Шатдаун мүгедектігі бар адамдарға несімен зиян?

Factcheck.kz редакциясы интернет шатдаунның не екені және зияны туралы талдаған мақалада оның жеке топтарға, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға (МБА) да зиян екенін жазды. Редакция журналистері бұған дейін МБА-ға қаланың қаншалықты ыңғайсыз екенін де айтқан. Атап айтқанда қала көшелері, автобустар мен сайлау учаскелерінің жабдықталмауы — МБА-ның еркін жүріп-тұру құқығынан айырады. Редакциямыз бұл мақала арқылы билік интернет шатдаун жасағанда мүгедектігі бар адамдарға тағы қандай мәселе тудыратынын айтады.

Көмекші технология сарапшысы Зият Абдықаимов заманауи ақпарат қоғамында интернетке қол жеткізу — адамның ақпаратты алу және тарату бостандығы құқығын жүзеге асырудың кепілі және көптеген салада адам құқығын табысты жүзеге асырудың қажетті шарты дейді. Оның айтуынша, цифрлы өнімдер мен онлайн-контентті пайдалана алмау мүгедектігі бар адамдардың азаматтық, саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени құқықтары мен негізгі бостандықтарын, оның ішінде сөз және сенім бостандығын, сондай-ақ ақпаратты іздеу, алу және тарату еркіндігін пайдалануына кедергі келтіреді.

Ал Цифрлы инклюзия туралы жазған Вениамин Алаев “Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы” конвенцияда мемлекеттер МБА-ның интернетті еркін пайдалануы үшін тиісті шараларды қолдануы қажет екені туралы үш рет айтылған дейді. Алайда төтенше жағдай жарияланған тұста интернеттің жоқтығы мүгедектігі бар адамдарға ыңғайлы форматтағы ақпарат ағынын шектеп, қоғамдық өмірге белсенді араласуын төмендеткен. Алаевтың сөзінше, нақтырақ айтқанда:

  • Естімейтін және нашар еститін азаматтар WhatsApp және басқа мессенджерлердің бейне қоңырауында ымдасып диалог жүргізуге дағдыланған. Интернетті өшіру бұл байланыс арнасын толығымен бұғаттайды;
  • Зағип азаматтар смартфондарды көмекші технология ретінде пайдаланады. 1-топтағы МБА-ға мемлекет тарапынан смартфондар беріледі. Зағиптарға ыңғайлы болу үшін Android телефондарында Talk Back және Explore By Touch сияқты бірқатар параметрлерді қосуға болады, сонымен қатар iOS платформасында Siri жеке көмекшісіне ұқсас Vlingo дауыстық бағдарламасын пайдалануға болады, ал Apple құрылғыларында VoiceOver функциясын конфигурацияланады;
  • Мүгедектігі бар адамдардың арбасын пайдаланатындар азық-түліксіз қалды. МБА онлайн не банк картасымен төлейтіндіктен, үйден шыға алмай, банкоматты өз бетінше пайдалана алмайды;
  • Интернетке қолжетімділіктің жоқтығынан менталды мәселелері бар адамдар мен қарт адамдар өздерінің орналасқан жерін көруге мүмкіндік беретін телефондарға не смарт сағаттарға орнатылған трекерлерді пайдалану мүмкіндігінен айырылады;
  • Қант диабетімен ауыратын балалардың ата-аналары қандағы глюкоза деңгейін бақылау жүйелерін пайдаланып, сол уақытта гликемиялық деңгейлердің өзгеруін көру және оларға жауап беру мүмкіндігінен айырылды.

Яғни, технологияның бүгінгі даму деңгейі — МБА-ның өмірін жеңілдетуге көмектеседі. Интернет пен технология белгілі бір мағынада мүгедектігі жоқ адамдар өмірінің ажырамас бөлігіне айналса, мүгедектігі бар адамдардың қажеттігіне айналды. Ал интернет шатдаундар бұл мүмкіндікті толықтай үзеді.

Зият Абдықаимов Factcheck.kz-ке берген комментарийінде мәселенің бұдан да тереңірек екенін айтады. Оның сөзінше, мүгедектігі бар адамдар интернет шатдаун жоқ кезде де үнемі мемлекеттік органдардың, электронды үкіметтің және барлық қазақстандық сервистердің (спикер мысал ретінде “Kaspi.kz”, “Choko Family”, “Damumed” және Авиата сайтын атады) қызметін қолдана алмайды.

Тиісінше, көру қабілеті бұзылған адам, мысалы, мемлекеттік және коммерциялық онлайн қызметтерге толық қол жеткізе алмайды: ол басқаның көмегінсіз электронды үкімет порталында керек анықтаманы ала алмайды, үй кезегінде қай орында тұрғанын көре алмайды. Мемлекет кепілдік берген санаториялық-курорттық емделуге өтініш беру, авиакомпаниялардың не ҚТЖ сайттарында онлайн билеттерді сатып алу, дайын тағамға (“Glovo”, “Yandex-еда”), азық-түлікке (Arbuz.kz, Magnum) және т.б. тапсырыс бере алмайды.

Зият Абдықаимов

Зият қиындығы мен күрделілігі жағынан қазақстандыққа ұқсас шетелдік сервистерді еркін пайдаланатынын айтады. Бұл, оның сөзінше, цифрлық қолжетімділік талаптары сақталатынының арқасында. “Қазір мен сізге бұл хатты Gmail арқылы еш қиындықсыз жазып отырмын”,-дейді ол.

Біріккен ұлттар ұйымының 2022 жылы жарияланған баяндамасына сәйкес, кейінгі онжылдықта интернет шатдаун саяси шиеленіс кезінде, атап айтқанда әлеуметтік, саяси я болмаса экономикалық наразылықтардан туындаған қоғамдық демонстрациялар кезінде кем дегенде 225 рет тіркелген.

Интернетті өшіру — адамның көптеген құқығына терең әсер еткенімен, ол бірінші орында демократиялық қоғамның негізі және тұлғаның толық дамуына қажет — сөз бостандығы мен ақпаратқа қол жеткізуге тікелей әсер етеді. Яғни интернетті еркін пайдалану адам құқықтарының кең спектрін жүзеге асырудың ажырамас құралы ретінде танылған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz