Абай облысы әлеуметтік желідегі негативті анықтауға 4 млн теңге бөлді

Жуырда Шығыс Қазақстан облысы Күршім әкімдігінің әлеуметтік желілердегі өзінің жұмысы туралы жағымды пікірлерге үш миллионнан астам теңге бөлгенін айттық. Олардың Абай облысындағы әріптестері де қалыспайтын болып шықты. Factcheck.kz редакциясы бұл өңірде мониториңге қанша қаражат бөлінгенін зерттеп көрді.

Негативке қарсы позитив

11 қыркүйекте Абай облысы ішкі саясат басқармасы 4 017 857 теңгеге баспасөз құралдарына анализ және мониториң жасау қызметін сатып алу туралы хабарландыру жариялады. Онда «Infinity Enterprises» ЖШС жеңімпаз атанды. «Баспасөз құралдарына анализ және мониториң жасау қызметі» деген әлеуметтік желілердегі негатив контентті бақылап отыру болып шықты.

Техникалық сипаттамаға сәйкес, орындаушы 24/7 режимінде Twitter, Facebook, Вконтакте, Instagram, Одноклассники, YouTube және Telegram мессенджерінен ақпарат жинап, өңдеп отыруы керек. Тапсырыс берушіге халықтың мемлекеттік органның жұмысы туралы пікірін анықтау үшін апталық және айлық есеп беріп отыру қажет. Есепте әлеуметтік желілердегі қолданушылар жариялайтын ең маңызды проблемалар қамтылуы керек екені де нақтыланған.

Одан әрі орындаушы ірі пабликтерді ғана емес, қолданушылардың жеке парақшаларын да тексеретіні айтылған. Әсіресе, сын айтатын жазбалар мен пікірлерге ерекше назар аударылмақ. Бұдан бөлек, орындаушы Telegram немесе Whatsapp арқылы тапсырыс берушіге мемлекеттік органдардың жылдам реакциясын талап ететін ерекше сыни және негатив жарияланымдардың сілтемесін жіберіп отыруы қажет.

Проблеманы шешу үшін кері байланыс беріп отыру маңызды мәселе сияқты көрінеді. Алайда, тендер жеңімпазы негатив пікірлерге «жауап контент» те әзірлеуге тиіс. Мәселе негативті «басып тастау үшін» аймақтағы ірі пабликтерде жарияланатын «позитив жарияланымдар» туралы болып отыр. Бұл тапсырыс берушінің талабы бойынша бөлек посттар, видеороликтер, инфографика және т.б. болуы мүмкін.

Мұндай жұмыс үшін орындаушы жұмысқа мониториң маманын, аналитикті және үлкен проблемалар орнына жедел баратын маманды тартып, екі SMM-маман, дизайнер және екі оператор-монтажёр алуы керек. Олардың бәрі Семей қаласында тұруы қажет. Сонымен қатар тапсырыс берушімен 24/7 режимінде байланыста болатын бір қызметкерді тағайындау да талап етіледі.

Мониториңнің танымалдығы

Кейінгі бір жылда бұл мемлекеттік сатып алу порталында біз тапқан осыған ұқсас үшінші тендер. Жуырда біз Шығыс Қазақстан облысы аудан әкімдігінің осыған ұқсас қызметтерге 3,1 млн теңге бөлгенін жазған едік.

Басында жергілікті шенеуніктер бұл тендерді әлеуметтік желілерде діни экстремиз мен «мемлекеттің тұтастығын бұзатын пропаганданың» алдын алуға бағытталған видеоролик тарату қызметі ретінде ұсынған. Алайда кейін оның сипаттамасынан тендердің көп бөлігі шенеуніктердің жұмысы туралы әлеуметтік желіде жазылған негатив пікірлерге арналғаны түсінікті болды.

Тапсырыс беруші «жергілікті атқарушы органдар туралы негатив пікір» тарататын қолданушыларды анықтауды, сын айтатын жарияланымдар шыққан соң аз уақыттың ішінде «оған қарсы жағымды ақпарат» шығарып отыруды талап еткен.

Сондай-ақ біз 2024 жылы Алматы әкімдігінің 259,6 млн теңгеге тендер жарияланғанын, орындаушы әкімдік жұмысына сын айтатын жазбалардың дайджестін ұсынуы керек екенін, жергілікті билік жұмысына анализ жасап отыруы керек екенін анықтаған едік. Бұдан бөлек тапсырыс беруші «Алматы қаласының қоғамдық-саяси тұрақтылығына және қоғамдық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ақпаратты» анықтап отыруды да міндеттеген.

Цензура үшін қадағалау

Мемлекеттік органдардың мұндай жарияланымдары көп қарама-қайшылық тудырады. Меморгандар мұндай мониториңді «ыңғайсыз» азаматтарды анықтап отыру және басқа ведомстволарға беріп отыру үшін жүргізуі де мүмкін екенін бірнеше рет айтқан едік.

Бұл күмәнді Қазақстандағы белсенділердің, журналистердің және тіпті комиктердің әлеуметтік желілердегі жазбасы үшін қамауға алынғаны немесе айыппұл төлеуге міндеттелгені де растай түседі. 2024 жылдың өзінде бірнеше жағдай болды. Шілдеде алматылық стендап комик Александр Меркуль боқтық сөз қолданып, «Жаңа Қазақстан» туралы әзіл айтқаны үшін он тәулікке қамауға алынды. Әкімшілік істі оның әлеуметтік желідегі парақшаларына мониториң жасаған соң қозғаған.

Қыркүйекте алматылық белсенді Салтанат Тәшімованы алдымен баласымен серуендеп жүргенде қамауға алып, оған болмай қалған тұрғындар жиналысын ұйымдастыру туралы жазбасы үшін 129 220 теңге айыппұл салды. Күш құрылымы өкілдері Тәшімованың әлеуметтік желілердегі тұрғындар жиынын өткізу туралы жазбасын «митиңге шақыру» деп бағалаған. Белсендінің қызының пікірінше, оны қамауға алған кезде азаматтық киімдегі адамдар ұстап алып кеткен.

Қазанның аяғында блогер және «Jurttyn Balasy» YouTube-каналының авторы Мұрат Даниярды полицияға шақырып, оны АЭС құрылысы туралы референдум алдында көрінеу жалған ақпарат таратты деп айыптады. Ол сол жерде түсініктеме жазып берген. Алайда қылмыстық істің қозғалатын-қозғалмайтыны белгісіз.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz