Жүкті әйелдер туралы мифтер | 1-бөлім

Ел аузында “әйел міндеті — отбасы құру, бала туу, бала бағу” деген қоғамның “әйел рөліне” таққан стигмасы көп. Бүгін Factcheck.kz жүкті әйелдер мен олардың “рөліне” байланысты мифтердің бірінші бөлімін ұсынып отыр.

1-миф: Әйел отыз жасқа дейін босанып үлгеруі керек

Үкім: Манипуляция

Мұндай мәлімдеме гендерлік стереотиптер мен рөлдерге байланысты әйелдерге айтылатынын жиі байқаймыз. Бұл — манипуляция, өйткені, патриархал қоғам әйелді “үлгілі келін” немесе ана ретінде көреді, ал мұндай сөзді әйелге “тезірек бала туғызу үшін” айтады. Шын мәнінде, қашан бала табуды әйел өзі шешеді, ал әркімнің жеке шешімі — субъективті.

Енді медицина тұрғысынан. Менструация шамамен 12 жаста (кейде одан ерте) басталады, ал аналық без эстроген мен прогестерон гормонын бөлуді тоқтатқан менопауза кезеңінде (45-55 жас) менструация тоқтайды. Осы аралықта әйел — фертильді, яғни бала туа алады (бедеулік — бөлек әңгіме). Қысқасы, әйел отыздан асқан соң да бала туу қабілетін жоғалтпайды. Дегенмен, зерттеушілер бірінші баласын отыздан асып босанған әйелдерде жүктілік қиындықтары жиі кездесетінін байқаған. Екінші жағынан, соңғы баласын босанған әйелдердің табиғи фертильдігінің орташа көрсеткіші ∼40-41 жасты құраған.

2-миф: Жүкті әйелдің іші үшкір болса немесе төмен орналасса ұл болады; домалақ болса немесе жоғары орналасса, қыз болады

Үкім: Жалған

Біріншіден, іш өскенде оның формасына әйел бұлшықетінің иімділігі әсер етуі мүмкін. Екіншіден, егер сәби іштің алдыңғы жағына жамбасымен орналасса, құрсақ үшкірленіп тұрады; ал арқасы анасының арқасына параллель орналасса, іш дөңгелек пішінді болады. Сондықтан құрсаққа байланысты баланың жынысын болжаунегізсіз.

3-миф: Түйе етін көп жесе, әйел 10-12 айда ғана босанады

Үкім: Дәлелденбеген

Медицинада әйелдің бала көтеру мерзімі аптамен есептеледі. Әдетте жүкті әйел 37-42 апта аралығында босанады. Десе де, жүктіліктің 42-аптаcында немесе одан кейін босану жағдайлары да кездеседі (ұзақ мерзімді жүктілік ұрық үшін де, ана үшін де қауіпті). Тақырып зерттелемеген, сондықтан жарияланған ғылыми мақалаларды талдай келе, “түйе еті кеш босануға себеп болады” деген мәлімдемеге негіз болатын дерек таппадық. Мәлімдемеге байланысты акушер-гинеколог пікірі төменде:

Қазақ — ырымшыл халық. Түйенің 12 айдан кейін туатынына байланысты айтылған болуы керек, қазақ “түйе етін жесе, жүкті әйел ұзақ жүріп қалады” деп ырымдаған. Тіпті, мерзімі асып кеткен жүкті әйелдердің толғағы келуі үшін түйенің астынан өткізген. Десе де, халық арасында тараған “түйе етін жесе, жүкті кеш толғатады” деген нанымға медициналық тұрғыда ешқандай дәлел жоқ.

Әйгерім Дүйсенбаева, “Экомед” репродуктивті медицина клиникасының акушер-гинекологі

4-миф: Жүкті әйел еденді отырып жуса, оңай босанады

Үкім: Дәлелденбеген

Патриархал қоғамда мейлі әйел жүкті болсын, болмасын, көбіне үй шаруашылығы әйелге артылғаны белгілі. Соның ішінде еденді отырып жуу әр жүкті әйелдің денсаулығына, шама-шарқына байланысты. Мәселен, АҚШ денсаулық сақтау департаментінің федералды агенттігі CDC дерегінше, белді күніне 20 реттен көп ию, заттарды 5 минут сайын бір реттен артық көтеру секілді қозғалысты талап ететін ауыр жұмыстар жүктілікке кері әсерін тигізуі мүмкін. Сонымен қатар, әйел үшін жүктілік кезінде ауыр көтеру, ұзақ тұру немесе ұзақ иілу қаншалықты қауіпсіз екені белгісіз, өйткені бұл әр әйел денсаулығына, физикалық белсенділігіне және жүктілік кезеңіне байланысты. Бұған байланысты CDC дәрігермен ақылдасуға кеңес береді.

5-миф: Физикалық жаттығу жасауға болмайды

Үкім: Шындыққа жақын

Дәрігер тыйым салмаса, физикалық жаттығу әйелдерге жүктілік кезінде де, босанғаннан кейін де пайдалы. ДДСҰ спортқа қарсы көрсетілімі жоқ жүкті және босанған әйелдерге аптасына кем дегенде 150 минут орташа қарқынды аэробикакамен айналысуға, отырықшы уақытты физикалық белсенділікпен алмастыруға кеңес береді.

Соңғы зерттеулер жүкті әйелдердің көп отырмай, жаттығу жасауы — денсаулығының жақсаруына әкелгенін көрсеткен. 2010-2018 жж. жарияланған медициналық деректер талданған осы зерттеуде “қарсы көрсетілімі жоқ жүкті әйелдерге жаттығу жасауға болады” деген қорытынды жасалған. Бұл жағдайда да дәрігермен ақылдасқан жөн.

6-миф: Жүктілік кезінде жыныстық қатынасқа түспеу керек

Үкім: Дәлелденбеген

Дәрігер тыйым салмаса, жүктілік кезіндегі жыныстық қатынас — қалыпты. Зерттеушілердің жазуынша, плацента превиа (бала жолдасы жатырдың төмен жағында орналасып ішкі ернеуді жауып тұрады) немесе мерзімінен бұрын босану қаупі болғанның өзінде абстиненция (жыныстық қатынастан тартыну) қажеттілігін дәлелдейтін деректер тіркелмеген, екінші жағынан, жыныстық қатынас жеңіл босануға көмектесетіні де дәлелденбеген. Жүктілік кезінде жыныстық қатынасқа рұқсат етілген, десе де зерттеушілер әйелдерге өз жағдайына, қалауына байланысты шешім қабылдауға кеңес береді. Ең маңыздысы, бұл жұптың ортақ шешімі болу керек.

7-миф: Жүкті әйелге шаш бояуға болмайды

Үкім: Шындыққа жақын

Түсік жасатқан, баласы өлі туылған жүкті әйелдер жиі қолданған пестицидтер, шаш бояуы мен хлор ағартқыш секілді химиялық заттарды қолдану жиілігі мен ұрықтың өлімі арасындағы байланыс талданған зерттеуде екінші, үшінші триместрге дейін апта сайынғы кәсіби шаш бояуын қолдану өлі туумен айтарлықтай байланысты болғанын, жүктілік кезінде шаш бояуын жиі қолдану ұрыққа залал тигізуі мүмкін екені анықталған.

Жүктілікке дейін шаш бояуы және тұрақсыз менструацияның бала салмағына әсер етуі талданған зерттеуде шаш бояуын қолдану немесе тұрақсыз етеккір бөлек-бөлек те, бірге де бала салмағына кері әсерін тигізетіні анықталды. Ал жүктіліктің ерте кезеңінде қолданылған эндокриндік химиялық заттар (EDC) мен баланың гипоспадия ауруымен туылуы ықтималдығы талданған зерттеуде шаш косметикаcы гипоспадияға қауіп төндіретін фактор екендігі анықталған. Авторлардың жазуынша, EDC-дің өзге түрлерінің ұрпаққа әсері әзірге анықталмаған, дегенмен, зерттеушілер жүктілерге шашқа арналған косметиканы шектеуге кеңес береді.

8-миф: Жүктілерге екпе салдыруға болмайды

Үкім: Жалған

ДДСҰ дерегінше, Вакцина қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық комитет медициналық көрсетілім / ұсыныс болған жағдайда жүкті әйелдерге инактивті-вирустық, бактериялық, токсиальді вакцина салуға болады. Жүкті әйелге “тірі вакцина” қауіпті болуы мүмкін. Алайда, ДДСҰ жазуынша, әлсіретілген тірі вакциналардың, соның ішінде қызамық, қызылша, эпидемиялық паротит және полиомиелитке қарсы пероральді вакциналардың қауіпсіздігі дәлелденген зерттеулер бар. CDC дерегінше, белгілі бір вакциналар қауіпсіз және қажет болған жағдайға екпе ретінде ұсынылады. Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина “КоронаВак”, “Пфайзер” екпесін жүктілерге салуға рұқсат етілген. Бірақ, шешім қабылдамас бұрын дәрігермен ақылдасуға кеңес береміз.

9-миф: Босанғаннан кейін депрессия болады

Үкім: Шындыққа жақын

CDC зерттеуіне сай, әрбір сегіз әйелдің бірінде босанғаннан кейінгі депрессия белгілері байқалған. Ал CDC-дің басқа зерттеуінде босану кезіндегі депрессия көрсеткіші 2015 жылы 2000 жылмен салыстырғанда жеті есе артқаны байқалған.

Ана депрессиясы мерзімінен бұрын босану, аз салмақ, ұрықтың өспеуі және босанғаннан кейінгі когнитивті және эмоционалдық асқынулармен байланысты. Жүктілік кезіндегі және одан кейінгі депрессия жиі кездеседі, бірақ оның белгілері көбінесе жүктіліктің симптомы ретінде саналып, көпшілік оған мән бермейді.

Материал MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Гендерлік мәселелерді медиада көтеру арқылы бұқараның біліктіліктілігін арттыру» жобасы аясында Қазақстандағы Финляндия елшілігінің қолдауымен дайындалды.

Factcheck.kz сайты материалды дайындау барысында консультативті көмек көрсеткені үшін Алматыдағы No1 қалалық клиникалық ауруханасының акушер-гинекологі Мусина Раушан ханымға алғыс білдіреді!

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz