Құрғақшылық һәм жаңбыр “тартқыш мосы ағаш” туралы миф

Әлеуметтік желіде әлдекімнің “жаңбыр тартатын құрылғы” туралы айтқан мәлімдемесі, оның құрғақшылықпен тиімді күресетіні және ондай құрылғыны “ағаштан болса да жасап алуға” шақыратын аудиосы тарады.

Әлеуметтік желіде тараған видео

Оқырман өтініші бойынша Factcheck.kz жағдайдың ақ-қарасын ажыратып көруді шешті.

Мәлімдеме: Мосы ағаштың бәрін қайта жандандырсақ, қайтадан бұрынғыдай жаңбыр жауады. <…> Барлық ауылда ертеректе мосы ағаш деген болатын. Естеріңде ме? Далада талтайып темір тұратын, ең биік-биік төбелерде. Мосы ағаш деген жердің ылғалын жердің ұшына дейін көтеріп тұратын. <…> Сол жаңбырды торможение бергізіп, жаңбыр жауғызады.

Желіде тараған хабарламадан үзінді

Үкім: Фейк

Мәлімдеме авторы сипаттағандай құрылғының “жаңбыр жаудыратынының” ешқандай ғылыми дәлелі табылмады.

Жалпы қазіргі технологиялар “жаңбыр тартуға”, нақтырақ айтсақ, мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді. Алайда саладағы жетістіктер кейінгі кездері ғана қолжетімді болды. Бірақ мұның өзі толыққанды нәтиже бермейді, тек жаңбыр көлемін белгілі бір деңгейге көбеюі ықтимал. Ал хабарламадағы “құрылғы” найзағайды өзіне тартып тұратын қарапайым жай тартқыш сипаттамасына келеді.

Бұрынырақта мосы ағаштың “тылсым күшіне” расымен сенген болуы мүмкін. Тарих ғалымдарының кандидаты Меруерт Егізбаева “Мосы ағашты бұрында жаңбыр шақырады деп биік төбелерге орнатқан. Үлкен кісілер осындай мосы ағаштар бар жерлерде басқа өңірлермен салыстырғанда, жауынның жиі жауатынын айтады. Мосы ағаштың аяқтары темірден жасалып, тереңірек орналасқындықтан, жердің ылғалын тартып тұруы мүмкін” дейді. Алайда біз мұның ғылыми дәлелі таппадық.

Жаңбыр мөлшерін көбейтуге қатысты зерттеулер 1940 жылдардан бері жасалып келе жатыр. Бұған дейін олардың көбіне күмәнмен қарайтын, бірақ, кейінгі жылдарда жарияланған зерттеу нәтижелері жаңбыр жаууының мөлшерін арттыруға болатынын көрсеткен. Мысалы, 2021 жылы Біріккен Араб Әмірлігінде дрондар арқылы бұлттарға тоқ заряттарын жіберіп, нәтижесінде жауын құйған.

БАӘ-нің Ұлттық метеорологиялық орталығының жариялаған видеосы

“Қазгидрометтің” ғалым-маманы Нұрлан Абаевтың сөзінше, бүгінде жаңбыр мөлшерін арттыратын технология расымен бар, алайда, жауын-шашынға ыңғайы жоқ жерде жасанды жаңбыр жауғызу мүмкін емес. “Түрлі ғалымның зерттеулеріне сәйкес, егер бұлтқа дұрыс әсер етсе, онда жауын-шашын мөлшерін 10-15%-ке арттыруға болады” дейді ол.

Қазір құрғақшылықтан қашу үшін бұлттарға реагенттерді “енгізу” практикасы да қолданылады. Бірақ ауа-райын бұлай модификациялау тиімділігі әлі де күмәнді. Бұл бұлттардан түсетін жауын-шашынның мөлшерін немесе түрін ауада бұлт конденсациясы немесе бұлт ішіндегі микрофизикалық процестерді өзгертетін мұз ядролары ретінде қызмет ететін заттардың тарауы арқылы өзгерту әдісі. Бұлтқа себу үшін қолданылатын ең көп тараған химиялық заттарға күміс йодиді, калий йодиді және құрғақ мұз жатады. Газға айналатын сұйық пропан да қолданылды.

Қазақстанда құрғақшылық бар ма?

“Қазгидромет” 2022 жылдың шілдесінде Ақтөбе облысының Айтеби, Қызылорда облысының Қармақшы және Қазалы аудандарында жауын-шашын тапшылығын болжаған. Метеорологтардың хабарлауынша, 2020 жылы тарихтағы ең ыстық 3 кезеңнің бірі болған. Яғни, Жерде ауа температурасы 1850-1900 жылдармен салыстырғанда 1,2 °С-қа көтерілген. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 1976-2019 аралығында расымен ауа температурасы әр 10 жыл сайын 0,31 ºС-қа артып отыр. Сонымен қатар, қазгидраметтің жазуынша, қысты қоспағанда басқа жыл мезгілдерінде өсу қарқыны жоғарылап жатыр.

Дүниежүзілік банк дерегіне сай, Қазақстанда қуаңшылық әр бес жыл сайын қайталанады, ал солтүстіктегі суғарылмайтын жердегі қуаңшылық әр 5 жылда 2 рет болып отырады. 2017 жылы Ауыл шаруашылық минитрлігінің бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов жазғы қуаңшылық әр 10 жылда 3 ретке жуық екенін айтқан.

«Жаһандық климаттың өзгеруі: планетаның өмірлік белгілері» сайтының жазуынша, кейінгі 75 жылда, яғни 1945 жылдан бері Жер 1,2°С-қа жылынған. Бұл көрсеткіш 1945 жылы 0.09 °С болған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz