ЖАЛҒАН | Метадонды БҰҰ конвенциясы бойынша медициналық мақсаттарда пайдалануға тыйым салынған — Қазбекова

2017 жылдың 27 қыркүйегінде ҚР ІІМ Қалмұханбет Қасымовтың атына жолданған депутаттық сауалында Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының өкілі Меруерт Қазбекова «метадон» жайлы былай дейді (орыс тілінен аударылды) :

«…Метадон, героин мен морфиннің баламасы, БҰҰ конвенциясында медициналық мақсатта пайдалануға тыйым салынған».

Дәл осындай ақпарат Қазбекова ханымның 2014 жылдың 17 қыркүйегіндегі және 2017 жылдың 24 мамырындағы депутаттық сауалдарында да келтірілген. Алғашқысына сол кездегі ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов жауап беріп, депутат келтірген мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын меңзеген.

Үкім: Жалған

БҰҰ конвенциясы метадонды медициналық мақсаттарда пайдалануға тыйым салмайды. Бұл 1961 жылғы, 1971 жылғы конвенцияларға да қатысты. Қайта барлығы керісінше: БҰҰ мен ДДСҰ «метадонға алмастыру терапиясын»  (бірнеше жағдайды ескере отырып) жүргізуді қолдайды.

methadone

2004 жылы ДДСҰ, Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЕҚБ), Біріккен Ұлттар Ұйымының ВИЧ / СПИД бойынша Бірлескен Бағдарламасы (ЮНЭЙДС) шығарған брошюрада (ISBN 92 4 459115 3) метадонды медициналық мақсаттарда қолдануды ресми түрде ұсынады.

АлмастыруШы емдеу терапиясын  ғылыми зерттеулердің нәтижелерін ескере отырып және мамандарды арнайы оқытудан өткізіп, аккредитация жасау арқылы ұйымдастырған жөн. Бұл — есірткіге тәуелділік жоғары жерлерде аса маңызды шара, инъекциялық есірткіні тұтыну нәтижесінде  АИТВ және өзге де қанмен тасымалданатын вирустардың жұғу қаупінің алдын алудың бірден-бір жолы.

Сонымен қатар, бұл құжатта халықаралық ұйымдар алмастырушы емдеу терапиясының және есірткіге тәуелді адамдарға алмастырушы агонисті берудің медициналық тәжірибеде құзыретті органдар тарапынан ресми мойындалатынын айта келе, оның 1961 және 1971 жылдардағы «Есірткі және психотроптық заттар туралы» Конвенцияға қайшы келмейтінін айтады.

Қазбекова ханым мен оның партияластарының Швейцария мен Голландия метадон терапиясынан бас тартты деген сөздері — жартылай шындық. Бұл елдерде  есірткіге аса тәуелділерге психологиялық көмек көрсете отырып, героин (диацетилморфин) береді. Айта кетерлік тағы да бір мәселе — бұл елдерде метадон терапиясына тыйым салынбаған, тек героинға алмастырылған. Бұл шешім Швейцарияда 2008 жылғы референдум кезінде қабылданған.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін депутат Қазбекова «Украинадағы қызғылт сары төңкерісті нашақорлар жасады, олар алаңға кезекті метадон мөлшерін алу үшін шықты» деп мәлімдеген еді.

 

Думан Смақов
Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы