Көзқарас | Вакциналық алдын алудағы жүйелік өзгерістер туралы

Әсел Мұсабекова молекулалық биолог және ғылымды дәріптеуші, Қазақстандағы қоғамдық денсаулық, ақпараттандыру мен мәліметтердің ашықтығы сынды вакцинаның алдын алудағы жүйелік мәселелерді талдайды. Factcheck.kz иммунология, вакцинология және денсаулық сақтау саласындағы мамандар мен әріптестерін пікірталасқа қосылуға шақырады.

Вакцинациядан бас тарту – әсіресе пандемия кезінде үлкен мәселе және ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп. Ресми мәліметке сүйенсек, былтыр 21 адам қызылшадан қайтыс болған, оның 19-ы бала (көбі онкологиялық дерті бар, иммунтапшылығынан зардап шеккен және ауыр неврологиялық ауруы бар балалар). Біз оларды қорғай алмадық. Қызылшадан жазылған 10 000 адамның төрттен бір бөлігіне жуығының статистика бойынша дерті асқынады. Бұл тек ресми дерек. Асқынудан болатын тіркелмеген өлім көп. Сондай-ақ көкжөтел мен басқа да вакцина алуға болатын инфекциялардың таралуы жиілеп кетуі мүмкін. Коронавирустан болған коллапс кезінде вакцинациямен қамту жағдайы – болашақ апат.

Бастапқы позиция мен есепке алудағы мәселелер

Адамдардың екпеден бас тартуының негізгі себебі – екпе алғаннан кейін жағымсыз салдары болады деген қорқыныш. Әуелі жағымсыз салдар қалай тіркелетінін анықтап алайық. Қазір ИКЖС (иммунизациядан кейінгі жағымсыз салдар) туралы мәлімет жедел хабарлау – «сары карта» түрінде болады. Дәрігер немесе ата-ана оқиғаны екпе жасалған емхана арқылы тіркейді. Бұл деректерді Санитария-эпидемиология сараптама және мониторингтің ғылыми-практикалық орталығы (немесе СЭС) жинап, содан кейін ыңғайсыз форматта ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ДЗСҰО (Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы) сайтында жарияланады. Мәліметтердің кей бөлігін ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау орталығы пайдаланады. Ары қарай не істейді, жағдайды талдау және тергеу қалай жүргізіледі, кім оған жауапты екені белгісіз. Бұл процеске өндіруші мен бірыңғай жеткізуші қалай қатысады – тағы түсініксіз.

Мәліметтер анық болмағаннан кейін тіркелген жағдайлар саны өте аз. Ата-ана да, дәрігерлер де түсініксіз процесске бас қатыруға асықпайды. Мәселен, менің желідегі әлеуметтік сауалнамама қатысушыларымның ешқайсысы екпеден кейінгі асқынуды тіркемеген. Көбі оны қалай істеу керегін білмейді және тіркеген күннің өзінде қандай да бір нәтиже болатынына сенбейді. Көбінесе дәрігер мен емхана басшылығы ата-ананы сары карта толтырмауға  көндіреді. Сол себепті, ресми дерек шындыққа сай келмейді.

Экс-министр Біртановтың айтуынша, 2019 жылы Қазақстанда 4,8 миллион бала екпе алған, ал бас тартқандар саны – 6003, яғни, 0,12 пайыз ғана. «2019 жылы екпе алған 143 балада ғана жағымсыз әсер байқалған (дене қызуының көтерілуі, ісіну, терінің қызаруы), ол 0,003 пайызға тең. Оның үстіне, Қазақстанда екпеден қайтыс болған бала санына келер болсақ – 0! Сандар барлығын айтып тұр», деді Біртанов.

Ескерту: Дене қызуының көтерілуі мен терінің қызаруы – екпеге иммундық жүйенің қалыпты әсері. Жалпы мұндай жағдай тіркелмеуі тиіс. Ал осындай әсері бар барлық жағдай тіркелетін болса – олардың саны 0,003%-дан асып кетер еді.

Тіркеудің күрделі және ескірген процесі, деректерді жариялаудың ыңғайсыз форматы, асқынулар бойынша сараптаманың толық болмауы, емхананың әр жағдай үшін жауапкершілік алудан қорқуы және нәтижесінде сенімді деректердің болмауы қазіргі уақытта бізде шешілмейтін мәселе бар екенін көрсетеді. Өйткені біз ата-аналар алаңдап отырған жағымсыз жанама әсердің негізгі себебі қандай екенін білмейміз. Сол себепті сұрақты зерттей алмаймыз.

Ашық деректер қорқынышқа қарсы

2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында Цифрландыру жөніндегі вице-министр Олжас Әбішевтің командасы бастаған иммунопрофилактиканы электрондық тіркеу бойынша жоба жоспарланған болатын (мәтін вице-министр ұсталғанға дейін жазылған – Ред.). Өкінішке қарай мен екі ай жұмыс істеу кезінде регистр механизмі тақырыбына кері байланыс ала алмадым. Ашық деректердің болмауы да қазақстандық ата-аналарды үрейлендіретін себептердің бірі болуы мүмкін. Сол себепті кәсіби дәрежеде талқылауға тұратын бірнеше ұсыныс бар:

  • Біріншіден, «сары картаның»  орнына ИКЖС-ды тіркейтін жаңа формат қажет. Әркім өз жағдайын тіркей алатын және екпенің жағымсыз жанама әсеріне жасалған талдауды көретін қолайлы, сенімді онлайн-құжат. Осылай істеген кезде кез келген «үйдегі сарапшыны» «Оқиғаның реестрдегі нөмірін айтыңызшы?» деп тоқтатуға болар еді.
  • Екіншіден, 2003-2004 жылдардағы «серб» жанжалынан бірнеше жыл бұрынғы және одан кейінгі вакцинацияны ұйымдастыру механизмін талдау қажет – содан кейін қателіктермен жұмыс істедік деп ұялмай мәлімдеуге болады. Сонымен қатар барлық жағымсыз салдар туралы толық, яғни баланың жасын, екпе түрін, аудан, салдарының ауырлығы, асқыну себебі туралы толық әрі түсінікті түрде айтылуы қажет.

Олжас Әбішев тікелей эфирде ақпарат құпия болғандықтан мұндай зерттеуді жариялау мүмкін емес деп мәлімдеді. Оған жауап ретінде ақпаратты иесіз, инфографика түрінде беруді ұсынамын. Мысалы, түрлі тақырыптағы диаграммаларда  ешқандай жеке мәлімет болмайды, бірақ корреляция көрініп тұрады. Мұндай жеңіл форматтағы мәліметтер ата-анаға да, дәрігерге де, бірыңғай жеткізушіге де пайдалы болар еді.

Сапалы статистикалық мәліметтердің ашықтығы мен қолжетімділігі – мемлекетке сенбейтін ата-анамен қарым-қатынас жасау үшін  алғашқы және ең ойға қонымды тәсіл.

Коммуникацияның жоқтығы = конспирология

Ұсыныстың екінші тобы вакцинация мен инфекциялық аурулар саласындағы коммуникацияға қатысты. Меніңше, COVID-19 пандемиясы кезінде ой-өрісі келте адамның инфекция туралы базалық білімінің қаншалықты төмен екені түсінікті болған шығар. Вакцина туралы конспирологиялық теория мен фейктердің таралуы бұрын болмаған деңгейге жетті.

Вакцина – баланың инфекциядан қорғануға алған құқығы екенін – бұрыннан белгілі ақиқатты дәлелдейтін, ата-аналарға арналған сапалы әрі сенімді контент керек. Жанама әсері мен қауіп туралы да ескертетін контент қажет.

Nature басылымында жақында жарияланған мақалада Фейсбуктегі антиваксер мен проваксерлердің желідегі қызметі туралы айтылған. Сұрыптау: 85 млн-нан астам қолданушысы бар 1300-ден астам қауымдастық. Тиісті ақпараттық хабарлама келесідей математикалық модельмен тарайды:

Көзқарас | Вакциналық алдын алудағы жүйелік өзгерістер туралы
Ғалымдар вакцина туралы түрлі пікір жазған 100 миллионға жуық  Facebook қолданушысының анықталмаған (жасыл), антиваксерлер (қызыл) және проваксерлердің (көк) қызметін зерттеді. Екпеге қарсы кластерлердің өсімі 2019 жылдың ақпанынан қазанына дейінгі аралықта артқан. Вакцинаға қарсы шығушылар саны қолдайтындарға қарағанда аз. Дегенмен, вакцина қарсыластары ұйымдасқан топтарды құрып отыр.

Вакцинаға қарсы шығушылардың коммуникациялық стратегиясы тиімді болып шықты. Неге? Екпені қолдайтын топ тек бір-бірімен сөйлеседі, ресми ақпаратпен және «қызықсыз» ғылыми деректермен бөліседі. Екпеге қарсы топ халық арасына батыл түрде еніп кетеді. Көлемі бойынша кіші, бірақ динамика бойынша тез өседі. Олар әуелден бейтарап топтармен тығыз байланысады (мәселен, бір мектеп оқушыларының ата-аналарының қауымдастығы). Оған қоса, вакцина қарсыластары «Ал сіз балаңызды жақсы көресіз бе?», «Жаппай өлтіру», «Геноцид!» және т.б. эмоционалдық тұрғыдан қуатты сөздерді негізге алады.

Қазақстандық сегментте де «екпеден кейінгі асқынулардың» расталмаған жағдайлары сипатталып, қастандық теориясы деп айып тағатындар бар. Өкінішке қарай қызылшадан қайтыс болған немесе вакцинадан бас тартқаннан кейін қызылшадан жазылғанымен, салдары қалып қойған балалардың ата-аналары қайғысы туралы айта қоймас…

Маңызды бақылау: Екпеге қарсы қоғамның соған сәйкес қызығушылықтары бар: конспирология, ББҚ-лар, емдеудің балама тәсілдері, климаттық өзгерістерді жоққа шығару, дәлелді медицинаны жоққа шығару. Мәселен, өскемендік гомеопат «Дәрігерлер вакцинаға қарсы» деген вирустық видеода гомеопатияны насихаттап, ББҚ-ды сатады.

Жоғарыда айтылғандарды ескерсек, Денсаулық сақтау министрлігі сторителлингке негізделген және дәлелді эмпатияны шақыратын нақты коммуникация стратегиясын  жасау керек.

Ұсыныс

Ақпараттық ресурстар

Жақында ДЗСҰО сайтында «Вакциналар» деген айдар пайда болды. Мен бұл айдардың қазақ тіліндегі нұсқасын таппадым. Ал орыс тілінде ақпарат өте аз және екпенің кеңейтілген тізімі секілді. Салыстыру үшін вакцина туралы жан-жақты ақпарат беруге арналған француз сайтын қарап көрейік. Онда вакцина егуге болатын инфекциялар, екпемен қамту және ауру статистикасы, екпе күнтізбесі, ересектер ревакцинациясы туралы айдар, инфографика, сұраққа жауаптар бар. Вакцина егілетін әр ауруға қатысты қысқа видеолар жинақталған. Егер адамға қамту мен асқыну туралы егжей-тегжейлі мәлімет қызық болса, ақпаратты басқа ресми сайттан оңай таба алады. Бізге де осы секілді ресурстар қажет.

Жауапкершілік = қателікпен жұмыс істеу

Коммуникация қызметін «серб жанжалын» ашық түрде талқылаудан бастау керек. Еске сала кетсек, 2003-2004 жылдары сербиялық БЦЖ вакцинасын 214 000 қазақстандық балаға егіп, олардың 1067-іне «лимфаденит» диагнозы қойылған болатын. Вакцина ДДСҰ-ның сапаны бақылауынан өтпеген болып шықты. Оны ресейлік препаратқа арзан балама ретінде сатып алған. Денсаулық сақтау министрлігі «қатемен жұмыс» жүргізді ме? Үнемдеу тым қымбатқа шыққанын түсінді ме? Ата-ананың қызылша вакцинасынан бас тартып, балалардың қайтыс болуы жемқорлықтың салдары екенін ұғынды ма?

Меніңше, толық болмаса да, қателікпен жұмыс жүргізілді. Қазір вакцинаның сапасы мен өндірушілерге аса мұқият қарайды.

Қазақстан аз уақытқа ресейлік вакцинаға оралды, содан кейін – назар аударыңыз! – туберкулезге қарсы екпе (БЦЖ) жасалмаған аралық болды (9/2004-3/2005). Содан кейін Қазақстанға жапондық вакцина келіп, қазіргі күнге дейін сол қолданылады.

Осы жылы жарияланған барлық үш вакцинаның (ресейлік, серб және жапондық) ретроспективті салыстырмалы талдауы (Фаворов М.О., Белиловский Е.М., Тұрсынбаева А.С., Исмаилов Ш.Ш. Балалардағы туберкулездің алдын алу үшін БЦЖ үш коммерциялық вакцинасының тиімділігін бағалау: когортты бақыланатын ретроспективті зерттеу нәтижелері // жұқпалы аурулар: жаңалықтар, пікірлер, оқыту. 2020. Т. 9, № 1. 8-18 Б. doi: 10.33029/2305-3496-2020-9-1-8-18) қорытынды жасауға мүмкіндік берді: барлық үш препарат та белгілі бір дәрежеде ТБ асқынуларынан, мысалы, 5 жасқа дейінгі балалар үшін қауіпті туберкулезді менингиттен қорғайды. Бәрінен жапон вакцинасы артық болып тұр. Осы жерде айта кеткен жөн, ғалымдар БЦЖ-ның мінсіз емес екенін бұрыннан біледі, бірақ оның супермультирезистентті ТБ бар Қазақстанға ол ауадай қажет және оның әзірге баламасы жоқ.

Яғни, біз лайықты өндірушінің препаратына көшкенімізбен, тұрғындарды ақпараттандыру тұрғысынан қателікпен жұмыс істемедік. Ата-аналар бұрынғыша БЦЖ екпесіне сенбейді және қауіптенеді.

Біз білетін олдскул

Францияда ата-анамен коммуникация орнатудың негізгі құжаты – «Денсаулық кітапшасы» (Carnet de Sante). Ол перзентханада беріледі, 18 жасқа дейін жарамды. Егер бала Францияда тумаса – кітапшаны міндетті түрде әкімдікте береді.  Цифрландыру кезінің өзінде, қағаз түріндегі «Денсаулық кітапшасы» маңызды құжат. Бұл коммуникацияның қолжетімді әрі жағымды жолы. Ал бізге (цифрландыруға жететін жол өте ауыр болған кезде) осындай бірыңғай құжат өте қажет. Францияның «Денсаулық кітапшасында» вакцинаның қайда жасалғаны туралы ақпарат міндетті түрде көрсетіледі. Тағы басқа мәлімет:

  • Баланың құрсақтағы кезінен 18 жасқа дейінгі аралықтағы денсаулығы туралы ақпарат
  • Босанудың толық сипаттамасы мен  ерекшеліктері, жаңа туған нәрестенің жағдайы, перзентханадағы алғашқы педиатрдың координаттары
  • Резус-фактор мен қан тобы
  • Вакцинация күнтізбесі, оның міндетті екенін түсіндіру, вакцина туралы ақпарат беретін сайтқа сілтеме, екпеден бас тартқан жағдайда қандай жағдай болуы мүмкін екеніне мысал; жапсырмалары мен лот нөмірлері, дәрігердің қолы мен координаттары бар егу паспорты
  • Экран уақыты, киберқауіпсіздік
  • Ойынның маңыздылығы, ойыншық түрлері
  • Мектептегі жоспарлы медициналық тексеру мен мектеп пен балабақшадағы медициналық қызметтер туралы ақпарат
  • Аллергия мен баланың ерекшелігі
  • Емізу, қосымша тамақ беру, дұрыс тамақтану
  • Барлығы нәресте күтімі жайлы
  • Бой, салмақ және т.б.  нормалар
  • Жоспарлы тексерулердің қорытындысы бойынша дәрігердің қолы және мөрі қойылған күні, салмағы, бойы, ауруы туралы ақпарат
  • Тіс дәрігерінің тегін қарауында болғаннан кейінгі қорытынды
  • Сондай-ақ жасөспірім шақ, психологиялық денсаулық және т.б. көп ақпарат бар.

Осылайша, француздарға ақпаратты интернеттен іздеудің еш қажеттілігі тумайды. «Денсаулық кітапшасында» қажеттінің бәрі бар.

Ескерту: Карантин және қауіптің артуы

Екпе туралы шынайы ақпарат өте маңызды. Мысалы, карантин кезінде жоспарлы вакцинацияны уақытша тоқтату көп адамда қате түсінік қалыптастырды. Олар эпидемия кезінде екпе жасау денсаулыққа зиян деп ойлап қалды.

Француз тәжірибесіне қайта оралайық: карантин кезінде көптеген медицина қызметтері тоқтады, мәселен, тіс дәрігеріне кіру мүмкін емес еді. Бірақ жоспарлы екпелер уақытылы және жүйелі жасалып тұрды.

Қорытынды

Сапалы коммуникациялық саясатты жүйелі міндеттерді шешумен қатар жүргізу қажет: мен екпе жасайтын бөлме алдында кезек болмағанын, дәрігер мен медбикелеріміздің білімін толықтырып, ғылыми мақалаларды оқуға уақыты болғанын, үрейленген ата-анаға барлық қауіп-қатерді анық және сабырлы түрде түсіндіргенін қалаймын.

Заңды контекст те маңызды – айқын жауапкершілік болуы керек. Түсінікті тілмен айтсақ, егер екпені баланың қолайсыз жеріне салса, бұған біреу жауап беруі керек. Біз әр жағдайды шешуге тырыспасақ, ата-ана тарапынан сенім болмайды. Және екпе паспортын сатып алатын тәсіл қалайда табылады. Бұл трагедияға әкелетін тура жол.

Автор туралы: Әсел Мұсабекова, молекулалық биолог, иммунология саласының маманы. Париждегі Пастер институтында вакцинологияны оқыған. Страсбургтегі молекула және жасуша биологиясы институтында PhD қорғаған.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz