Қазақстанда қанша босқын және пана іздеуші бар?

8 тамызда өткен Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова есеп беру барысында бірнеше дерек келтірді. Министрдің айтуынша, шетелде 194-мыңнан астам ҚР азаматы нәпақасын тауып жүр. Сондай-ақ, қазіргі таңда елімізде 628 пана іздеуші мен 333 босқын бар. Осы орайда Factcheck.kz министрдің мәлімдемесін тексеріп көрді.

Тайм-код: 37:51

Биылғы бірінші тоқсандағы есеп бойынша Қазақстанның 194 мыңнан астам азаматы шетелде жұмыс істеп жүр.

Тамара Дүйсенова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

Үкім: Дәлелденбеген

Ресми ашық дереккөздерден бұл туралы ақпарат таппаған соң ҚР СІМ-ге сауал жолдадық. Жауапқа сай, шетелге жұмыс бабымен шыққан азаматтардың санын бақылау СІМ-нің құзыретіне кірмейтінін хабарлады. Алайда сауал келіп түскен жағдайда шетелде орналасқан ҚР мекемелері арқылы статистиканы сұрата алады. Дегенмен, министрлік ақпаратынша бұл деректің өзі азаматтарымыздың нақты санын көрсетпейді.

Ал “шетелде жұмыс істеуге кеткен ҚР азаматтарын тіркейтін ортақ база бар ма?” деген сұрағымызға былай жауап берді:

ҚР СІМ шетелге уақытша шыққан немесе онда тұрақты тұратын ҚР азаматтарын консулдық есепке тіркеу рәсімін жүргізеді. Консулдық есепке тұру ерікті түрде жасалады (азаматтардың өз қалауы бойынша). Шетелге жұмыс істеуге кеткен ҚР азаматтарды жеке консулдық есеп алу және тіркейтін ортақ база қарастырылмаған.

ҚР СІМ ресми жауабы

Яғни шетелде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың нақты санын анықтау қиын, ол үшін барлығын біріктіретін жүйе керек. Ал қазіргі БАҚ жазып жүрген “194-мың адам” ол тек жуық деректі көрсетеді.

Елімізде 628 пана іздеуші және 333 босқын бар.

Тамара Дүйсенова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

Үкім: Шындыққа жақын

БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссарының мәліметінше, ең кейінгі 2022 жылы Қазақстанда 308 босқын және 840 пана іздеуші тіркелген. Ал босқын мен пана іздеуші жайында ай сайынғы нақты деректі елімізде дәл осы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүргізеді. Сондықтан да біз министрдің мәлімдемесін өзінің құзыретті органымен тексере алмаймыз.

БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттігі 1995 жылы Қазақстанда өз өкілдігін ашты. Қазақстан 1999 жылы “1951 жылғы босқындар мәртебесі туралы” конвенцияға және 1967 жылғы босқындар мәртебесіне қатысты хаттамаға қосылды. Ал 2009 жылы желтоқсан айында “Босқындар туралы” заң қабылдады. Заң бойынша “босқын” және “пана іздеушінің” мағынасы мынадай:

Босқын – нәсілдік, ұлттық, діни сенімі, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалаудың құрбаны болу қаупінің негізділігіне орай өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде жүрген және өз елінің қорғауын пайдалана алмайтын немесе осындай қауіп салдарынан мұндай қорғауды пайдаланғысы келмейтін шетелдік немесе осындай қауіп салдарынан еліне қайтып орала алмайтын немесе қайтып оралғысы келмейтін, өзі тұрақты тұратын немесе өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде жүрген азаматтығы жоқ адам;

ҚР “Босқындар туралы” заңы

Пана іздеген адам – уәкілетті орган босқын мәртебесін беру туралы өздерінің өтінішхаты бойынша түпкілікті шешім қабылдағанға дейін Қазақстан Республикасында пана сұрауға тілек білдірген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;

ҚР “Босқындар туралы” заңы

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz