Қарақұрт туралы не білеміз және одан қалай қорғану керек?

2023 жылы жазда Қазнетте улы қарақұрт өрмекшілерінің видеолары тарап кетті. Онда авторлар өрмекшінің қаупі туралы ескертіп, олардың қай жерлерде тарағанын айтады. Желі қолданушылары мемлекеттің бірнеше ауданында анықталған қарақұрттың Instagram (1, 2, 3, 4) желісінде тараған фотолары мен TikTok (1, 2, 3, 4) видеоларынан шошып қалған. Қарақұрт шаққаны туралы алғашқы жаңалық маусым айында тарады. Ол кезде Шымкентте улы өрмекшілерден екі айда сегіз адам зардап шеккен. Сонымен қатар Атырау облысында 10 адамның ауруханаға түскені хабарланды. Адамдардан бөлек, үй жануарлары да жапа шекті – қарақұрт уынан 16 түйе өлді. Ең шулы оқиға Баянауылдағы демалыс орнында болды. Онда Павлодар облысының тұрғыны зардап шекті. Баянауыл аудандық аурухана дәрігері оны шаққан жәндіктің улы болмағанын айтқанына қарамастан, желіде курортты аймақта қарақұрт тарағаны айтылған видео (1, 2) тарап жатыр.

Factcheck.kz редакциясы қарақұрттардың қай жерде және қалай тарайтынын, несімен қауіпті екенін және одан қалай қорғану керек екенін зерттеп көрді.

Қарақұрт деген не?

Қарақұрт (лат. Latrodectus tredecimguttatus), еуропалық не жерорта теңіздік жесір қара өрмекші — қара жесір өрмекшілер түрі. Оны алғаш рет 1790 жылы энтомолог Пьетро Росси сипаттаған. Қара түсті өрмекшінің он үш қызыл дағы бар. Кей жағдайда дақтар тұтасып тұрады. Толығымен қара түсті, дағы жоқ түрлері де бар (аталықтары қоңыр түсті болуы мүмкін). Денесі 7-15 мм болатын аналықтар әдетте аталықтардан үлкен болады (4-7 мм).

Өрмекшілер құрғақ жерлерде, құмды және малтатасты жағажайларда және төмен өсімдіктер арасында, жерге жақын өмір сүреді. Ұлттық энциклопедия дерегінше (147-б), Қазақстанда қарақұрттар шөлді және далады жерлерде көбейеді. 24.kz телеарнасы мамандарға сілтеме жасап, қатты ыстық олардың жылдам көбеюіне әсер етіп, улылық деңгейін арттыратынын айтады. Аналықтар қауіпті саналады.

Zhaikpress.kz география ғылымдарының кандидаты Қажымұрат Азмеденовтың қарақұрттардың көбеюіне ықпал ететін жағдайлар туралы толық пікірін жариялаған:

Қарақұрттар далалы жерлерде кездеседі, сондықтан олардың пайда болуы ықтимал. Олар үшін ең қолайлы ауа райы – ыстық, ұзақ жаз және қысқа, жылы қыс. Былтыр және биыл сондай болған еді. Аналық өмір сүру үшін және көбею үшін топырақты, көбіне кеміргіштердің іні мен желдеткіш жүйелердің дренаждарын таңдайды… Қарақұрттар тұрғын үйлердегі еден мен жерқоймаларда да пайда болуы мүмкін… Жас өрмекшілер сәуір-мамырда шығып, торға желмен қонады. Маусымда өрмекшілер көбеюге дайын болады. Ыстық түскенде аналықтар мен аталықтар миграцияланып, қорғалған жерлер іздейді де, сол жерге уақытша тор тігеді.

Қарақұрт шақса не істеу керек?

Қарақұрт аналығының шағуы адамдар үшін де, жануарлар үшін де қауіпті. Десе де, адамдар арасында өлімге соқтырған жағдайлар сирек.

Адамды қарақұрттың шағуы ауыр салдарға алып келеді, көбіне қатты ауырсынумен қатар жүреді. Оның шағуы екпе салғандай әсер қалдырады және 1-2 минуттан кейін сол жер қызарып, көк-қызыл дақ пайда болады. Алғашқы сағатта ауырсыну күшейе береді және іш пен аяқ-қолдар ауырады. Көбіне 70% жағдайда тершеңдік болады. Қалған жүйелі эффектілер 20-30% жағдайда кездеседі (жүрек айнуы, құсу, температураның көтерілуі, артериалды гипертензия). Ауырсыну әдетте 1-2 күн жалғасады, қалған симптомдар 1-4 күнге созылады.

Tengrinews.kz ақпараттық ресурсы қазақстандық дәрігерлердің қарақұрт шаққан жағдайда не істеу керек екенін айтқанын келтіреді: қарақұрт шаққан жерді ауруханаға жеткенше барынша қозғалтпай, қатты ауырсынуды басу үшін дәрі ішу керек. Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының терапевт дәрігері Ғабит Қуанышбай өрмекшінің уы созылмалы аурулары бар адамдар үшін өте қауіпті дейді.

Ондай адамдар бірден ауруханаға баруы керек, себебі салдары ауыр болуы мүмкін. Ауырсынудың қатты болатыны сонша, ішек жыртылуы мүмкін. Ауыр жағдайда оларды реанимация бөліміне жатқызамыз.

Ғабит Қуанышбай

Кей дереккөздер (1, 2, 3) кеңестік және қазақстандық зоолог Павел Мариковскийдің алдын алу әдісін атап өткен. Ол қарақұрт шаққан жерді 2 минуттан аспайтын уақыт ішінде сіріңке жағып, соның ұшымен күйдіру керек дейді. Оның пікірінше, бұл удың тарауын тоқтатады. Алайда ең дұрысы – медициналық көмекке жүгіну.

Қалай қорғану керек?

Сарапшылар қарақұрттардың мазасын алмаса, оның адам мен жануарларға шаппайтынын айтады. Арахнокипер Рашит Бараев улы өрмекші анықталған жағдайда сабыр сақтап, оны баспай, қандай да бір затпен түсіріп жіберуге кеңес береді.

Табиғат аясында қарақұртты кездестіріп қалмас үшін сақтану шараларын ұстану керек (1, 2, 3, 4):

  • Далады жерлерде жалаң аяқ жүрмеу;
  • Жабық аяқкиім кию;
  • Палатка есігін қатты жабу;
  • Киім мен аяқкиімді кимес бұрын мұқият қарап шығу.

Материалды Factcheck.kz-тен тағылымдамадан өтуші Динара Сарбасова дайындады

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz