Теміртау әкімдігі басшысына 5,3 миллион теңгеге жиһаз алып бермек

2020 жылы Қазақстанда бюджет шығынын үнемдеу үшін шенеуніктердің қымбат көлік пен жиһаз сатып алуына үш жылдық мораторий жариялаған-ды. Алайда өткен жылы шектеу мерзімі аяқталып, мемлекеттік органдардың басшылары кабинеттерін қайтадан жаңартуға кірісті.

Factcheck.kz редакциясы мемлекеттік сатыпалым порталында Теміртау әкімдігі жариялаған осындай тендердің бірін анықтады. Біз оның қанша тұратынын және қазақстандық шенеуніктердің тыйымға, сөгіске, тіпті жұмыстан босатылуына қарамастан, элиталық жиһазды қалай сатып алғанын баяндаймыз.

Басшыға арналған жиһаз

17 қараша күні Теміртау қаласы әкімі аппараты басшыға арналған кеңсе жиһазы жиынтығын сатып алу туралы тендер жариялады. Бұл мақсатқа 5 357 142 теңге бөлу жоспарланған. Тендердің жеңімпазы ретінде «Нұр сыйла» ҚҰ мүгедектер қоғамы танылғанымен, ұйыммен келісімшарт әлі жасалмаған.

Техникалық сипаттамаға сәйкес, әкімдік аппараты белгісіз басшыға арналған 10 түрлі жиһаз заты сатып алуды жоспарлап отыр. Олардың қатарында кең әрі функционалды жұмыс үстелі бар. Бұл үстел былғарымен қапталған ыңғайлы және қосымша төменгі панельмен жабдықталады. Үстелдің ұзындығы — 1,8 метр, ені — 1 метр. Сонымен қатар, оған құлыпы бар үш тартпа жасалуы тиіс.

Әкімдікке тағы төртбұрышты қосымша үстел (ұзындығы екі метрден кем емес, ені — 1 метрге жуық), үш тартпасы бар жылжымалы тумба, доғал сервистік тумба, сондай-ақ хроммен әрленген сөресі бар келіссөз үстеліне арналған тағы бір тумба қажет болған.

Жеке жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкер үшін шкаф жиынтығы да тапсырыс берілген. Олардың ішінде: биіктігі екі метр, ұзындығы бір метр болатын екі есікті кітап шкафы (әйнек пен металл тұтқаларымен). Сол өлшемдерге сәйкес бас киімге арналған сөресі мен жылжымалы ілгіші бар гардероб шкафы. Ұзындығы 2,5 метрге жуық, төменгі бөлігі жабық, ал жоғарғы жағы ашық және жабық сөрелерден тұратын үлкен грамота шкафы.

Сонымен қатар, басшыға үш метр ұзындықта және ені 1,5 метрге жуық келіссөз үстелі қажет болған. Барлық жиһаз жоғары сапалы, бірыңғай стильде жасалуы тиіс. Дизайн, түс және эскиздер тапсырыс берушімен жеке келісіліп, жеткізуші жиһазды 15 күн ішінде жеткізіп, орнатуға міндетті.

Алтын жалатылған жез бен эбен ағашы

Қазақстан мемлекеттік органдары қашан да ерекше интерьерлер мен қымбат жиһаз сатып алуға құмар. Мұндай тендерлер мемлекеттік сатыпалым сайты пайда болғаннан бері кездеседі.

Мысалы, 2016 жылы журналистер Ақтөбе облысы әкімдігінен шыққан бір тендерді анықтады. Онда бұзау терісінен жасалған, жиегі жез шегелермен сәнделген жоғары сапалы басшы креслосын сатып алу көзделген. Бұл креслоның бетінде алтын жалатылған жезден жасалған ою болуы керек еді. Осындай бір креслоның құны 630 мың теңге болатын. Сонымен қатар, келушілерге арналған екі креслоға 560 мың теңге жұмсау жоспарланған.

Үш жылдан кейін БАҚ-та Астана әкімдігінің екі жиһаз гарнитурын сатып алуға арналған тендері туралы ақпарат пайда болды. Бұл жиһаздың беті «шегірен былғарысы» түрінде өрнектеліп, түсі «қара милан жаңғағы» болуы керек еді. Мұндай жиһаздың құны 3 миллион теңге болса, оған қосымша «басшы креслосы» үшін 840 мың теңге бөлінген. Алайда, бұл сатыпалым қоғамның назарына түскен соң, тендер тоқтатылды.

Осындай талас тудырған тендерлердің көбейіп кетуі себепті қазір шенеуніктерге арналған жиһаздарға кететін шығын аз болса да, қоғамдық және БАҚ назарынан тыс қалмайды. Мәселен, 2024 жылғы қарашада ҚазТАГ Қонаев қаласы әкімдігінің сәулет бөлімі басшысына арналған жиһаз сатып алуға 1 миллион теңге жұмсауды жоспарлағаны туралы хабарлады. Бұл қаражатқа тумба, брифиң үстелі, құжаттарға арналған шкаф және үстел сатып алынбақ болғанын жариялады. Сонымен қатар, ведомство кейінгі бір ай ішінде кресло, үстел және шкаф сатып алуға тағы жеті лот жариялағанын ерекше атап өтті.

Алайда ең шулы жағдай 2019 жылы Павлодарда болды. Сол кезде жергілікті әкім Ануар Кумпекеев екі үстел, екі журнал үстелі мен шкаф сатып алуға 6 миллион теңге жұмсауды көздеген. Жұмыс үстелі мен екі тумба эбен ағашынан жасалып, таза былғары немесе оның баламасымен көмкерілуге тиіс болған. Тумба бұрыштары пилястралар мен каннелюрлармен әшекейленуі керек еді. Құжаттарға арналған шкаф пен гардеробпен біріктірілген шкаф та дәл осындай дизайнда болуы қажет болған.

Эбен ағашы қымбат тұрады, ол элиталық жиһаз бен музыкалық аспаптар жасау үшін қолданылады.

Павлодар тұрғындары мұндай ысырапшылдыққа наразы болып, әлеуметтік желіде пікірлер білдірді. Жағдайды ушықтырғаны — әкімнің бұған дейін бюджеттен 49 миллион теңге жұмсап, екі деңгейлі пентхаус сатып алғаны туралы ақпараттың таралуы. Бұл пәтерді Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі сатып алған. Қоғамда бұл жағдай үлкен резонанс туғызған соң, сол кездегі облыс әкімі Болат Бақауов бұл іске араласып, Кумпекеевті қызметінен босатты.

Жиһазға деген құмарлық

Алайда Қазақстанда жиһазға қалай болса солай ақша жұмсаумен күресу және оны жақсы көретіндерді тоқтату мүмкін емес екені тәжірибеден белгілі. Павлодардың бұрынғы әкіміне қатысты оқиғадан кейін шенеуніктер мұндай сатыпалымдарды сынай бастады. Мысалы, сол кездегі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы Анар Жайылғанова мұндай жағдайды қолайсыз деп атап, «қымбат жиһаз мемлекеттік қызметкердің беделін көтермейді» деп мәлімдеді. Алайда бес жыл өткен соң, қатаң сөгіс алып, жұмыстан босатылған Ануар Кумпекеев қайтадан әкім лауазымына оралды, бірақ бұл жолы Көкшетауға барды.

2020 жылы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктерге қымбат көлік пен жиһаз сатып алуға үш жылдық мораторий жариялады. Бұл бюджет шығындарын қысқарту үшін жасалған еді. Алайда тыйым салу кезінде де мемлекеттік органдар жиһаз сатып алуды жалғастырды. Кейбіреулері бұл лоттардың мемлекеттік сатыпалым порталында мораторий енгізілгенге дейін жарияланғанын алға тартты.

Сонымен қатар, қадағалау органдары мұндай сатыпалымдарды бақылауға тырысып, кейбірін тоқтатып отырды. Мысалы, 2021 жылы Антикор Астана билігінің кеңсе тауарлары мен жиһаз сатып алуға 1,2 млрд теңге жұмсауына жол бермеді. Мониториң барысында нарықтық бағалардың негізсіз қымбаттатылғаны анықталды. Бірақ сол жылы Тоқаев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, дене шынықтыру және спорт ұйымдарына жиһаз сатып алу бойынша тыйымды алып тастады.

2023 жылы мораторий мерзімі толығымен аяқталып, шенеуніктер жіберіп алған мүмкіндіктерді толтыруға кірісті. Қаржы министрлігінің мәліметінше, мораторий күшінде болған үш жыл ішінде мемлекеттік органдар диван, кресло және киім ілгіштерге 14,7 млрд теңге жұмсаған, ал 2023 жылғы алғашқы алты айында — 10,2 млрд теңге. Осылайша, жарты жылдың ішінде мемлекеттік органдар алдыңғы үш жылдық сатыпалым көлемінің шамамен 70%-ін игерген. Қазір бұл шығын оданда көп деп болжауға болады.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz