Сау адамға қан тазарту қажет пе?

Әртүрлі жеке клиникаларда (1, 2, 3, 4) және әлеуметтік желілерде (1, 2, 3) плазмаферез процедурасы жарнамаланады. Бұл ауруларды емдеуден басқа, ағзаны токсиндерден арылтуға және оны «жасартуға» ықпал ететін қан тазарту процедурасы деп айтылады. Пост астындағы түсініктемелерге сүйенсек, тері проблемалары, аллергия және гипертония үшін ұсынылатын өте танымал терапия.

Factcheck.kz редакциясы салыстырмалы түрде сау адамға қан тазарту керек пе, жоқ па, осы туралы тексеруді жөн көрді. Мәселенің мән-жайын түсінуге бізге гематолог-дәрігер Айгүл Қалиева көмектесті.

Үкім: Жалған

Қан тазалау я болмаса қан құю процедураларына медициналық көрсетілімдері жоқ адамға оларды «детоксикация» мақсатында жүргізу ұсынылмайды. Әдетте, ағзаны бүйрек пен бауыр тазартады.

Қан тазарту қашан, кімге керек?

Алдымен қан тазарту және қан құю процедуралары арасындағы айырмашылықты білу керек. Бұл екі түрлі медициналық процедура. 

Айгүл Қалиева айтуынша, қан тазарту бүйрек пен бауыр қандағы токсиндермен күреспесе  ғана зиянды заттарды кетіруге бағытталған. Мысалы, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі, сепсис, уланудың кейбір түрлері немесе аутоиммундық бұзылулар сияқты ауыр аурулар кезінде. Қан тазарту процедурасын жүргізу туралы шешімді диагнозға және науқастың жалпы жағдайына байланысты дәрігер қабылдайды.

Клиникалық жағдайға байланысты процедура әртүрлі әдістермен жүргізілуі мүмкін.

Диализ — қанды сүзу және метаболизм қалдықтары мен артық сұйықтық сияқты заттарды кетіру үшін арнайы жабдық қолданатын процедура. Созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі кезінде диализ қажет болуы мүмкін. 

«Диализ процедурасы қанның артық метаболикалық өнімдері мен артық сұйықтықты кетіретін арнайы сүзгі (диализатор) арқылы өтуін қамтиды. Диализдің екі негізгі түрі бар  — гемодиализ және перитонеальді диализ», – дейді Қалиева.

Плазмаферез әдісін аутоиммунды ауруларда қолдануға болады. Процедура кезінде қан плазманы қан жасушаларынан бөлетін құрылғы арқылы өтеді. Әрі қарай, плазманы донорлық плазмамен немесе басқа қолайлы сұйықтықтармен алмастыруға болады.

Цитаферез – плазмаферезге ұқсас, бірақ мақсаты – тромбоциттер немесе лейкоциттер сияқты белгілі бір қан жасушаларын жою. Ол қантүзілімінің белгілі бір бұзылыстары үшін қолданылады.

Плазмаферез немесе цитаферез жүргізу кезінде пациент аппаратқа қосылады, тамырға қан алатын катетер орнатылады. Қан центрифуга арқылы өтіп, онда компоненттерге бөлінеді: плазма және пішінді элементтер (эритроциттер, тромбоциттер). Әрі қарай, плазмаферез формалы элементтерді ағзаға қайтаруды немесе сүзілген плазманы басқа ерітіндімен, мысалы, балама плазмамен немесе алмастырғыш сұйықтықпен ауыстыруды қамтуы мүмкін.

Қан құю – қан айналымын қалпына келтіру немесе жоғалған қан көлемін ауыстыру үшін донордан алушыға қан беру процесі.

Мына жағдайларда қолданылуы мүмкін: 

  1. Жарақаттану, хирургия немесе босану сияқты үлкен қан жоғалту кезінде айналымдағы қан көлемін қалпына келтіру.
  2. Анемия, науқаста эритроциттер немесе гемоглобин жеткіліксіз болған кезде, олардың санын көбейту үшін қан құюға болады.
  3. Қан кетудің алдын алу немесе емдеу үшін тромбоциттер деңгейі төмен болған кезде.
  4. Операция кезінде қалыпты қан айналымын сақтау үшін трансплантация кезінде.

Сау адамға қан тазарту қажет пе?

Әдетте, адамдағы токсиндер зиянсыз, бауыр мен бүйрек арқылы жойылады. Егер осы органдардың қызметі бұзылса, онда медициналық көрсеткіштер бойынша  аталып өткен әдістердің көмегімен қанды токсиндерден тазарту жүргізіледі. 

«Детоксикацияның негізгі органы – бауыр. Токсиндер бауырға қан ағымымен енеді, онда оларды басқа қосылыстарға айналдыру арқылы зиянын кетіреді (заттардың пішіні мен қасиеттері өзгереді). Содан кейін бұл заттар қан ағымымен бүйрекке, ішекке, өкпеге, тер және май бездеріне еніп, денеден шығарылады», — деп түсіндірді Айгүл Қалиева.

«Егер қандай да бір аурудың аясында интоксикация пайда болса, онда терапия тағайындалады. Интоксикацияның жеңіл жағдайларында біз көбірек су ішіп,оны өз бетімізше басқара аламыз»,-деп қосады гематолог. 

Қанды тазартудың ықтимал жанама әсерлері 

Диализ мен плазмаферездің ықтимал теріс әсері мынадай:

  • Гипотензия – диализ кезінде немесе одан кейін төмен қысым пайда болуы мүмкін. Плазманы алып тастау нәтижесінде де пайда болуы мүмкін.
  • Бас айналу және әлсіздік: қан құрамындағы өзгерістерге байланысты.
  • Бұлшықеттің ауыруы: қандағы минералдар концентрациясының тез өзгеруіне байланысты.
  • Гематологиялық проблемалар – анемия немесе қан кетудің бұзылуы.
  • Аллергиялық реакциялар – есекжем, қышу немесе анафилактикалық шок.
  • Ақуыздың жоғалуы: қандағы альбумин деңгейінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Қорытынды

Егер медициналық көрсетілімдер болмаса, қан тазартудың қажеті жоқ.

«Ағзаны “тазарту” үшін диета, детокс бағдарламалары, диеталық қоспалар қажет емес. Денеңізді детоксикациялауға көмектесу үшін теңдестірілген тамақтану керек («Харвард» тәрелкесі негізінде). Бұл жемістерді, көкөністерді, шөптерді, дәнді дақылдарды және т.б. күнделікті тұтыну, дұрыс ұйқы және физикалық белсенділік», — деп қорытындылады Айгүл Қалиева.

Материалды дайындаған Амина Ахметова

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz