Жүкті әйелдер туралы мифтер | 2-бөлім

Бұған дейін Factcheck.kz қоғамдағы әйел рөліне тағылған стереоптиптердің негізінде жүкті әйелдер туралы мифтерді ұсынған болатын. Бүгін “жүкті әйелден қоғам не күтетінін” талдап, мифтерді сейілтеміз.

1-миф: Күйеуі қанша бала қаласа, әйел сонша тууға міндетті

Үкім: Манипуляция

Бұл әйелді тек “бала туатын ағза” ретінде көретін қоғамдағы гендерлік стереотиптердің бірі. Халықаралық конвенциялар мен ҚР Заңдарынан “күйеуі қанша бала қаласа, әйел сонша тууға міндетті” мәлімдемесіне негіз болатын бірде-бір дерек таппадық. Керісінше, бала жоспарлау мәселесінде күйеуі мен әйелі бірге ақылдасқан жөн; себебі бала жауапкершілікті талап етеді. ҚР неке туралы заңы отбасындағы ерлі-зайыптылар құқықтарының теңдігі, отбасыдағы мәселелерді өзара келісім арқылы шешу, т.б. құқық пен міндеттерге негізделеді. Одан бөлек, адамды оның құқығынан тыс бірнәрсеге міндеттеу де — қазақстандық та, халықаралық та заңға қайшы.

2-миф: Әйел міндетті түрде ұл тууы керек

Үкім: Манипуляция

Ғалымдар патриархал отбасыда қызға қарағанда ұл туылғанын қалап, ұл балаға артықшылық берілуін экономикалық және мәдени факторлар арқылы былай түсіндіреді: 1) ер адамдар көп ақша табады; 2) ер адам қарт ата-анасынамен бірге тұрып, қолдау көрсетеді; 3) ер адам — ұрпақ жалғастырады. “Балаларға қатысты гендерлік артықшылықтардың жалпы теориясы” зерттеуіне сай, патриархал жүйедегі жыныстық дискриминация әсерінен болатын әйелдердің экономикалық әлсіздігінің қасында ер бала “экономикалық игілік” ретінде қарастырылады; ал мұндай стереотиптердің әсерінен гендерлік әлеуметтік-экономикалық теңсіздік жалғаса береді. Баланың жынысы бойынша туылу-туылмауын шешудің теріс салдары әйелдердің денсаулығы мен құқығына қауіп төндіреді. Cондықтан халықаралық ұйымдар жынысына байланысты баланың туылу-туылмауын шешуді доғару керектігін жазады.

3-миф: Әйел білім деңгейінің төмен болуы оның бала табуына әсер ете ме?

Үкім: Шындыққа жақын

Дүниежүзілік Банктің баяндамасына сай, өкінішке қарай, қыздардың білім деңгейінің төмен болуы ерте некелесуге және ерте босануға әсер етеді. Ұйымның жазуынша, бұл әйелдердің денсаулығына қауіп төндіреді. Сонымен қатар, Дүниежүзілік Банктің Африка елдерін зерттеген баяндамасы әйел неғұрлым білімді болса, соғұрлым оның балалары аз болатынын байқаған. Мысалы, Кениядағы білім беру реформасы бастауыш білім беру ұзақтығын бір жылға ұзарту — әйелдердің білімін арттыруға және некеге тұру мен бала туудың кешігуіне әкелген; Кениядағы мектеп формасының құнын төмендету оқуды тастап кетуді ғана емес, сонымен қатар жасөспірімдердің некеге тұруын және бала тууды азаюына септігін тигізген; ал Нигерияда әйелдердің білімін бір жылға ұлғайту ерте тууды 0,26 босануға қысқартқанын көрсеткен.

4-миф: Баланы туған — әйел, онда бағу да әйелдің міндеті

Үкім: Манипуляция

Өкінішке қарай, гендерлік рөлдерге байланысты балаға қарау “әйел міндеті” болғандықтан, ер адамдар бала бағуды жат көреді, сондықтан бала күтімі мен үй жұмысы әйелдер мен қыздарға артылған. Мәселен, БҰҰ баяндамасына сай, қазақстандың ер адамдардың 3%-і он төрт жасқа толмаған бала күтіміне араласады. Бұдан бөлек, қоғам таққан стигманың әсерінен әйелдердің өздері де “ер адам бала баға алмайды” деп ойлауы мүмкін.

Бұл әйелдің қоғамдағы орнына кері әсерін тигізеді, мәселен, қазақстандық әйелдердің 44%-і күн сайын ақысыз жұмысқа алты сағаттан астам уақытын жұмсайтынын ескерсек, ақысыз жұмыс әйелдердің ерлерге қарағанда аз табыс табуына әкеледі. Осы себептен әйелдің толық әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық теңдігі үшін ер адамдарды бала бағу секілді “әйел міндеттеріне” тарту қажеттілігі дәлелденген. Екіншіден, «Әлемдегі әкелердің жағдайы» есебіне сәйкес, әке – баланың эмоционалдық және интеллектуалдық дамуы үшін маңызды және ол бала күтімі мен дамуында маңызды рөл атқарады. Сондықтан, екі серіктестің бала күтіміне ортақ араласқаны жөн.

5-миф: Әйел босанғаннан кейін үйде отырып қалады, карьераға жол жабық

Үкім: Үкім жоқ

БҰҰ-ға қарасты Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) 2011 жылғы дерегінше, қазақстандық әйелдердің көбі бала бір-үш жасқа толғаннан кейін жұмысқа оралуды жөн көреді, дегенмен әйел босанғаннан кейін қанша әйел жұмысқа оралатынын халықаралық ұйымдар көрсетпеген, ал Ұлттық статистика бюросы мұндай статистика жүргізбейді. Қазақстанды қоса есептеген толық халықаралық деректер болмағандықтан, мәлімдемені үкімсіз қалдырдық.

Бұл жағдайда екі факторды талдаймыз. Біріншіден, ХЕҰ Қазақстандағы ажырасулар саны жоғары болуы аналардың декреттен жұмысқа ерте оралуына және жалғыз асыраушы болуына түрткі болатынын байқаған. Екіншіден, халықаралық дереккке сай, декреттен кейін әйел жарты жұмыс жұмыс уақытына ауысу ықтималдығы анағұрлым жоғары болған, ал жұмысқа қайта оралғандар мансаптық тоқырауды бастан кешірген, карьералық өсу қиын болған. Зерттеушілер бала күтімі бойынша жауапкершілік әйелдерге артылғандықтан, олар әлі де экономикалық зардап шегетінін жазады.

6-миф: Еркек баланы қаламаса әйел түсік жасатуға міндетті 

Үкім: Жалған

Патриархал қоғамда қабылданған “Еркектің айтқаны — заң” стерепотипінің тағы бір тартымсыз тұсын осында көреміз. Серіктесінің жүкті болғанын естіген баланың әкесі сәбидің туылғанын қаламаса, әйелден түсік жасатуды талап ете алмайды, өйткені, түсік жасатқан жағдайда оның психологиялық, физиологиялық ауыртпалығын көтеретін — әйел. Сондықтан әйелдің қалауынсыз жасанды түсік жасатуға мәжбүрлеу — адам құқығын бұзу.

7-миф: Әйелді жүкті ету үшін қорғансыз жыныстық қатынасқа мәжбүрлеуге рұқсат

Үкім: Жалған

Серіктес келісімінсіз оның өміріне қол сұғу, оның ішінде жыныстық қатынасқа мәжбүрлеyзорлауға жатады. Тіпті ер мен әйел некеде болса да, оның бірі жыныстық қатынасқа анық, нақты келісім бермеген жағдайда жыныстық қатынасқа түсу, соның ішінде әйелдің қалауынсыз, оны жүкті ету үшін қорғансыз жыныстық қатынасқа түсу — адамды таңдау құқынан айырып, шекарасын бұзу, әрі зорлау.

8-миф: Феминист-әйелдер бала тууға және отбасын құруға қарсы

Үкім: Манипуляция

Феминизм туралы жаңсақ ойлар туралы біз бұған дейін де жаздық. Бала тумауды шешкен адамдарды “чайлдфри” деп атайды, ал кез келген феминист-әйел чайлдфри деген сөз емес. Бұл әркімнің субъективті көзқарасына байланысты болғандықтан, феминист-әйелдердің барлығын бала тууға қарсы деп сенімді айта алмаймыз. Әйел бала туғысы келсе де, келмесе де, бұл оның құқығы.

Материал MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Гендерлік мәселелерді медиада көтеру арқылы бұқараның біліктіліктілігін арттыру» жобасы аясында Қазақстандағы Финляндия елшілігінің қолдауымен дайындалды.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz