Ресейдің Қазақстанға ықпалының азаюы — иллюзия

Еуропалық және халықаралық зерттеулер жөніндегі маман Эльданиз Гусейнов неліктен Украинадағы соғыс кезінде Ресейдің Қазақстанға ықпалының азайғаны туралы айтуға әлі ерте екенін және қазіргі жағдайдан Қазақстанға қандай пайда барын айтты.

Сарапшылар арасында Ресейдің Украинаға басқыншылығынан соң Мәскеудің Қазақстанға ықпалы азайғаны туралы пікір кең тараған. Оған негізгі аргумент ретінде Қазақстанның халықаралық алаңдардағы әрекеті келтіріліп жүр: «ДХР» мен «ЛХР» мойындамау, мемлекеттің Ресейге қарсы санкциялық режимін ұстануы.

Десе де, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктесі екенін айтуды жалғастырып келеді. Қазақстан мен Ресейдің экономикалық және әскери саладағы серіктестігіне қарасақ, Ресейдің ықпалы азаймағаны байқалады. Алайда оның Қазақстанға тәуелділігі артқандай.

Жалпы, Қазақстанның сыртқы саясатын «көпвекторлы» деп біржақты түсіндіру дұрыс болмауы мүмкін. Оған көп назар аударылғандықтан, Ақорда Ресей, Еуроодақ, Түркия мен Қытай секілді негізгі акторлардың мүдделерін ескеруге тырысып жатыр.

Ресей мен ЕО: Қазақстанға ықпал үшін күрес

Бір мемлекеттің екіншісіне ықпалын өлшейтін ең танымал «Foreign Bilateral Influence Capacity»* индексі бойынша Қазақстанда Ресей көш бастап тұр. Бірақ мұндай жағдай үнемі тұрақты болмаған. Кей кезеңдерде оны Еуроодақ басып озып отырған. Бізге 2020 жылға дейінгі деректер ғана қолжетімді, бірақ солардың көмегімен 2025 жылға дейінгі эстраполяция жүргізіп, Ресей, Қытай, Түркия мен Еуроодақтың ықпалы қандай болғанын көруге болады (1-сурет).

*«FBIC» индексін Фредерик С. Парди атындағы халықаралық болашақ орталығы жасаған (ағыл. «Frederick S. Pardee Center for International Futures»). Онда халықаралық жүйеде мемлекеттер арасындағы экономикалық, әскери және саяси ықпалдастыққа әсер ететін өлшем ретінде және ең қолжетімді өлшем ретінде мыналар таңдалған: 1) тауар сату; 2) шетелдік көмек; 3) қару сату; 4) дипломатиялық алмасулар (яғни, елшіліктердің болуы); 5) үкіметаралық ұйымдарда ортақ мүшелік; 6) сауда келісімдері; 7) әскери одақтар. FBIC индексі әр актордың үлесін анықтау үшін 8) ЖІӨ мен 9) әскери шығындар деңгейіндегі деректерді де пайдаланады. Индикатор 0 мен 1 аралығында өлшенеді.

Ресейдің Қазақстанға ықпалының азаюы — иллюзия
1-сурет. «FBIC» индексінің Ресей, Қытай, Түркия, ЕО және АҚШ-тың 1994-2020  жылдардан бастап 2025 жылғы экстраполяцияны ескергендегі Қазақстандағы «FBIC» индексінің көрсеткіштері (Дереккөз: Jonathan D. Moyer, Collin J. Meisel, Austin S. Matthews, David K. Bohl, and Mathew J. Burrows, “China-US Competition: Measuring Global Influence,” The Atlantic Council and Frederick S. Pardee Center for International Futures at the University of Denver’s Josef Korbel School of International Studies, Denver, CO, May 2021, https://www.atlanticcouncil.org/wp-content/uploads/2021/06/China-US-Competition-Report-2021.pdf)

Индекс Қазақстандағы ықпалы бойынша Ресей мен Еуроодақ негізгі бәсекелестер екенін көрсетеді. Акторлардың әрқайсысының өзінің көш бастап тұрған саласы барын да айта кету керек. Ресей үшін бұл саяси және әскери сала болса, ЕО үшін экономикалық сала мен шетелдік көмек ұсыну. Бірақ экономикалық саланың өзінде ЕО сөзсіз көшбасшы емес, себебі Қазақстанның Ресеймен экономикалық интеграциясы 2010 жылдан бастап Ресейдің ықпалының артуына негіз болған. Ал ҚХР, Түркия, АҚШ бұл көрсеткіштер бойынша Ресей мен Еуроодақтан артта қалған.

2025 жылға дейінгі болжам Ресей көшбасшы позициясын сақтап қалатынын көрсетеді, десе де, сауда-экономикалық серіктестікті нығайту арқылы Қытай да өзінің ықпалын арттыруы мүмкін. Еуроодақтың көрсеткіші кейде түсіп, кейде көтеріліп тұр, бұл Қазақстанның Еуроодақпен сауда-экономикалық байланысының табиғатына қатысты. Еуроодақ энергия ресурстарының экспорты арқасында Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі болып отырғаны белгілі. Бағаның өзгеруіне қарай энергия тасымалдау бағасы да өзгеріп, Еуроодақтың ықпал ету индексіндегі көрсеткіші тұрақты болмай отыр.

Жалпы, 1994-2020 жылдар аралығындағы деректер негізінде жасалған болжам Ресейдің Украинаға басқыншылығын ескергенде де шынайы. Бұл жағдай Қазақстандағы негізгі акторлардың позицияларына айтарлықтай әсер етпеген, тек олардың арасындағы қарым-қатынас қана өзгерген. Бұл тезисті толық аша түсу үшін Қазақстанның сыртқы саясатындағы екі негізгі бағыт, экономикалық және әскери бағыттарды талдайық.

Экономикалық ықпал: инвестжобалар және компаниялардың релокациясы

Негізгі сыртқы акторлар мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас сипатының өзгеруін инвестициялық жобалар айқын көрсетіп тұр. Шетелдік инвестжобалардың саны айтарлықтай артқан. Мұндай өсім Ресейдегі көптеген шетелдік компанияның жабылуымен және ресейлік компаниялардың бизнесін Қазақстан арқылы әлеммен жүргізу қажеттілігін ескерсек, бұл өте маңызды. Осылайша, өзара байланыс эффектісі одан сайын айқын көріне бастайды.

Сондай-ақ Қазақстан өзі де Ресейде бизнесін тоқтатуды жоспарлап отырған компания өкілдерін белсенді шақырып жатыр. ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров Қазақстан елде көргісі келетін 401 компанияның шақырту алғанын мәлімдеді. 2024 жылғы наурыздың басында Ресейден Қазақстанға $1,5 млрд доллар болатын 41 компания релокацияланғаны белгілі болды. Бұл туралы ҚР ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов хабарлады. Ресейден релокациялау процесі тағы 37 компанияда жүріп жатыр. Олардың жалпы капитализациясы $1 млрд доллар. Көшіп келгендердің қатарында Honeywell, InDriver, Fortescue, Skoda, GE Healthcare және Philips бар. Volkswagen Қостанай облысында автокөлік өндіретін зауыт ашқысы келгені белгілі. Оның ресейлік аудиторияға бағытталуы да мүмкін.

Kazakh Invest ұлттық компаниясының дерегінше, Украинадағы соғысқа дейін Ресей Қазақстанда жалпы көлемі 530 мың. еуро болатын 5 инвестициялық жоба жоспарлаған. 2022 жылы бұл сома шамамен 3,5 млн долларға немесе 17 жобаға жеткен, ал 2023 жылы 10 млн еуро немесе 10 жоба болған. Салыстырсақ, Қытай соғысқа дейін 10 инвестициялық жобаны іске қосса, 2022 және 2023 жылдары 11 және 7 жоба болған. 2022 жылы Түркияның 11 жобасы болса, одан дейінгі жылдары жылына тек бес жоба іске қосқан. Ал Еуроодақ елдері тек 13 жобаны қолға алған.

Ресейдің Қазақстанға ықпалының азаюы — иллюзия
1-кесте: Жоспарлы жұмыс орнының саны, жобалар сомасы, млн тг, жоспарланған жобалар саны. Қытай, Түркия, Еуроодақ, Ресей. (Дереккөз: Kazakh Invest)

Ресейдің Қазақстанда жеңіл металл конструкцияларын шығаратын зауыт немесе TSMCERAMIC маркалы инновациялық энергожинау материалдары өндірісі секілді ауыр өнеркәсіп кәсіпорындарын ашуға көп назар аударатынын айта кету керек. Мұндай өнімдер Ресейдегі тұтынушылар үшін де, Қазақстан мен Ресейден тыс жердегі тұтынушылар үшін де өндірілуі мүмкін. Сонымен қатар Ресей Қазақстанның логистикалық секторына да көз тігіп отыр, себебі ол санкцияға байланысты әртүрлі тауарларды алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Қазақстанда Ozon электронды коммерциялық нарықтың логистикалық кешені салынып жатқаны белгілі. 2023 жылы бұл компания Орталық Азияның Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдерінде қызметін кеңейтуді бастап кеткен еді. Жоба аясында 4 000 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Салыстырсақ, қытайлық ірі жоба саналатын Great Wall Motor тек 2 200 жұмыс орнын ашады.

Кейінгі екі жылда Еуразиялық даму банкі «Сарыарқа» газ құбыры құрылысы, Алматы мен Түркістан әуежайларының модернизациясы, Алматыдағы Үлкен жол құрылысы жобаларын бастады. Еуразиялық даму банкінің жарғылық капиталы 2023 жылғы маусымның аяғына дейін Ресей үшін 66%, Қазақстан үшін 33% болды.

Осылайша, Ресей Қазақстанда инфрақұрылым мен логистикалық жобалар саласында да жаңа ойыншыға айналуы мүмкін. Бұған дейін бұл салада Қытай мен Еуроодақ көш бастап тұрған еді.

2022 жылы Қазақстанның Ресейге технологиялық өнім экспортын арттырғанын байқауға болады. Бұл тенденция 2023 жылы да сақталған. 2023 жылғы қаңтар мен шілде аралығында өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда шкаф пен плиталар экспорты — 319,7%, автокөлік пен қосалқы бөлшектер — 294,4% және кір жуғыш машиналар экспорты — 246,8%-ке артқан.

Қазақстандағы шетелдіктердің қатысы бар әр екінші компания Ресейден екенін де айта кету керек. 2022 жылы ресейлік компания саны 15,6 мыңға жетті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда екі есе көп. 2023 жылдың аяғында компаниялар саны 19 мыңға жеткен. Қазақстанда жұмыс істейтін ресейлік компаниялар үлесі — 44,9%. Жаңа компаниялардың көбі шағын бизнеске жатады және сауда, ақпарат, байланыс, қызмет көрсету салаларында тіркелген.

Бұл жағдайда Ресейдің Қазақстанға ықпалы ғана емес, Ресейдің Қазақстанға тәуелділігінің де артып жатқаны айқындала түседі.

Әскери ықпал: диверсификация амалдары

Украинадағы соғыс басталғалы Қазақстанда Түркиямен әскери ынтымақтастықты арттыру туралы көп жаңалық шықты. Олардың ішінде Қазақстанда түріктердің дрондарын шығаратын зауыт салу туралы келісім мен 2022 жылғы 10 мамырдағы «Әскери барлау саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама» әскери келісімін айтуға болады. Құжатта әскери-барлау ақпараттарын алмасу, әскери-саяси жағдай мотиториңі мен халықаралық террористік ұйымдар туралы ақпарат алмасу процедуралары мен міндеттері жазылған.

Қазақстанда қару сатып алу әлі де болса Ресейге байланысты болып отыр. Стокгольм бейбітшілікті зерттеу институты деректеріне сәйкес, 1992-2022 жылдары Қазақстанның қару импортының 85,5%-і Ресейге тиесілі болды, ал НАТО елдерінің үлесі АҚШ, Түркия, кейбір Еуропа елдерін қосқанда) 7%. Мұны советтік-ресейлік әскери техниканың бірдей екенімен түсіндіруге болады, себебі Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім ұйымының мүшесі саналады. Бірақ мұнда да Астананың диверсификация амалдары байқалады.

Мысалы, Түркиямен келісімнен бөлек, Қазақстан Қытайдан әскери құралдар сатып алуға тырысқан. Оның ішінде танктерге қарсы ракеталар, Wing Loong дрондары бар. Бұл жалпы импорт көлемінің тек 1%-і. НАТО елдерінен Қазақстан негізінен әскери ұшақтар мен тікұшақтар алған, кейбірін сыйға алған, себебі Ауғанстандағы әскери операцияларда қолданылған. Сонымен қатар Қазақстан Испаниядан С-295 әскери-жолаушы ұшақтарын алса, француздардың Rafale истребительдерінің орнына ресейлік СУ-30СМ ұшақтарын, Ми-35 және Ми-171Ш тікұшақтарын, ТОР-М2К  зенитті ракета кешендерін жөн көрген.

2022 жылғы қазан айында жаңартылған Қазақстанның әскери доктринасы Қазақстанның Ресеймен бірге әуе шабуылына қарсы қорғаныстың ортақ аймақтық жүйесін құруға ниетті екенін растайды. Бұл екі ел арасындағы ұзақмерзімді стартегиялық серіктестік пен әскери тәуелділікті көрсетеді. Доктритада айтылған әскери қауіпсіздік стратегиясы қорғаныс күштерін шетелдік қаруды сатып алу арқылы модернизациялауды қарастырады. Қазақстан қаруының жартысына жуығы шетелден алынады деп күтіліп отыр. Мемлекеттің әскери шығыны ЖІӨ 1%-нен де аз. Қазақстанның әскери инфрақұрылымы мен қару-жарағы советтерден шыққан және Ресейден сатып алу қажеттілігіне негіз болып отыр.

Алайда қазіргі санкцияларға байланысты кей компоненттерді Ресейден алу қатты шектелген. Қазақстан қорғаныс министрлігі балама іздеп, ішкі өндіріс немесе Варшава келісімі стандарттарына сай қару өндірісі бар Шығыс Еуропа, оның ішінде Сербия, Чехия, Словакия секілді елдерден сатып алуды жоспарлап отыр.

Түйін

Осылайша, Ресейдің Қазақстанға тікелей ықпалы әлі де күшті әрі кей аспектілерде тұрақты болып отыр. Қазақстанның стартегиялық таңдауы — Ресейдің Қазақстанға деген тәуелділігін айқын көрінуіне ықпал етеді. Бұл динамика Қазақстанның рөлі ықпалға түсуші мемлекет ретінде ғана емес, Ресей көбірек сенетін негізгі серіктес ретіндегі рөлі де маңыздырақ бола түсетінін көрсетеді.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz