Шатдаун және оның зияны

Елестетіп көріңіз, қала көшелеріндегі бейбіт жиын соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқан, бірақ сіз бұл жайында білмейсіз. Себебі интернет сіздің негізгі ақпарат тұтынатын алаңыңызға айналған, бірақ дәл сол күні билік оны толықтай өшіріп тастады. Тәртіпсіздіктен хабары жоқ анасы мен баласы дүкенге шығады, сол сәтте қаңғыған оқ келіп балаға тиеді де, көз жұмады. Бұл қаңтар қырғынында болған жағдай. Кейінірек адам құқықтары жөніндегі сарапшылар мен заңгерлер “Qazaqstan Shutdown 2022” атты құжатта “Интернетті өшіру қаншалықты ақылға қонымды болды және ол халықаралық стандарттарға сай ма?” деген сауал қояды.

Factcheck.kz редакциясы интернет шатдаун деген не және оның зияны қандай деген сұраққа жауап іздеді.

Цифрлық құқықтар жөніндегі халықаралық Access Now ұйымы интернетті толықтай өшіруге келесідей анықтама береді:

Интернет шатдаун не интернетті өшіру – интернеттің я болмаса электронды коммуникациялардың жұмысын әдейі бұзу, оны белгілі бір ел не аймақ ішінде қол жетімсіз немесе жарамсыз ету. Бұл көбінесе ақпарат ағынын бақылау үшін жасалады.

Ал цифрлық құқықтар жөніндегі сарапшы Дана БуралкиеваБұғаттау дегеніміз — жеке интернет-ресурстардың, әлеуметтік желілердің қолжетімсіздігін білдіреді, оны айналып өту қиын емес, мысалы, VPN қызметтерін пайдалануға болады, ал интернетті толығымен өшіру не шатдаун, әдетте, интернет-провайдерлердің байланыс арналарын “жабуы” дейді.

Access Now ұйымының деректеріне сай, 2022 жылы 35 елде 187 интернет шатдаун тіркелген. Ал 2023 жылдың қаңтар-мамыр аралығында — 80.

Шатдаун және оның зияны
Access Now ұйымының құжатталған интернет шатдаун статистикасы

Әлемдегі түрлі үкімет жаппай наразылықтарды басу, сайлаудағы қандай да бір шығынның алдын алу, әскери төңкерістерді күшейту не қақтығыс аймақтарын әлемнен ажырату үшін интернетті өшіреді.

Әдетте үкіметтің бастамасымен интернетті өшіру негізінен бес түрлі жағдайға байланысты:

  1. жаппай демонстрациялар;
  2. әскери операциялар мен төңкерістер;
  3. сайлау;
  4. қоғамдағы зорлық-зомбылық және діни мерекелер;
  5. мектеп емтихандары.

Интернет шатдаунды пайдаланатын үкіметтер әдетте мұны еркін өкілеті ғана емес, сонымен бірге қоғамдық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздік қатерлеріне қарсы тұру үшін де қажет дейді. Дегенмен сарапшылар мұндай тұжырымдама демократия мен адам құқықтарының нормаларына мүлдем сәйкес келмейді дегенді айтады.

Шатдаун неге қауіпті?

Интернет қоғамның барлық дерлік саласына дендеп енгені шатдаун мәселесін ушықтырады. Мемлекет “ұлттық қауіпсіздік үшін интернетті өшіре аламыз” дегенді алға тартса да, интернет шатдаундар керісінше, көптеген құқықты бұза отырып, әлеумет пен экономиканың функциясына қатер төндіреді.

Интернет шатдаун ақпараттық вакуум тудырады. Қаңтар қырғыны адамдарға әртүрлі ақпарат көзі үнемі қол жетімді болуы маңызды екенін көрсетті. Цифрлық құқықтар жөніндегі сарапшы Елжан Қабышевтың айтуынша, 2022 жылдың қаңтарында бүкіл интернетті өшіру қажеттілігі болмаған. Сарапшы пікірінше, егер белгілі бір мессенджер мен байланыс құралдарын шектеу қажет болса, онда дәлірек әрекет ету керек еді. Бірақ бүкіл интернетті өшірмеу қажет, өйткені бұл адам құқықтарының барлық спектріне теріс әсер етеді.

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 19-бабы мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге сәйкес, адамның офлайн ортадағы құқықтары да онлайн ортада, атап айтқанда, шекараларға қарамастан және адам таңдаған кез келген бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылатын сөз бостандығы қорғалуы керек екенін растайды.

Адам құқықтары жөніндегі кеңес 2021 жылы 13 шілдеде қабылдаған қарар

Шатдаун сөз бостандығына, ақпаратқа еркін қол жеткізу құқығына, сондай-ақ жеке өмірге қол сұқпау құқығына кері әсер етті. Бұл ретте, интернеттің өшірілуі мен баяулауы қазақстандықтардың экономикалық және әлеуметтік құқықтарына нұқсан келтіре отырып, мүгедектігі бар адамдар секілді жеке топтарға да әсер еткен. “Qazaqstan Shutdown 2022” құжатының авторының сөзінше, интернеттің болмауы мүгедектігі бар адамдарға ыңғайлы форматтағы ақпарат ағынын шектеген және қоғамдық өмірге белсенді қатысу мүмкіндігін нөлге теңеген. Адамдардың барлығы бірдей зардап шекті: үйден жұмыс істейтін не оқитындар, интернетке тұрақты қосылуды қажет ететін бағдарламалық жасақтаманы қолданатындар және т.б.

Мүгедектігі бар адамдар үшін интернет өмірлік қажетікке айналғанын атап өткен жөн. Барлық бағдарламалық жасақтама біздің қалыпты, өмірімізге қажетті компенсаторлық функцияларды орындайды. Интернеттің болмауы ақпаратқа қол жетімділікті қамтамасыз етуде қиындықтар туғызды, нәтижесінде қосымша алаңдаушылықтар пайда болды.

Вениамин Алаев

Бұдан бөлек, интернетті өшіру мұны істеген елдер үшін, сондай-ақ жалпы әлемнің экономикасы үшін үлкен қаржылық шығындарға әкеледі. Мысалы, Top10vpn.com ақпаратына сай, 2019 жылдан бері түрлі үкіметтің интернетті өшіру құны 44,6 миллиард доллар болған, оның ішінде Қазақстанның 2022 жылғы шығыны 410,3 миллион долларға жеткен.

Дегенмен интернет-шатдаун тек қаржылық және саяси мәселелерге ғана алып келмейді, бұдан бөлек білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, мәдениет пен бос уақытты өткізу секілді қоғам өмірінің әртүрлі саласына теріс әсер етеді. Интернет шатдаун студенттер мен мұғалімдерді оқытуға, онлайн курстар мен ресурстарға қол жеткізуге және емтихан тапсыруға кедергі келтіруі мүмкін. Интернеттегі шатдаундар медициналық көмек пен кеңес беруге, телемедицина мен цифрлық денсаулық сақтау жүйелерін пайдалануға, аурулар мен алдын алу туралы ақпаратты таратуға кедергі келтіреді. Интернет шатдаун адамдардың қауіпсіздігіне, туыстармен, достарымен және төтенше жағдайлар қызметтерімен байланысуын қиындатады.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz