан аса реакция жинады. Factcheck.kz мәліметтің рас-өтірігін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Билл Гейтс цифрлы фашизмнің жаңа түрін енгізуді бастады

Microsoft корпорациясы АҚШ-тың ресми “демократиялық” контекстіне сай келмейтін жаңалықтарды жариялайтын пайдаланушылардың компьютерін өшіру жұмысын бастады.

Компания қауіпті әлеуметтік эксперимент жасамақ. Ой мен жаңалық бөлісу еркіндігі — жақын арада идеалдан алыс, құндылықтары бұзылған батыс элитасының қолында болады. Мұның бәрі цифрлы фашизмнің жаңа формасын құруға әкеледі.

«Осташко! Важное» телеграм-арнасынан

Жазбадағы скриншотқа сүйенсек, бұл мәлімет ағылшын тілді «The People’s Voice» сайтынан (бұрынғы атауы —«NewsPunch» / «Your News Wire») алынған. Ондағы «дереккөзге» сай, «Microsoft» компаниясының бас директоры Сатья Наделла «NBC News» арнасына берген сұхбатында «жасанды интелекттің АҚШ-тағы сайлауға қалай қауіп төндіретіні» туралы айтқан-мыс.

Үкім: Фейк

Біріншіден, Билл Гейтс өз сайтында да, «Microsoft» компаниясының сайтында да мұндай мәлімдеме жасаған жоқ. Екіншіден, телеграм-арна сілтеген «The People’s Voice» (бұрынғы «NewsPunch» / «Your News Wire») сайты дәлелсіз мәлімдеме жасаған. Бұл сайт фейк ақпарат таратуымен әйгілі екенін де айта кету қажет.

Мәселен, «Poynter» есебіне сәйкес, 2017-2018 жж. «Snopes», «FactCheck.org», «PolitiFact» және «Associated Press» секілді аккредиттелген басылымдардың фактчекерлері «The People’s Voice» сайтында 80-нен астам фейк ақпаратты әшкерелеген.

«The People’s Voice» «Reclaimthenet.org» сайтына сілтеп, «Алайда, Наделланың жауабы оның жалған ақпарат деп атаған нәрсемен күресу үшін контентті цензуралау технологиясын қолдануға дайын екенін білдіргендей болды» деп жазған.

Шындығында, «Reclaimthenet.org» сайты бұлай жазбаған. Басылым «NBC News»-тің сұхбатына шолу жасап, Наделла мәлімдемелерін келтірген. Оған сай, «Microsoft» компаниясы АҚШ-тағы 2024 жылғы сайлау қарсаңында әлеуметтік желіде тарайтын дезинформация мәселесімен күресу үшін «дипфейкті анықтау, ЖИ жасап шығарған контентке уотермарк қою, content ID сияқты технологиялық шешімдерді қолданбақ». Наделленың айтуынша, «алдағы сайлау — жалған ақпарат тарату, пропаганда мен қарсыластардың сайлауға араласуымен күрескен бірінші сайлау емес».

Неліктен Билл Гейтске қатысты жалған ақпарат көп?

Бұған дейін Factcheck.kz Билл Гейтске қатысты бірнеше жалған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын анықтады. Осы орайда Гейтске қатысты дезинормация неліктен көп деген сұрақ туады.

Билл Гейтс 2015 жылы «TED»-те «әлем жаһандық пандемияға дайын емес» екенін айтты. 2019 жылы коронавирус індетінің кезінде бұған қатысты қастандық теориялары көбейе түсті. Оған сай, «Билл мен Мелинда Гейтс қоры» Африка мен Үндістандағы балаларға вакцина салып сынақтан өткізген, нәтижесінде мыңдаған бала жарақаттанған-мыс. Сондай-ақ, Кениядағы «сіреспеге қарсы вакцина құрамында түсік жасатуға арналған қоспалар бары» туралы мәлімдемелер тараған. Ал басқа теориялар Гейтс екпе арқылы адамдарды «микрочиптеуді мақсат ететінін» айтады.

«Bill & Melinda Gates Foundation (BMGF)» — денсаулық сақтау, вакцинаны әзірлеу және тарату, білім беру және климатты қорғау мәселелерін көтереді. Денсаулық сақтау саласындағы жаһандық бастамаларға, вакцинаға күмәнмен қарайтындар — Гейтстің айналасында қастандық теориясының көбеюіне әкелді.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz