Тоқаев құрылтайда есірткіге қатысты дұрыс дерек айтты ма?

Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында нашақорлық мәселесін көтеріп, бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz редакциясы президенттің сөзі қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Құқықтық статистика деректеріне сәйкес, 2023 жылы есірткіге қатысты 7 520 құқық бұзушылық тіркелген. Сол уақыт аралығында 41 087 553 грамм есірткі құралдары мен психотропты заттар тәркіленген.

Тіркелген деректерге сенсек, былтыр 4 536 адам есірткіге қатысты құқық бұзған, оның — 4 086-сы қазақстандық, 246-ы әйел, 30-ы кәмелетке толмаған балалар.

Президент сөзін «‎Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін»‎,- деп жалғады. Бұл сөздің де жаны бар. 2024 жылдың қаңтарындағы жағдайға сай, есірткі және психотроптық заттарға тәуелді 18 329 адам тіркеуде тұр. Оның 91%-і (16 817) — ер адам, 9%-і (1 512) — әйел, 15%-і (2 734) — 18-29 жас аралығындағы жастар, 66-ы — балалар мен жасөспірімдер.

Қызығы, тіркеуде тұрғандардың көбі президент айтқандай синтетикалық есірткіге емес, опиоидтер (33,2%) мен каннабиноидтарға (35,4%) тәуелді. Синтетикалық есірткіге тәуелділер көрсеткіші —4,3%.

Бірақ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басшысы Анжела Бексұлтанованың айтуынша, бұл статистика елдегі нашақорлардың шын санын көрсетпейді, көптеген нашақор соттан, шеттетілуден және жауапкершіліктен қорқып, жағдайын жасырады. Ресми ведомстволық статистика наркологтың назарына түскен және «психоактивті заттарды қолданудан туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылыстары» диагнозымен динамикалық бақылауға алынған тұлғалардың санынан құралады.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz