«Шекарасыз тілшілер» баспасөз индексін жариялады

“Шекарасыз тілшілер” ұйымы (RSF) 180 елдегі сөз бостандығына қатысты 2022 жылғы рейтиңін жариялады. Қазақстан RSF зерттеуіне сай, сөз бостандығы бойынша 122-орынға көтерілген, былтыр 155-орында еді.

Алайда Қазақстан сөз бостандығы бойынша жағдайы «нашар» деп бағаланған елдердің қатарында. Сонымен қатар, зерттеушілер Қазақстан билігі медианы әлі де бақылауда ұстайтынын және цензура бар екенін жазған. Тағы бір ескеретін жайт, биылғы индексте бағалау жүйесі өзгерген.

Ұйымның хабарлауынша, әлемдегі сөз бостандығына төніп тұрған басты қауіп — фейк пен пропаганда. Есеп авторларының жазуынша, пропаганда жүргізетін деспот режим мен ашық қоғам арасындағы теңсіздіктен демократия әлсірейді. Бұл кезекте авторлар Ресейдің (155-орын) ақпан соңында Украинаға (106-орын) басып кіруін және соғысқа дейінгі үгіт-насихат жүргізуін мысалға келтіреді.

Сонымен қатар, зерттеушілер Қытай билігінің (175-орын) халықты тәуелсіз ақпараттан оқшаулау үшін, әсіресе Гонконг (148-орын) тұрғындарынан шынайы ақпаратты алу мүмкіндігін шектеуге өз заңнамасын жиі пайдаланатынын жазған.

Есеп авторлары Таяу Шығыста сөз бостандығының жоқтығы Израиль (86-орын), Палестина (170-орын) және басқа араб мемлекеттері арасындағы қақтығысқа әсер еткенін де жазған.

Бұдан бөлек Ресей Украинаға басып кіргелі 5 журналист қаза тапқаны айтылған. Сонымен қатар, Ресей билігі медианы толық бақылауға алып, соғыс уақытында цензура енгізген. Ал заңға бағынбайтын журналистерді қудалаған және олардың көбі елден кетуге мәжбүр болған.

“Шекарасыз тілшілердің” мәліметінше, Кремль соғысқа қатысты ақпаратты тек ел ішінде ғана емес, көршілес Беларусьте (153-орын) де бақылауға алған. Қазіргі уақытта Беларусьте 20-дан астам медиа қызметкері түрмеде отыр. Есеп авторлары Лукашенконың былтыр 23 мамырда оппозиционер журналисті тұтқындау үшін ұшақ жібергенін және біраз медиа “экстремистік” деп танылғанын жазған.

Бұдан бөлек Ресей Орталық Азия елдерінің үкіметін Украинадағы соғыс жайлы «бейтарап» ақпарат таратуы үшін медиаға қысым көрсеткені жазылған. Мәселен, үкімет бақылауындағы Түркіменстан (177-орын) медиалары Украинадағы соғыс туралы ақпарат таратпайды.

Сөз бостандығы бойынша алғашқы үштікте — Норвегия (1-орын), Дания (2-орын) және Швеция (3-орын). Ондықта КСРО құрамында болған екі мемлекет бар — Эстония (4-орын) және Литва (9-орын).

Есеп авторларының айтуынша, Еуроодақ елдерінде жақсы көрсеткіш орнағанына қарамастан, теріс үрдістер де бар. Германияда (16-орын), Францияда (26-орын), Италияда (58-орын) және Нидерландыда (28-орын) журналистерге шабуыл жасалған, сонымен қатар, Еуропада кейбір журналистер жеке басты қорлау мен қорқытуларға тап болған.

RSF дерегінше, Словения (54-орын), Польша (66-орын), Венгрия (85-орын), Албания (103-орын) және Грекия (108-орын) үкіметі журналистерге қатысты заңдарды қатаңдатқан.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz