Жалған | Украин әскерилері АҚШ-тың КВИ-ге қарсы вакцинасынан қайтыс болды

Ресейдің кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен саясат жайлы жазатын инстаграм аккаунтта “Украинаның төрт әскери қызметкері АҚШ-тың коронавирусқа қарсы дайындаған вакцинасынан қайтыс болғанын” хабарлады. Бұл ақпаратты 17 шілдеде Александр Мазейкин ресми түрде мәлімдеген. Ол — ешбір ел мойындамаған, өздерін Украинадан тәуелсіз санайтын Луганск халық республикасы, Халықтық полиция бөлімінің баспасөз қызметкері.

23 маусымда Харьков облысының Мереф елді мекенінің орталық реферативтік зертханасына коронавирусқа қарсы вакцинаға сынақ жүргізу үшін алты американдық вирусолог маман келді. Харьков әскери госпиталінің бас хирургі, бағдарламаға бақылаушы ретінде қатысқан медициналық қызмет подполковнигі Сергей Шипиловтің айтуынша, 29 маусымда практикалық сынақ үшін он бес кандидат, оның ішінде жағдайы орташа және коронавирус инфекциясын асқындырған он әскери қызметкер таңдалған. Нәтижесінде бес пациент, соның ішінде төрт әскери қызметкер инфекциядан болған асқынудан кейін көз жұмды.

А. Мазейкин

А.Мазейкиннің айтуынша, Харьков облысының радиациялық қорғаныс диспансерінде сынақ жүргізілген.

Үкім: Жалған

Stopfake.org сайты Мазейкин мәлімдемесін толықтай жоққа шығарды. УҚК (Украинаның қарулы күштері) медициналық күштерінің медиамен байланыс қызметінің жетекшісі Алексей Мазепаның айтуынша, Украинаның әскери қызметкері тек әскери госпитальда емделеді. «Тек арнайы сұраныс бойынша оларды басқа мекемелерге ауыстыруға болады және мұндай жағдай өте сирек», – деді.

Бұл жаңалық шындыққа жанаспайды. Бұл – мүлдем ойдан шығарылған әңгіме, сандырақ. Жаңалықта айтылған хирург (Сергей Шипилов – ред.) коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуге еш қатысы жоқ. Алты американдық вирусологтың келуіне қатысты [айтар болсам] бұл ақпарат та шындыққа жанаспайды. Соңғы уақытта әскери ынтымақтастық аясында Украинаға бірде-бір эпидемиолог келмеді.

Алексей Мазепа.

Ескерту: Харьков радиациялық қорғау диспансері — әскери госпиталь емес және пандемияға дейін Чернобыль АЭС апатынан зардап шеккен азаматтарды емдеген. Сергей Шипилов солтүстік аймақтың әскери-медициналық клиникалық орталығында (Харьков қ.) жетекші хирург міндетін атқарады. Ол АТО уақытында (Украина шығысындағы ресейшіл сепаратистерге қарсы операцияны Киев АТО (антитеррорлық операция) деп атаған еді – ред.) жарақат алған украиндық әскери қызметкерлерге операция жасайды.

Ескеретін жайт, бұл ақпарат туралы еш тексермей жариялаған Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары еді. Одан соң әлеуметтік желіге тез тарай бастады. Мысалы, МК-ның (Московский комсомолец) осы тақырып бойынша жарияланған твиттердегі жазбасын 500-ге жуық адам бөліскен.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz