Қазақстандағы коронавирус пен СПИД жұқтырғандарды емдеу

Дүниежүзілік СПИД-пен күрес күнінде Қазақстанда АИТВ-мен (ВИЧ) өмір сүретін адамдарға пандемия қалай әсер еткені туралы айтамыз. Мәтін мен инфографика авторы – дата-журналист Зульфия Раисова.

2020 жылдың наурызында Қазақстанда алғашқы COVID-19 жұқтыру оқиғалары тіркелді, ал үш күннен кейін төтенше жағдай тәртібі енгізіліп, карантин жарияланды. Бұл шаралар коронавирустың таралуын азайтуы керек еді, бірақ АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың қажетті ем алуына кедергі келтірді.

Бұл тек Қазақстандағы мәселе емес. Америка Құрама Штаттарынан алынған мәлімет бойынша, АИТВ-мен өмір сүретін адамдар коронавирус жұқтырса ауруханаға жатуы керек болады, ал олардың сырқаты басқалармен салыстырғанда күрделі өтеді. Англия мен Оңтүстік Африкада жүргізілген UNAIDS зерттеуі бойынша, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарда COVID-19-дан қайтыс болу қаупі екі есе жоғары. АИТВ инфекциясын емдеу ауқымы кеңейгенімен кейінгі жылдары АИТВ-мен өмір сүріп жатқан 15 миллион адам антиретровирусты терапияға қол жеткізе алмай отыр, бұл олардың иммун жүйесіне қауіп төндіруі мүмкін.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, антиретровирусты препараттар болмаса (АРВП) мынадай салдары болуы мүмкін:

  • вирус іске кірісіп, вирустық жүктеме де өсе береді
  • АРВП-ға төзімділік пайда болып, олар әсер етпеуі мүмкін
  • шартты патогенді инфекция жанданады.

Қазақстанда пандемия кезінде АРТ (антиретровирустық терапия) бастағандардың ай сайынғы көрсеткіші 3%-ға қысқарды. Ал тестілеуден өтетіндер саны 1,5 есеге азайды. Бұл, әсіресе наурыздағы алғашқы локдаун кезі мен 2020 жылдың шілдесіндегі коронавирустың «екінші толқыны» кезінде байқалды. Азаматтардың медициналық қызметтерді пайдалана алуы тұрақсызданғандықтан, COVID-19 ауру мен өлім көрсеткішін арттырып қана қоймай, денсаулық сақтау жүйесінің негізі мен АИТВ-мен күрес бағдарламасын әлсіретті. Соның салдарынан АИТВ-дан емделу процесі үзіліп қалды. Ковид локдаундары мен шектеулері АИТВ-ны анықтайтын тестілеу ырғағын бұзып, көп елдерде АИТВ-ны анықтау мен емдеуге жолдама беруді күрт төмендетті. АИТВ-қызметтерін ұсынатын саладағы жергілікті сарапшылардың мәліметі бойынша, АИТВ-мен өмір сүретін адамдар арасында 57 науқастың COVID-19 жұқтырғаны анықталған.

Бағымызға орай, бұл жағдай Қазақстанда күрделенген жоқ. Пандемия кезінде барлық басқарма шешімдерін Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымдық бөлімшесі ретінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми  орталығы қабылдады. Осылайша, наурыздың басында Қазақ ғылыми орталығы облыстық АИТВ орталықтарына хат жазып, барлық науқастарға тұрғылықты орнына байланысты 3-6 айға АРТ беруді тапсырды.

«АРТ-ға келер болсақ, мұнда аса үлкен мәселе туындаған жоқ, себебі олар алдын ала сатып алынып, науқастарға уақытында жеткізілген. Препараттар жеткілікті болды және бірнеше айға алдын ала берілді. Бірінші және екінші локдаун кезінде диагностика мәселесі туындады, себебі кейбір зертханаларды ковидке бейімдеді. Бірақ бәрі тез арада реттелді – бұл ешкімге де оңай соқпаған кезең болатын», — дейді АИТВ-мен өмір сүретін адамдар Орталық-Азия ассоциациясының үйлестірушісі Любовь Воронцова.

Сонымен қатар, Қазақстанда эпидемиялық ахуалды қадағалау үшін әр жағдайды электронды түрде бақылап отыратын база қолданылады. Ол АИТВ-инфекциясы жағдайларын тіркейтін ұлттық жүйе ғана емес, эпидемияның қазіргі жайын, науқастарға дәл қазір қандай көмек көрсетіліп жатқанын бақылауға көмектеседі.

Любовь Воронцованың айтуынша, локдаун кезінде электронды бақылау жүйесі қажетті дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай басқа қалада қалып қойған адамдарды емдеу процесін жедел түрде реттеуге мүмкіндік берді. Жергілікті ЖИТС-орталықтар адамды басқа қаланың деректер базасына енгізіп, оған уақытында терапия жасалып отырды. Осылайша, карантин аясында АИТВ диагнозын қою қызметі орталықтандырылды. Бұрын АИТВ сырқатын тек бір орталық зертханадан растауға болатын еді. Өзгеріс нәтижесінде бұл рәсім өңірлердегі ЖИТС орталықтарында да қолжетімді болып, тестілеумен қамту 2019 жылғы дәрежеде қалды. Бұдан бөлек, бұл мәселеде өңірлік қауымдастықтар да белсенді жұмыс істеді, олар адамдармен, оның ішінде мигранттар мен басқа елдерде қалып қойған қазақстандықтармен қажетті препараттарды тарату үшін хабарласып отырды.

«АИТВ науқастарына қатты әсер еткен – әлеуметтік аспект. «АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың стигма индексі» зерттеуінің дерегінен байқағанымыз, бізде жұмыспен қамту төмен, ал адамдардың экономикалық жағдайының нашар болуы – емдеуден үзіліп қалу қаупін тудырады. Ал емнен үзіліп қалу өлімге әкеп соғуы мүмкін», — дейді Воронцова.

ШЕОА (ВЕЦА) аймағындағы антиретровирусты терапия бағдарламасының талдамалы есебі мәліметі бойынша, елде АРТ схемасын оңтайландыру жұмысын жүргізу жоспарланған. 2020 жылы жаңа клиникалық хаттама мақұлданды, оған сәйкес, бірінші қатардың негізгі схемасы DTG құрамды схема болды. Бүгінгі таңда науқастардың көпшілігі тенофовир-эмтрицитабин-эфавиренц емдеу схемасында (түпнұсқа атауы Атрипла). Сонымен қатар, сарапшылар жаңа хаттамаға сәйкес басталған үкіметтік емес ұйымдарда тестілеуді жалғастыру және белсенді түрде енгізу қажет деп санайды. Халық арасына өзін-өзі тестілеу бағдарламаларын енгізу кей өңірлерде пилоттық жобалар шеңберінде жүзеге асырылып жатыр, бірақ елде жалпы халық үшін мұндай бағдарлама жоқ.

Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының кейінгі дерегі бойынша, Қазақстанда АИТВ жұқтырған 27 мыңнан аса адам өмір сүреді.

Редакция
Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2016 года. Член международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)