“Біз батыр емеспіз”: кәсіби паравелосипедшінің өмірі

«Өз көзімізбен» арнайы жобасы аясында Factcheck.kz редакциясы бірнеше параспортшымен мүгедектігі бар адамдардың мәселелері туралы сөйлесуді жөн көрді. Біріншісі — паравелоспорттың Азия чемпионатының қола жүлдегері, жартасқа өрмелеуші, кәсіпқой голболшыКенжеғұл Социалұлы. Біз онымен Алматыда кездесуіміз керек еді, бірақ Спорттық даярлау орталығындағы біраз мәселеге байланысты Кенжеғұл екі аптаға Астанаға кетуге мәжбүр болды. Нәтижесінде әңгімеміз Zoom бейнеконференциясы арқылы өтті. Қазақстанда паралимпиадашылардың қалай өмір сүретінін сәл болса да түсіну үшін 40 минуттық екі сессия өткіздік.

"Біз батыр емеспіз": кәсіби паравелосипедшінің өмірі
Кенжеғұл Сейітжан (оң жақта) мен Сәулет Бәйтенов (сол жақта) паравелоспорттан әлем чемпионатында (дерккөзі: csp-parasport.kz)

Жиырманың жиырмасыншысы

Кенжеғұл Социалұлы 1982 жылы 20 баланың 20-болып дүниеге келген. Көру қабілетінің бұзылуына байланысты ол бірінші сыныпты 3 рет оқуға мәжбүр болды, кейін тоғыз жасында Алматыдағы Островский атындағы мектеп-интернатының эксперименталды сыныбына ауыстырылды.

2004 жылы мектеп бітіргеннен кейін Кенжеғұл жеңіл атлетикамен айналысуға бел буады, алайда ол жерде ұзақ тұрақтамайды. Жүлделі орындар мен спартакиадаларға қарамастан, спортшы кетуге шешім қабылдады. Кенжеғұлдың айтуынша, бұған себеп — команда басшылығының адамгершілікке жатпайтын қылығы.

Осыдан кейін саяхаттайтын уақыт келді. Арнайы бағдарламалардың арқасында ол Жапонияға, Ұлыбританияға және АҚШ-қа барып қайтты. Кенжеғұл сол кезде зағиптар үшін “қолайлы” саналатын шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сияқты емес, белсенділікті талап ететін спорт түрін іздегенін айтады. Ақыры ізденіс оны АҚШ-та кездестірген тандем мен жартасқа өрмелеуге әкелді.

Тандем — екі орынды велосипед. Көзі нашар көретін адамдарға арналған паравелоспортта екі адам өнер көрсетеді. Алдыңғы орындықта көзі көретін адам отырады, ол ұшқыштың функциясын орындайды. Артында мүгедектігі бар адам отырады. Оны стокер, көмекші немесе штурман деп те атайды. Тандемдегі сәтті ойын екі серіктеске де байланысты, өйткені олар бірге жұмыс істеуі керек. Біздің материалдың кейіпкері мұны «көретіндер мен зағиптардың интеграциясы» деп атайды.

Кенжеғұл бұл тандемге Нью-Йорктегі Орталық саябақта басқа спортшылармен бірге велоспортпен айналысып жүрген кезде қызыға бастаған. Оның айтуынша, дәл сол кезде үлкен мегаполистің қақ ортасындағы саябақтың бойымен төрт шақырым жүріп өтіп, еркіндікті сезген. «Мен бұған әуеспін. Бұл мені елітеді. Америка мен Англияда серуендеп жүріп, бұл менікі екенін түсіндім»,-дейді. Кейін оған Қазақстанда паравелоспортты дамыту идеясы келген.

Алматы — Астана, Астана — Париж

2016 жылдың сәуірінде Кенжеғұл өз ақшасына алғашқы велосипедін сатып алды. Ол кезде Қазақстанда тандем болмағандықтан, оны командамен бірге шетелден алдыруға мәжбүр болған. 23 қыркүйекте олар Алматыдан Астанаға екі тандем және жалғыз орынды 5 велосипедпен жол тартып, жобаны «Қос астана» деп атайды.

Содан 2017 жылы олар Қазақстан аясында шектелмеуге бел буып, велосипедпен Ыстықкөлге аттанды. Ал 2018 жылы Астанадан Парижге дейін 7 мың шақырым қашықтықты бағындырды. Саяхат 36 күнге созылды.

2020 жылы Кенжеғұл командасымен бірге Токиоға баруды жоспарлайды. Маршрут жасалып, дайындық аяқталуға жақын қалған еді: жоспар бойынша олар Жапонияға дәл 2020 жылғы Олимпиаданың басында келуі керек болған, бірақ пандемияға байланысты жобаны кейінге шегеруге тура келді.

Паравелоспорт тек Алматыда қолжетімді

Қазақстандағы мүгедектігі бар адамдар үшін паравелоспорттың даму деңгейін түсіну мақсатында біз кейіпкерімізге қарапайым сұрақ қойдық: «Аймақтағы (шартты) N қаласының мүгедектігі бар тұрғыны паравелоспортпен айналысқысы келсе, не істеуі керек?».

Түсінуімізше, паравелоспортпен айналысу өте қиын. Әрине, бірінші кезекте велосипед сатып алу керек. Кенжеғұлдың есебіне сай, алғашында жаттығатын орташа тандемнің құны бір миллионнан бір жарым миллион теңгеге дейін барады. Одан кейін Алматыға көшу керек, өйткені Алматыдан (және Алматы облысынан) басқа Қазақстанның еш жерінде, тіпті астанада паравелоспорттың трассалары мен ресми аймақтары жоқ.

Қазір аккредиттелмеген паравелоспорт федерациясы (жетекшісі Кенжеғұл) өз филиалдарын ашумен айналысып жатыр. Аккредиттелген велоспорт федерациясы болса, Кенжеғұлдың айтуынша, іс жүзінде ештеңе істемейді:

Олар Қазақстан чемпионаты мен кубогын өткізеді, онда олар трассаның маршрутын жасап, төрешілікті ұйымдастыруға жауапты. Қалғанының бәрін параспортшылар шешеді – қатысушыларды әкелеміз, жатын орынмен қамтамасыз етеміз, жағдай жасаймыз Біз барлық жауапкершіліктің 60%-ін өз мойнымызға аламыз.

Зейнетке шыққанда «өлмеуім» керек

2021 жылы мәдениет және спорт министрлігі Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ай сайынғы өмірлік қамтамасыз етуді 100 АЕК-ке дейін көбейтті. Яғни, содан бері төлем мөлшері айына 300 мың теңгеден көп болуы керек еді. Бұл шындыққа қаншалықты жақын екенін Кенжеғұлдан сұрадық.

К: Нақты сандарды айта алмаймын, бірақ иә, қазір менің жалақым 100 АЕК-ден көп.

ФЧ: Сізге бұл жете ме?

К: Жоқ әрине. Қалпына келтіру процестері, мысалы, массаж, допингсіз витаминдер, денсаулықты қолдайтын дәрілерге [төлеуің керек], өйткені көпшілігінде әлі де қатар жүретін мүгедектік бар. Осыған байланысты жалақы жетпейді. Егер жалақым 1 000 доллар болса, өзіме жетер еді. Басқалар үшін жауап бермеймін, әркімнің өз тәбеті бар (күлді). Мен кәсіби түрде дайындалып, денсаулығымды күтемін. Мен 18-де, 20-да, 30-да емес, 40-тамын. Күтінуім керек. Болашақта зейнетке шыққанда «өлуіме» болмайды. Абыроймен, жақсы деңгейде кетуім керек… Қалай болғанда да, бұл жалақыға мемлекет көп көмектесіп жатыр.

Физикалық дайынмын, бірақ техника жоқ

Кенжеғұлдың Астанаға баруының себебі – біліктілігі жоқ бапкерді ауыстыру мәселесі. Әңгімелесу кезінде олардың ресми жаттықтырушысы болған адам өткен жылдың қараша айынан бері жұмыс істемейді. Бұл ретте спортшылар ұжымдық хат жазғанымен, Спорттық даярлау орталығынан еш реакция болмаған.

«Бұл кісі тіпті ішіп алып, мүгедектігі бар адамдарға қол көтеруге дейін барған»,-дейді Кенжеғұл. – Бұл мәселені Астанада екі аптадан бері шешіп жатырмын. Мен оны Николай Витальевичке ауыстырғым келеді — ол профессионал және тамаша спортшы”.

Жауабы табылмаған екінші сұрақ — карбон велосипед сатып алу. Кенжеғұлдың айтуынша, мұндай велосипед оған халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысуға мүмкіндік береді. Физикалық жағынан ол да, команда да дайын, тек техникалық құрамдас бөлігі жетіспейді.

Спорт пен туризмді қолдау қорына федерациямыздың атынан хат жаздық. Тіпті, комитет төрағасы Самат Ерғалиевтен чемпионатқа қатысу үшін карбон велосипед сатып алуға қолдау көрсетулерін сұраған хат та алдық. Бірақ бізге 19 желтоқсанда бас тартты. Содан бері осы мәселемен айналысып жатырмын. Ертең мен бұл мәселені қайтадан көтеремін. Драндулетіммен өнер көрсеткім келмейді. Онымен нәтижені Душанбеде өткен Азия чемпионатында үшінші орын алғанда көрсеткенмін.

«Егер мен Пара Азия ойындарына карбон велосипедпен бармасам,-деп жалғастырды ол,-аштық жариялауға дайынмын. Себебі шаршадым. Бұл қазірдің өзінде адам мүмкіндігінің шегі. Осының кесірінен қазір Астанадамын. Өз ақшама жол жүремін, таксиге күніне 7-8 мың жұмсаймын. Екі апта ішінде мұнда 100 мың теңгеге жуық қаражат кетті. СДО «біз сендерге жалақы төлейміз» деп айтуы мүмкін, бірақ кешіріңіз, бұл жалақыны алу үшін мен және менің серіктестерім Папа Карло сияқты жұмыс істейді».

Тактильді жолды ғана жасау жеткіліксіз

ФЧ: Мүгедектігі бар адамдарға қалалық инфрақұрылымның жайлылығын қалай бағалайсыз?

К: Дыбыстық ескерту жоқ. Мысалы, мен жиі баратын Байтұрсынов-Абайдағы метро тактильді жолмен жабдықталған, бірақ дыбыстық навигация жоқ. Шығатын есіктің қайсысы солтүстік, қайсысы оңтүстік екенін білмеймін. Жоғарыға шыққанда да түсініксіз. «Міне, солтүстік шығыс, мынау оңтүстік» деп тұратын дыбыстық ескерту болса, қайда бару керек екені анық болар еді. Бұл ауруханалар мен банктерге де қатысты. Тактильді жол бар, бірақ дыбыстық навигация жоқ.

Біз батыр емеспіз

Әңгіме соңында Кенжеғұлдың Қазақстан қоғамының мүгедектігі бар адамдарға деген көзқарасы туралы ойын білгіміз келді.

Біз батыр емеспіз. Олар бізден батыр жасағысы келеді, бірақ біз өз қатесі мен басындағы тарақандары бар басқа Қазақстан адамдары сияқтымыз. Бізді әлі де жарымжан деп қабылдайды. «Жарайды, мүгедек болса мүгедек, одан не сұрайсың?» дейді. Спортта да әуесқой деп ойлайды. Бізді шеттетпей, батыр да демей, қарапайым адам ретінде қабылдаса деймін.

Олар маған: «үйге қалай барасың?», «қалай қоңырау шаласың?» дейді. Осылай «бірақ қалай» деп сұрамау үшін бізге жағдай жасау керек. Бұл біз үшін ғана емес, мысалы, пандус чемоданы бар саяхатшыларға, арбасы бар ата-аналарға және баспалдақпен түсуді ыңғайсыз деп санайтын қарт адамдарға арналған. Халықтың барлық тобы: әйелдер де, ерлер де, қарттар және жүкті әйелдер де ескерілуі керек.

Оқи отырыңыз

Factcheck.kz