Журналистер Алматыда митиң өткізді

25 маусымда Алматыдағы Махатма Ганди саябағына түрлі медиа өкілдері мен құқық қорғаушылар сөз еркіндігін талап етіп митингіге шықты. Митиңді Orda.kz редакциясы ұйымдастырды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Orda.kz мәліметінше, митиң туралы жергілікті әкімдікке алдын ала ала хабар берілген.

Митиңге 100-ге жуық журналистер мен құқық қорғаушылар және белсенділер жиналды. Orda.kz сайтының бас редакторы Гүлнар Бажкенова, “Әділ сөз” баспасөзді қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева, “Сарыағаш-Инфо” сайтының бас редакторы Амангелді Батырбеков, журналист Гүлжан Ерғалиева, Ардақ Бөкеева және қоғам белсендісі Инга Иманбай мен саясаткер Болат Әбілев, Мұхтар Тайжан сөйледі.

Жиынға келгендер “Сөз бостандығы – өз бостандығың”, “Тілші – қоғамның үні мен ары”, “Цензураға жол жоқ” деген жазуы бар плакат ұстап тұрды. Митиңді сырттай полиция бақылады.

Журналистер Алматыда митиң өткізді
Фото:Orda.kz

Бұған дейін Orda.kz сайты редакциясы митингіге шақыру себебін түсіндіретін үндеу жариялаған еді. Үндеуде “Қаңтар оқиғасы көп нәрсені өзгертті. Бірақ журналистерге сөз еркіндігі берілді ме? Жоқ. Біздің зерттеуіміз, әсіресе мемлекеттік БАҚ- тарда сөз еркіндігі жоқ екенін көрсетіп отыр” деген болатын.

Шымкенттік журналист Амангелді Батырбеков Қылмыстық кодекстің “Жала жабу” деген 130-бабы журналистерге жиі қолданылатынына назар аударды.

– 30 жылда осы баппен мені 4 рет соттамақ болды. Бірақ журналист, әрі заңгермен. Сондықтан төртеуінде де ақталып шықтым. Билік ауызымды жаба алмайтынымды түсінген соң өзімді және отбасымды өлтіруге “тапсырыс” берді. Құдай сақтап, аман қалдық. Бірақ мен бұл жолдан қайтпадым. Барлық журналист табанды болса, сөз бостандығы орнайды”,- деді ол.

Контекст

  • Мамырда «Шекарасыз тілшілер» ұйымы (RSF) 180 елдегі сөз бостандығына қатысты 2022 жылғы рейтиңін жариялады. Қазақстан RSF зерттеуіне сай, сөз бостандығы бойынша 122-орынға көтерілген, былтыр 155-орында еді.
  • Алайда Қазақстан сөз бостандығы бойынша жағдайы «нашар» деп бағаланған елдердің қатарында. Сонымен қатар, зерттеушілер Қазақстан билігі медианы әлі де бақылауда ұстайтынын және цензура бар екенін жазған. Тағы бір ескеретін жайт, биылғы индексте бағалау жүйесі өзгерген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz