Бірнеше айдан бері әлеуметтік желіні коронавирусты емдеудің тағы бір тәсілі – сарымсақ суын пайдалану туралы ақпарат кезіп жүр. Мұндай терапияның авторы әлдебір медицина ғылымдарының докторы Шухрат Халилов делінген. Халиловтың шағын мақаласын ВК, Яндекс.Район, түрлі форумнан, тіпті Росконгресс сайтынан да көруге болады. Ал гуглға автордың атын жазсаңыз, осы тақырыпқа ұқсас үлгілерді де ұсынады.
Шухрат Халиловтың мақаласын үш бөлікке бөлуге болады: біріншісі – иммундық жүйеге қатысты пікір, екінші – СOVID-19-дың оған қалай әсер ететіні. Осы ретте ол қазіргі коронавирусты емдеу тәсілдерінің тиімсіз екенін айтқан. Үшіншісі – автордың жеке ұсыныстары. «Дәрігердің» пайымдауынша, өзі ұсынған тәсіл вирустан толық айықтырады.
Үкім: Фейк
Коронавирус кезінде сарымсақ суының пайдасы жоқ. Автор пікірінің ешқандай ғылыми негіздемесі жоқ және COVID-19-дың адам ағзасына қалай әсер ететіні туралы қате түсініктен қалыптасқан жалған болжамға негізделген. Шухрат Халиловтың өзі соңғы кездері түрлі конспирологиялық тақырыптарды қозғап жүр.
Талдайық…
Үкім: Жалған
Пікір: Иммундық жүйенің 80%-ы аш ішектің шырышты және шырыш асты қабатында лимфалық тін және оның шоғыры – пейер шытырасы түрінде жиналған. Лимфалық тін антидене (Т-, B-, G- және т.б. лифоцидтері) және түрлі иммунды глобулин түзеді. Антидене лимфалық жүйе арқылы төменгі қуыс көктамырға, жүрекке түсіп, қанайналымында шағын айналым жасап, үлкен қанайналымға қосылып, бүкіл ағзаға тарайды. Осылайша тіндік иммунитет, оның ішінде өкпе тінінің жеке тіндік иммунитеті нығаяды.
Ш. Халилов
COVID-19 ас ішкен кезде тамақпен араласып ішекке түседі және лимфалық тінді жоя бастайды. Зақымдалған лимфалық тін лимфоцид пен иммунды глобулин түзуді тоқтатады. Осылайша, иммундық жүйе бұзылып, салдарынан өкпенің тіндік иммунитеті әлсірейді. Сол сәттен бастап коронавирус қорғаусыз өкпе тініне екінші рет шабуылдайды, ол пневмонияның ауыр түріне ұласып, адам қайтыс болады.
Біріншіден, коронавирустың асқазан-ішек жолына түсуі үшін тағам түріндегі делдал керек емес. Екіншіден, коронавирус міндетті түрде ішекке түседі деген әңгіме жоқ. Науқастардың кейбірінде ғана вирустың асқазан-ішек жолына түскенін дәлелдейтін симптомдар (іш өту секілді) байқалады. Ауруды толығымен зерттей келе адамның денсаулығына байланысты COVID-19 түрлі ағзаларға, өкпеден бастап миға дейін әсер етуі мүмкін екенін білеміз. Үшіншіден, коронавирустың ағзаға әсер етуі туралы автор сипаттаған әрекеттер шындыққа жанаспайды. Және соңында, коронавирус барлық жағдайда пневмонияға ұласып, қайғылы жағдайға әкеп соқпайды. Науқастардың көпшілігінде ауру жеңіл және орташа формада өтеді.
Пандемия басталғанда коронавирус жұқтырған кейбір науқастардың ас қорыту жүйесіне әсер ететін симптомдары болған. Дегенмен мұндай белгілері бар науқастар саны әр жерде әртүрлі, бір симптом екіншісінен жиі кездесетіні тағы бар (мәселен, науқастарда асқазаннан қан ағуға қарағанда диарея жиі кездеседі). Кейде науқастарда асқазан ішек жолдары ауруының симптомы болады да респираторлық симптомдар байқалмайды, ал кей кездері керісінше.
Ғалымдардың жақында жасаған зерттеулері коронавирус иммундық жасушаның тозуына әсер етуі мүмкін екенін көрсетті, бірақ әзірге нақты дәлел жоқ. Бұл тақырыптағы зерттеулер әлі жарияланған жоқ немесе болған күннің өзінде препринт қана.
Қазіргі уақытта иммундық жүйе коронавирустың нысаны емес екені белгілі. Керісінше – науқастардың жағдайының нашарлауы қоздырғыш вирусқа ғана емес, сау жасушаларға да шабуыл жасаған кезде оған иммунитеттің әсері тым жоғары болуына байланысты. Иммунитеттің мұндай әсері қабынуды туындатады. Ол цитокинді дауыл деп аталады.
Жалпы, вирус ағзаға түскенде онда нақты қандай өзгерістер болатыны талай рет түрлі ғылыми журналдар, БАҚ пен басқа да ресурстарда сипатталған. Мына видеода бәрі қарапайым тілмен түсіндірілген.
Иммундық жүйенің жұмысын сипаттау кезінде автор қарапайым терминдерді шатастырған. Мәселен, ол антиденелер тобына иммундық глобулин мен лимфоциттерді қосып қойған. Лимфоциттер антидене емес, ал иммундық глобулиндер В-лифоцитке жатады және түзеді. Оған қоса G және «басқа да» лимфоциттер жоқ. Т–, B–, және NK-лимфоциттер деп қана бөлінеді.
Асқазан-ішек жолының иммундық жүйесінің құрылымы туралы ғылыми еңбекке сілтеме бергенде, Халилов мырза, онда берілген ақпараттарды дұрыс түсінбеген сияқты.
Пікір: Қазіргі уақытта барлық эпидемияға қарсы шаралар өкпеге коронавирусты жібермеуге бағытталған. Оған өте көп шығын шығады және тиімсіз. Ал барлық емдеу шаралары пневмония түріндегі асқынулармен күресуге арналған.
COVID-19 ондаған жыл бойы адам денсаулығына қауіп төндіретінін түсіну керек. Қазір біз пандемияның алғашқы толқынын ғана көріп отырмыз. Мұндай толқындар көп болады. Барлық алдын алу-емдеу шаралары өкпеде шоғырланған коронавирусқа арналған, ал ішекте жиналған коронавирусқа ешқандай амал жасап жатқан жоқпыз. Былайша айтқанда, «арба аттың алдына шығып кетті».
Ш.Халилов
Үкім: Жалған және манипуляция
Жоғарыда айтып өткеніміздей, медицина қоғамы вирус өкпеден басқа ағзаны да зақымдауы мүмкін екенін біледі. Бірақ көп жағдайда коронавирустың соққысын ішек емес, өкпе өзіне қабылдайды. Алдын алу және емдеу шараларына келер болсақ, олар жалпы коронавирусты емдеуге арналған. Вирусқа қарсы препараттар ішектегі немесе өкпедегі коронавирусты емдейтін болып бөлінбейді.
Халилов бірінші толқынмен бәрі бітпейді деп дұрыс айтқанымен, ондаған жылдарға созылады деуі – таза спекуляция.
Айта кеткен жөн, әзірге COVID-19-ды емдеуге арналған тиімділігі дәлелденген дәрі жоқ. Бірақ Шухрат Халилов бұл пікірмен келіспейді.
Пікір: Бактеридті қасиетімен қатар, вирустарға тікелей әсер етіп, олардың көзін жоятын табиғи өнімдер өте көп. Оның ішінде ең тиімдісі – сарымсақ. Егер күн сайын сарымсақтың 2/3 стакан тұнбасын ішетін болсақ, ол бірден аш ішекке түсіп COVID-19-ды өлтіреді…
… «Сарымсақ суын» ішкеннен кейін 30-40 минуттан соң аш ішекте табиғи вакцина пайда болады және су тегін; табиғи вакцина COVID-19-ға қарсы арнайы иммунитет түзе бастайды.
… Эпидемияға қарсы хаттама жасап, «сарымсақ суын» бір күнде бүкіл ел қабылдауға болады. Базалық патогенді морфологиялық субстрат бір-екі күн ішінде толығымен жойылып кетеді.
Ш.Халилов
Үкім: Фейк
Коронавирусты ғана емес, кез келген вирусты сарымсақпен емдеу – бірнеше рет жоққа шығарылған миф. Сарымсақтың тиімділігі алдын алу шарасы ретінде де, коронавирусқа қарсы ем ретінде де дәлелденген жоқ. Оған қоса сарымсақты пайдалануға болмайтын жағдайлар бар. Сарымсақ және сарымсақ тектестер (сарымсақ суы сияқты) коронавирусты өлтірмейді. Сол себепті автордың «өлген» COVID-19-дың қалай әсер ететіні туралы ойының еш мағынасы жоқ. Ал «табиғи вакцина» түзілу туралы пікірі ғылыми фантастика ғана.
Пандемия басталған сәтте сарымсақ туралы алып-қашпа әңгіменің көп болғаны соншалық ДДСҰ сарымсаққа бірнеше жол арнады. ДДСҰ-ның «Мифтер мен жалған ұсыныстар» бөлімінде былай жазылған:
Сарымсақ – микробқа қарсы қасиеті бар, денсаулыққа пайдалы өнім. Дегенмен, қазіргі уақытта жаңа коронавирустың алдын алу үшін сарымсақты пайдалану тиімді екені дәлелденген жоқ.
ДДСҰ
Айтпақшы, біз сәуірдің басында коронавирустың алдын алуда сарымсақ, зімбір, пияз бен басқа да «дәрілердің» тиімсіз екенін жазған едік.
Айта кету керек, сарымсақ кейбір адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін. Ауыздан жағымсыз иіс шығатынынан бөлек, әсіресе шикі сарымсақ қыжыл туындатып, асқазанның бұзылуына әкеп соғуы мүмкін. Ас қорыту жүйесі мәселелері бар адамдарға сарымсақты пайдалар кезде абай болу керек. Кейбір адамдардың сарымсаққа аллергиясы да болады. Басқа да кері әсерлері туралы WebMD мақаласынан оқуға болады.
Бір таңқалдыратыны, автор коронавирустың белгілері адамзат тарихындағы ең қауіпті аурулардың бірі АИВ-мен (ВИЧ, иммундық жүйенің бұзылуы) бірдей екенін айта отырып, одан емделудің осындай тиімсіз тәсілін ойлап тапқан. Халиловтың логикасына сенсек, сарымсақ суын ішіп, кез келген вирусқа қарсы «табиғи вакцина» түзуге болады. Өйткені ол вирустарды өлтіреді. Бұл пікірдің шындыққа жанаспайтыны анық.
Пікір авторы туралы…
Біз Шухрат Халиловтың Facebook-тегі парақшасын таптық. Сілтеменің авторы екеніне оның сәуірдегі посты арқылы көз жеткіздік. Оның айтуынша, коронавирустың алдын алу және емдеу туралы мақаласын Фейсбук блоктап тастаған.
Авторды тануға «медицина ғылымдарының кандидаты» деген жазу мен күн әрі аты-жөнін көрсеткені көмектесті. Оның «ерекше» посты дезинформацияға қарсы күрес бағдарламасы аясында блокталған болуы керек. Осы постта Халилов сарымсақ суы вирусты нақты қалай өлтіретіні туралы түсіндіріп, конспирологияға бұрылады. Оның ойынша, ДДСҰ ФБ-ті жариялымдарды блоктауға мәжбүрлейді, бұл трансұлттық фармацевтикалық компаниялар саясатының бір бөлігі және ДДСҰ – жемқор құрылым.
Оның соңғы посты 6 мамырда жарияланған және тақырыбы мынадай: «ҚЫТАЙ ВИРУСЫНЫҢ ЕКІНШІ ТОЛҚЫНЫ. КҮТІП ОТЫРМЫЗ. ДАЙЫНДАЛЫП ЖАТЫРМЫЗ». Онда автор, коронавирус – «екінші буынның биологиялық қаруы» деген қорытындыға келеді. Осыған ұқсас мәлімдемелерді біз бірнеше рет тексергенбіз – барлық ғылыми мәліметтер вирустың табиғи жолмен пайда болғанын дәлелдейді.
Шухрат Халиловтың шынында хирург және медицина ғылымдарының кандидаты екенін ашық дереккөздер арқылы тексеру мүмкін болмады. Бірақ ол да маңызды емес. Өйткені біз медициналық білімі бар адамдардың өзі фейк тарататынына куә болғанбыз. Олар неге ондай әрекетке баратынын болжау ғана қалады.
Қызықты сәт: Халиловтың мақаласына «МБХ Медиа» порталы өзіндік фактчек жасаған. Журналист автормен байланыспақшы болған, бірақ Халилов қысқа диалогтан кейін енді өзіне жазбауды сұраған.