Коллаген қоспасы теріні жақсартатыны рас па?

Әлеуметтік желіде жасартатын құрал ретінде ұсынатын коллаген қоспаларының жарнамасы кең танымал. Мұндай қоспа шаш пен тырнақты нығайтады, терінің күйін жақсартады, әжімдерді жазады делінеді. Жазба авторларының сөзіне қарағанда, жас келген сайын адам ағзасында коллаген өндіру баяулайтындықтан, оны тағамға арналған қоспа көмегімен толтыру қажет (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8).

Коллаген қоспаларын ішу шынымен де осындай тиімді әсер ете ме, жоқ па, Factcheck.kz редакциясы тексеріп көрді. 

Үкім: Дәлелденбеген

Қазіргі кезде коллаген қоспасының тиімді екеніне сенімді ғылыми дәлел жоқ. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, ағзадағы коллагеннің кемуін баяулатудың мейлінше қауіпсіз әрі ғылыми негізі бар тәсілі — салауатты өмір салтын ұстану. 

Коллаген деген не?

Коллаген — тері, бұлшықет, сүйек, сіңір және ағзадағы басқа да дәнекер тіндердің негізгі құрылымдық компоненті. Адам денесіндегі жалпы ақуыздың 30%-ы коллагеннен тұрады.  

Коллагеннің негізгі қызметінің бірі — теріге шымырлық пен серпімділік беру. Жас келген сайын коллагеннің бөлінісі мен оның сапасы нашарлайды, ал ағзада бар коллаген тез ыдырайды. Әйелдерде коллаген деңгейінің айтарлықтай азаюы етеккір циклі тоқтағаннан кейін басталады. Жалпы, әйелдерде де, ерлерде де 60 жастан кейін коллагеннің азаюы қалыпты жағдай саналады. Оған белгілі бір аурулар, мысалы, аутоиммундық немесе генетикалық аурулар да ықпал етуі мүмкін. Әйтсе де, қазіргі кезде ағзадағы коллаген деңгейін тап басып анықтауға мүмкіндік беретін ешқандай тест жоқ. 

Коллаген қоспасының көмегімен тапшылықты толтыруға бола ма?

Коллаген қоспалары әдетте құрамында коллагені бар жануар тінінен жасалып, таблетка, ұнтақ, сағыз секілді кәмпит және басқа түрде шығарылады. Әлеуметтік желіде қазіргі кезде коллаген желесі қатты танымал. 

Factcheck.kz редакциясына комментарий берген невролог дәрігер Вадим Мардовский дәлелді медицина тұрғысынан ішетін коллаген қоспалары тиімсіз екенін айтты. 

Дәрігер, Medsupport жобасының жетекшісі Ботагөз Кәукенова желе түріндегі коллаген қоспасын ішкенмен, ағза бәрібір оны амин қышқылына ыдырататынын, ол нақты коллаген өндіруге әсер етпейтінін айтады. Амин қышқылдары ақуыздың негізі болып саналады және олардың кейбірі коллаген құрамында бар. 

Бұл амин қышқылдары ағзаның қажет жеріне барады. Бір бөлігі сүйекке кетсе, тағы бір бөлігі теріге, ал қалғаны тіндерді түзуге немесе энзим өндірісіне жұмсалады. Басқаша айтқанда, қай жерге қажет болса, сонда барады.  

Ботагөз Кәукенова

Кәукенованың айтуынша, коллаген ішу нәтижесінде терінің жай-күйі айтарлықтай жақсаруы мүмкін екенін көрсететін зерттеулер болғанымен, олардың көпшілігіне қоспа өндірушілер қаржылай қолдау көрсеткен және методологиялық сапасы да төмен (1, 2). Мәселен, 19 зерттеуден тұратын бір мета анализге бар болғаны 1125 адам қатысқан. 

Дәрігердің айтуынша, мұндай зерттеулерді ауқымының тарлығына ғана емес, сонымен бірге қатысушылардың ақуыз дәрежесі, тері күтімі, күннен қорғайтын құралдарды пайдалануы, сондай-ақ шылым шегу секілді зиянды әдеттерінің бар-жоғы сияқты қосалқы факторлардың болмауына байланысты да қабылдау қиын. 

Маған өзім коллаген ішу үшін және оны клиенттеріме ұсыну үшін мұндай зерттеулер жеткіліксіз. Мен бұдан гөрі сапалы зерттеуді күтер едім. Ал егер коллаген ішкіңіз келсе, іше беріңіз. Ең бастысы, сапасы жақсысын таңдаңыз. 

Ботагөз Кәукенова

Коллаген қоспасының рандомизацияланған бақылау сынағынан, яғни дәрінің тиімділігін тексеретін алтын стандарттан өтпегені әлемдегі жетекші академиялық медицина орталығының бірі Кливленд клиникасының сайтындағы коллагенге арналған мақалада да айтылады

Бізде қандай да бір биологиялық белсенді қоспаны ішіп алып, бүкіл мәселені шешеді деп күтіп отыратын қызық әдет бар.

Ботагөз Кәукенова

Пайдаланушылардың көпшілігі коллагеннің шаш пен тырнаққа тиімді әсер ететінін айтқанымен, Ботагөз Кәукенова шаш пен тырнақтың күкіртке бай, күшті ақуыз саналатын кератиннен тұратынын, сондықтан коллаген шаш пен тырнақтың нығаюына әсер ететінін баяндайтын жұмыстар айтарлықтай аз екенін, «болмауы да мүмкін» екенін айтады. 

Коллагеннің азаюына не әсер етеді?

Коллаген қоспасының тиімділігі нақтыланбаған, ал оның бағасы айтарлықтай қымбат болуы мүмкін. Сарапшы мамандардың айтуынша, қартаюды баяулататын ғылыми дәлелденген әрі мейлінше қолжетімді тәсіл — салауатты өмір салтын ұстану. Демек, дұрыс тамақтану және уақытында демалу, орнымен су ішу, ақуызды жеткілікті пайдалану қажет (орта есеппен адам салмағының әр келісіне 1 грамнан). 

Ботагөз Кәукенованың айтуынша, көп адамның рационында ақуыз ғана емес, сонымен бірге жеміс-жидек пен көкөністердің құрамында болатын дәрумендер де жетіспейді. 

Дұрыс үйлестіріп тамақтануға мысал ретінде Кливленд клиникасы Жерорта теңізі диетасын келтіреді, оның құрамында көкөністер, бұршақ, бүтін дәнді өнімдер, жаңғақтар мен жемістер мол, сонымен бірге теңіз өнімдері, ет, құс еті, сүт өнімдері мен жұмыртқа жеткілікті мөлшерде. 

Медицина орталығы күннен қорғайтын кремдер мен көзілдірік тағып жүру, бас киім кию және жеңіл әрі жабық киіну де маңызды екенін ескертеді, өйткені ультракүлгін сәулелер коллагенді құртады. Сонымен бірге шылым шегу, қант пен көмірсутекті шамадан тыс тұтыну да коллагенге кері әсер етеді. 

Коллаген қоспасының зияны бар ма?

Ботагөз Кәукенова коллаген қоспасын ішу ақуызды шектеу ұсынылған бүйрегі ауыратын адамдарға қауіпті екенін ескертеді. Ақуыз өнімі болғандықтан, теориялық тұрғыда коллаген ағзаға қосымша жүктеме түсіруі мүмкін. Бұған қоса коллаген қоспасы тамаққа аллергиясы бар адамдардың аллергиясын қоздыруы мүмкін. 

Оның үстіне, биологиялық белсенді қоспа болғандықтан коллаген қоспалары дәрі-дәрмек сияқты қатаң тексеруден өтпейді. Медицина докторы Ширпи Кетарпал Кливленд клиникасымен әңгімеде тағамға арналған қоспа өндірісінің жұмысы ойдағыдай реттелмейтінін, дұрыс таңбаланбайтынын және өнімнің ластану дерегі бар екенін айтады

Техас университетінің М.Д.Андерсон атындағы онкология орталығындағы медицина сарапшылары да коллаген қоспасының құрамында денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіретін уытты заттар мен ауыр металдар болуы мүмкін екенін ескертеді. Мұндай жағдайда ықтимал зиян келетін пайдадан асып түсуі мүмкін. Сол себептен мамандар мұндай қоспаларды ішпес бұрын өнімнің қауіпсіздігі мен сапасы тәуелсіз тексеруден өткеніне көз жеткізу керек дейді. 

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің дерегі бойынша, интернетте сатылатын қоспалардың төрттен бірі мемлекеттік тіркеуден өтпеген, ал әр екінші өнімнің құрамында бар заттар шекті мөлшерден асып кеткені тіркелген. Құрамында қауіпті заттар кездесетін биологиялық белсенді қоспалар да анықталған. 

Журналист, фактчекер

Factcheck.kz