Фактчек | Ақмарал Әлназарова АИТВ туралы

3 ақпанда өткен Сенаттың жалпы отырысында Ақмарал Әлназарова Қазақстандағы АИТВ жағдайы туралы бірнеше мәлімдеме келтірді. Factcheck.kz депутат сөзін тексеріп көрді.

Материал 2022 жылы 23 ақпанда жаңартылды. Антиретровирустық терапия алған адамдардың үлесі туралы мәлімдеме үкімі түзетіліп, “Техникалық қате” үкімі қосылды. 2011 жылдың ақпаратына сілтеме қойылды. АИТВ берілу жолдарына 2010-2015 жылдардың дерегі мен сілтеме қойылды.

Тайм-код: 52:48:00

Әлемде АИТВ инфекциясын жалпы алғанда 80 миллионнан астам адам жұқтырған, оның 35 миллионы қайтыс болды.

Ақмарал Әлназарова

Үкім: Шындыққа жақын

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) дерегінше, эпидемия басталғалы 70 миллионнан астам адам АИТВ инфекциясын жұқтырған, 35 миллионға жуық адам қайтыс болған.

Қазіргі уақытта Қазақстанда АИТВ инфекциясын 28 773 адам жұқтырған. 2021 жылы АИТВ инфекциясының 3 478 жаңа жағдайы тіркелді, бұл осы кезеңде 4,2%-ке, соңғы 5 жылда 13,5%-ға өсті. Инфекцияның берілу жолдары да өзгерген, егер 90-шы жылдары елімізде есірткіні пайдаланатын адамдар арасында инъекциялық жолмен берілу жолы басым болса, бүгінгі таңда АИТВ-ның 70,3 пайызы жыныстық жолмен жұғады.

Ақмарал Әлназарова

Үкім: Шындыққа жақын

Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының мәліметінше, 2021 жылғы дерекке сай, АИТВ-ны 28 773 адам жұқтырған.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бізге берген дерегіне сай, 2021 жылы АИТВ жұқтырудың 3478 жағдайы тіркелген. Соңғы 5 жылдың ішінде АИТВ-мен сырқаттану (100 мың тұрғынға шаққанда) 2017 жылғы 15,9%-тен 2021 жылы 18,4%-ке өскен.

Материал 2022 ж. 23 ақпанда жаңартылды. 1990 жылдардағы АИТВ-ны жұқтыру жолдары туралы нақты дерек табылмады. Дегенмен, медициналық есептерге сай 2010 жылдардың ортасына дейін АИТВ-ның инъекциялық берілуі жоғары екенін көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, 2010 жылдан 2015 жылға дейін АИТВ-ның инъекциялық жолмен берілуі барлық анықталған жағдайлардың 60%-ін құрайды. 2021 жылы АИТВ-инфекциясының жыныстық жолмен берілу үлесі 70,3%, инъекциялық есірткі қолдану арқылы жұқтыру үлесі 23,4%-ті құрады. 

Соңғы 10 жылда АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды антиретровирустық терапиямен қамту 6 есеге (14%-дан 79%-ға дейін) артты, ЖИТС-тен өлім-жітім 2 есеге азайды. Нәтижесінде, мемлекет тарапынан орталықтандырылған бақылау нәтижесінде Қазақстанда АИТВ инфекциясының таралу деңгейі шоғырланған деңгейде (0,2%) сақталуда, бұл ретте әлемдік көрсеткіш 1,1% құрайды.

Ақмарал Әлназарова

Үкім: Шындыққа жақын және Техникалық қате

Соңғы 10 жылда антиретровирустық ем қабылдап жүрген пациенттер саны 12,5 есеге артқан (2011 жылдың соңында – 1781 пациент, 2021 жылдың соңында – 22315 пациент).

Техникалық қате (2022 ж. 23 ақпанда жаңартылған): Процентпен есептегенде, үлес саны сәл өзгеше. 2011 жылғы дерекке сүйенсек, шоғырлану деңгейі 14%-тен жоғары болған (есептің 44-б.), оған қоса ДДCҰ дерегінше 2011 жылға қарай АИТВ статусымен өмір сүретін адамдардың жиынтық саны айтарлықтай аз – 17760 адам және шоғырлану деңгейі 14%-тен төмен. Нәтижесінде шоғырлану үлесі өссе де, бірақ депутат айтқандай күрт өспеген. Десе де, АРТ қабылдайтын сырқаттанушылар саны өскені анық.

Aнтиретровирустық терапияға қол жетімділіктің артуы нәтижесінде АИТВ инфекциясымен өмір сүретін адамдар өлім-жітімінің көрсеткіші 2 есеге төмендеген (2011 жылғы 1000 АИТВ инфекциясымен өмір сүретін адамға шаққандағы 16-дан, 2021 жылы 8-ге дейін төмендеуі). ҚР-ның 100 мың тұрғынына шаққанда АИТВ-ның таралу көрсеткіші 152,4 немесе 0,15%-ті құрайды.

Фактчек | Ақмарал Әлназарова АИТВ туралы
Aнтиретровирустық терапия алатын АИТВ-мен өмір сүретін адамдар (2010-2019). Дереккөз: UNAIDS

Елімізде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жыл сайын орташа есеппен 3,5 миллион АИТВ-ға тестілеу жүргізіледі.

Ақмарал Әлназарова

Үкім: Шындыққа жақын

ҚР ДСМ-нің Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығына сілтеген дерегіне сай, 2021 жылы 3 568 035 адам АИТВ-ға тестілеуден өткен. Десе де, “орташа есеппен 3,5 млн” деуге келе қоймайды және тестілеудің жыл сайын артып отыратынын да ескеруіміз керек.

Біріккен Ұлттар Ұйымының АИТВ/ЖИТС UNAIDS Бірлескен бағдарламасына сәйкес, 2019 жылы Қазақстанда ЖИТС орталықтарының диагностикалық зертханасында 3 069 199 адам АИТВ-ға тест тапсырған, оның ішінде 3 518 адам (0,11%) оң нәтиже көрсеткен.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы коронавирус пен СПИД жұқтырғандарды емдеу

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz