Қара түстегі киім ыстық тарта ма?

Көпшілік арасында “қара түстегі киім ыстық тартады” деген пікір тарап жүр. Кейбірі оған сеніп, жазда ақшыл түстегі киім киюге тырысады. Gomes Lab ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.

Күн сәулесі көзге көрінетін жарықты, ультракүлгінді және инфрақызыл сәулелерді қоса алғанда, әртүрлі түс спектрінен тұрады. Күн шығып тұрған күні ашық түсті киімдер жарықты шағылыстырады да, адамның денесі салқын болып тұрады. Ал қара түсті киім жылуды көбірек сіңіреді, сол себепті адамның денесі ыстықты сезеді. Дегенмен бұл қара киім ыстықты тартады дегенді білдірмейді.

Синай шөліндегі бедуиндердің неге қара киім киетініне, оларға бұл киім аптап ыстықтан қорғануға қаншалық көмектесіп-көмектеспейтініне қатысты зерттеу жасалды. Зерттеуге төрт түрлі түстегі киім киген және шөл далада күннің астында тұрған ер адам қатысты. Экспериментте ақ, қара халат, тері түсіне келетін әскер киімі және шортылар қолданылды. Нәтижесінде қара халат ақ түріне қарағанда 2,5 есе, әскер киімі мен шортыға қарағанда 1,5 есе, ыстық тартты. Бірақ адам төрт түрлі түстегі киімнен де бірдей жылу сезді. Қара киім ыстықты көбірек сіңірсе де, ол адамның терісіне жетпей тұрып, тарап кететін. Сол себепті де бедуиндер кең киім киюі мүмкін. Бұл зерттеудің қорытындысы адамның денесі жылуды киімнің түсіне емес, пішіміне байланысты сезетінін анықтады.

Тағы бір зерттеу жануарлар терісінің түсі мен күн жылуын қарастырды. Нәтижесінде тері түсі мен күн жылуы арасындағы қатынастың әртүрлі екені белгілі болды. Бастапқыда терісі мен қауырсыны қара құстар мен сүтқоректілер күннің әсерінен жылу күйзелісіне ұшырайды деп есептеді. Алайда одан кейінгі зерттеулердің эмпирикалық талдау нәтижелері әртүрлі болып шықты. Қара түс жануардың күннен қаншалық жылу алатынына әсер етуі мүмкін, бірақ бұл оның сипатына және қоршаған орта факторларына байланысты. Сонымен қатар жануарлардың терісі әртүрлі келеді, сол себепті оның түсі мен күннің әсерінің байланысын кесіп айту қиын.

Бұл тақырыпқа қатысты зерттеу аз, дегенмен қазір бар деректер киімнің түсі біз ойлағандай ыстықты тартып-тартпауда маңызды фактор болмауы мүмкін көрсетіп отыр.

Factcheck.kz