Серік Шәпкенов жұмыссыз NEET жастары мен мүгедек балалар туралы

10 наурызда өткен Үкімет отырысында Серік Шәпкенов жұмыссыз NEET жастары мен мүгедек балалар туралы деректер келтірді. Factcheck.kz министр сөзін тексеріп көрді.

Тайм-код: 42:05:00

Еңбек нарығында 300 мыңға жуық жұмыссыз және NEET жастары бар.

Серік Шәпкенов

Үкім: Шындыққа жақын және Техникалық қате

Ұлттық статистика бюросының 2021 жылға қорытынды дерегінше, Қазақстандағы жалпы жұмыссыздардың (449,6 мың) ішіндегі NEET жастарының (15-28 жас аралығы) үлесі — 73,29 мың адам (бұл дерек министр презентациясында да көрсетілген).

Шәпкеновтің презентациясына назар аударсақ, министр NEET жастары мен жұмыссыз жастардың санын қосып есептеген. Қазақстанда NEET жастардың саны барлық жастар санының (3 739 883 адам) 6,9%-ін қамтиды (258 052 адам).

Жұмыссыздардың нақты саны жоғарыда аталған цифрлардан өзгеше болуы мүмкін, бұл туралы министр презентациясында да жазылған. Қазақстандағы жұмыссыздық туралы толығырақ біздің аналитикалық мақаламызда.

(Елімізде — авт.) Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 80 мыңнан астам көпбалалы және аз қамтылған отбасылар бар. Мұқтаж әр топқа арнайы шаралар қабылдау керек.

Серік Шәпкенов

Үкім: Дәлелденбеген

Ашық деректерде мүгедек балалардың қаншасы көп балалы отбасыда, қаншасы аз қамтылған отбасыда тұратындығы туралы дерек жоқ. Десе де, мүгедек балалардың нақты саны белгілі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталының 2022 жылдың 25 наурызындағы дерегіне сай, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың саны 77 574. Бұл сан министрдің мәлімдемесіне сәйкес келеді, бірақ ашық деректегі мәліметтер үкім шығаруға жеткіліксіз.

Контекст

БҰҰ Балалар Қорының (UNICEF) 2019 жылғы «ҚР-дағы балалардың жағдайын талдауына» сай, Қазақстанда табысы төмен отбасыдан шыққан балаларға арналған жәрдемақы мөлшері өте төмен.

ЖІӨ-ден әлеуметтік көмекке бөлінетін қаржы, 2015 жылғы дерек. Дереккөз: БҰҰ

2018 жылы аз қамтылған отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) жүйесі жаңартылып, үш әлеуметтік жәрдемақы біріктірілген. Бұлар: төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға, 18 жасқа дейінгі балаларға және табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нен төмен отбасыларға арналған жәрдемақы. 2018 жылы АӘК аясында бала күтімі бойынша 1 006 748 адамға және 86 856 мүгедек балаға ақшалай көмек көрсетілген.

Кедейлікте өмір сүретін жалпы халықтың және балалардың үлесі, %-пен. Дереккөз: БҰҰ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2022 жылдың ақпанындағы дерегіне сай, жалпы 624,9 мың бала АӘК алады.

АӘК үш жасқа дейінгі балаларға, мүгедек балаларға, бір жастан алты жасқа дейінгі балалары, сонымен қатар орта білім беру ұйымдарында оқуға кіріспеген алты жасқа толған балалары бар табысы аз отбасыларға – атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезеңінде; алты жастан он сегіз жасқа дейінгі балалары, сонымен бірге орта білім беру ұйымдарында білім алатын, он сегіз жасқа толған балалары бар табысы аз отбасыларға тиісті оқу жылы ішінде беріледі.

Гүлнұр Бітіс