Фактчек | Саиров “АрселорМитталдағы” апат туралы

15 маусымда өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров “АрселорМиттал Теміртау” кәсіпорнындағы апат туралы бірнеше дерек келтірді. Депутат сөзі қаншалықты рас екенін Factcheck.kz тексеріп көрді.

Тайм-код: 1:49:03

Соңғы 10 жылда бұл кәсіпорында [“АрселорМиттал Теміртау” АҚ — ред.] жиырмадан астам апат орын алып, 41 адам зардап шекті.

Ерлан Саиров

Үкім: Шындық

Иә, расымен, Төтенше жағдайлар министрлігінің “АрселорМиттал Теміртау” әкімшілігіне сілтеп, Factcheck.kz сайтына берген ақпаратына сай, 2011-2021 жылдары “АрселорМитталда” 21 апат тіркеліп, 42 адам зардап шеккен: 18-і жеңіл, 7 адам ауыр жарақат алса, 17 адам қайтыс болған.

16 жыл ішінде шахталарда [“АрселорМиттал Теміртау” АҚ — ред.] 109 адам қаза тапты.

Ерлан Саиров

Үкім: Дәлелденбеген

Төтенше жағдайлар министрлігінің бізге берген мәліметі бойынша, 2005-2021 жж. Қазақстан шахталарында 35 апат тіркеліп, 133 адам зардап шеккен: 99 адам қайтыс болған. Ал осы кезеңде “АрселорМиттал Теміртау” кәсіпорнында 26 апат тіркелген; 155 адам зардап шеккен, оның ішінде: 23-і жеңіл, 34-і ауыр жарақат алып, 98-і қайтыс болған.

Көріп отырғанымыздай, 16 жылда “АрселорМитталда” зардап шеккендер саны 155 болса, Қазақстан бойынша 133 болуы — қисынға сай емес. Бірақ, осы мәселені нақтылауға байланысты жолдаған сауалымызға Төтенше жағдайлар министрлігі нақты жауап бермеді. Министрлік пен “АрселорМитталдағы” апатты түріне (апат, оқыс оқиға, инцидент, т.б.) қарай жіктеу статистикасы екі түрлі жүргізілуі мүмкін. Екі санның сәйкес келмеуі содан болуы ықтимал. Не дегенмен, министрлік бұл туралы толыққанды ақпарат бермегендіктен, біз тек болжай аламыз.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz