Ресейде журналистердің үйіне тінту жүргізілді

Ресейдің бірнеше облысындағы журналистердің үйіне тінту жүргізілді. Олар Украинада тұратын экс-депутат Илья Пономаревпен Ресей әскері туралы фейкке байланысы бар деген күдікке ілінген. Бұл туралы BBC хабарлады.

Әзірге тергеу жүргізілгені туралы ресми ақпарат жоқ, дегенмен мемлекеттік ақпарат агенттіктері дереккөздерге сілтеме жасап, журналистер Илья Пономарев құрған «Утро Февраля» Telegram арнасының редакторларымен байланыста деген күдікке ілінгенін жазды. 

8 қыркүйек таңертең Екатеринбургте тәртіп сақтышылары «Вечерние ведомости» басылымының бас редакторы Владислав Постниковты үйіне іздеп келген. Видеоға қарағанда, олар журналистің пәтерінің есігін бұзып кірген, бірақ ішінен ешкімді таппаған.

It’s My City жергілікті басылымның жариялаған тінту туралы сот үкімінде Постников Пономаревке Ресей армиясын «қаралау» үшін пайдалануға белгілі бір материалдарды берді деген болжам бар. Осығын байланысты қауіпсіздік күштері Постниковтың пәтерінен «қылмыс жасауға, яғни құжаттарды жолдауға қолданған құрал-жабдықты» іздеген.

Владимир Постников адвокатпен бірге полицейлерге өзі барған. Журналист бұрынғы депутат Илья Пономаревты танымайтынын, оның Telegram арнасын жүргізбейтінін айтқан. «Утро февраля» арнасының авторлары да Постниковтың сөзін растады: «Әскер туралы фейктермен» күресу деген сылтаумен аймақтарда тәуелсіз журналистиканы толық тазарту жүріп жатыр. АӘО (СВО) туралы ма, әлде аймақтағы күн тәртібін жазып жатыр ма, маңызды емес — билік бақылауында емес журналистің барлығы соққы астында қалды».

Сонымен қатар Мәскеуде тәртіп сақшылары фотограф Руслан Сухушиннің үйін тінтіген. Бұл туралы фотографтың әйелі «ОВД-Инфо» құқық қорғау порталына хабарлады. Оған қызметкерлер Руслан Сухушиннің «Ресей армиясын жамандайтын» жазбалары және «Илья Пономаревпен байланысы» үшін тергеу жүргізіп жатқанын айтқан. Бұған қоса Русланнан «әскерге қатысты фейктер» бойынша куәгер ретінде жауап алған.

«ОВД-Инфо» порталы Ростов-на-Донуда RusNews журналисі Белла Насибянның үйінде тінту жүргізілгенін хабарлады. Оған дейін журналист банк шоттары бұғатталғанын анықтаған. Насибяннан да куәгер ретінде жауап алып, кейін босатқан.

Қауіпсіздік күштері Орлов облысындағы журналист Сергей Носов пен Мәскеу облысының Реутов қаласында тұратын «Орлец» порталының әкімшісі Виктор Зыряновтың да пәтерін тінтіген. Сонымен қатар, Түменде «Тюмень-Про» порталының бұрынғы редакторы және «Сибирь.Реалии» журналисі Юлия Глазоваға да тінту жүргізілді.

Осы тергеу әрекетінің барлығы Пономарев ісіне қатысты болуы мүмкін. Дегенмен бұдан бөлек экс-депутаттың қылмыстық қудалауына еш қатысы жоқ тағы бірнеше журналисті тінтігені де белгілі болды.

Илья Пономарев деген кім?

Илья Пономарев — саяси белсенді, мемлекеттік Думаның экс-депутаты. Бұрын ол Ресей Федерациясының коммунистік партиясында болған, кейін “Справедливая Россия” ұйымына өткен. Алайда оған “Соколово” қорының қаражатын жымқырды деген айып таққан, біраздан соң лауазымындағы міндетін орындамағаны үшін депутат мандатынан айырған.

Қазір Пономарев Украинада тұрады, 2019 жылғы мамырда Украина азаматтығын алған. Бүгінде ол — Ресей билігіне және Ресейдің Украинаға басып кіру әрекетіне ашық қарсылық танытушылардың бірі. Осыған дейін Пономарев ресейлік журналист Дарья Дугинаның өлімі “Ұлттық республикалық армиямен” байланысты екенін ашық айтқан.

Ал Ресейдегі журналистердің үйін тінтуге байланысты ол: “Дұрыс жерден іздеп жатқан жоқсыңдар! “Утро Февраля” сеткасы барлық өңірдегі жұмысын жалғастырады. Олардың саны — 34. ҰРА ұяшықтарын өңірлік журналистерден іздесеңдер, біз ойлағаннан да ақымақ екенсіңдер”, — деді.

Factcheck.kz