Тоқаев құрылтайда жол апаты мен білім гранты жайында қаншалықты рас сөйледі?

Президент Тоқаев 15 наурызда өткен ұлттық құрылтайда көптеген мәселе көтеріп, деректер келтірді. Тоқаевтың айтуынша, жыл сайын мыңдаған адам жол апатынан қаза табады. Осы және өзге де мәлімдемелерін Factcheck.kz тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Жыл сайын мыңдаған адам мен бала көлік апатынан қаза табады

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР президенті

Үкім: Шындық

Qamqor.gov.kz дерегінше, Қазақстанда жыл сайын кем дегенде 2 мыңнан астам адам жол апатынан қаза табады. Оның ішінде кәмелетке толмаған балалар да бар. Мысалы 2023 жылы 317 бала қаза тапқан, бұл – кейінгі 5 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш.

Мәлімдеме: Менің тапсырмаммен алдыңғы жылы батыс аймақтың жастары үшін 10 мың білім гранты бөлінді. Өкінішке қарай, сол гранттың көбі игерілмей қалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР президенті

Үкім: Шындық

Тоқаевтің тапсырмасымен расымен де 2022-2023 оқу жылы Атырау және Маңғыстау облыстарына қосымша 10 мың білім гранты бөлінген. Оқу-ағарту министрлігінің бізге ұсынған ақпараты бойынша сол 10 мың гранттың тек 3 мыңы ғана игерілген. Яғни Тоқаев айтпақшы көбі игерілмеген.

Мәлімдеме: Соңғы жылдары біздің де жастарымыз шетелге жиі шыға бастады. Қазір Қазақстанның 200 мыңға жуық азаматы заңды түрде сыртта жұмыс істеп жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР президенті

Үкім: Дәлелденбеген

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің дерегінше, шетелде 195 мыңға жуық азамат жұмыс істеп жүр. Алайда бұл нақты дерек емес. Себебі ҚР СІМ ресми өкілінің айтуынша, шетелге жұмыс істеуге кеткен азаматтар консулдық есепке тұрмайды (есепке тұру еріікті түрде жасалады). Сондықтан да ортақ базаның болмауынан нақты адам санын анықтау қиын.

Біз бұрынырақ та ҚР Сыртқы істер министрлігінен осы сауал жөнінде сұраған едік. СІМ ресми өкілі қазір айтылып жүрген “194 мың адам” ол тек жуық дерек және нақты статистиканы анықтау қиын екенін жеткізді.

ҚР СІМ шетелге уақытша шыққан немесе онда тұрақты тұратын ҚР азаматтарын консулдық есепке тіркеу рәсімін жүргізеді. Консулдық есепке тұру ерікті түрде жасалады (азаматтардың өз қалауы бойынша). Шетелге жұмыс істеуге кеткен ҚР азаматтарды жеке консулдық есеп алу және тіркейтін ортақ база қарастырылмаған.

ҚР СІМ ресми жауабы

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz